Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алланың мейірімі
14 наурыз, 2016 жыл 7079 Басып шығару нұсқасы
jpn9tpcatqYАлланың рақымы мен мейірбандығы турасында тоқтаусыз айтуға болады. Құрандағы барша сүренің «Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим» деп басталуы бәрінен бұрын Алланың рақымдылық сипатынан хабар береді. Алланың Рахман және Рахим есімі рақымдылыққа тән бүкіл сипаттарды қамтиды. Абай атамыз: «Рақымдылық, мейірбандылық, уа әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді, демек бұлар – жүрек ісі, асықтық та – жүрек ісі. Тіл жүректің айтақанына көнсе, жалған шықпайды», – деген.

Жер бетіндегі тіршілік атаулының (құстардың самғауы, ағаштардың жер қойнауынан бой көтеріп, көкке шырқап өсуі, судың сарқырап ағуы, алып күннің күлімдеп сәуле шашуы, ағаштардың иіліп жеміс беруі, тіпті, жан-жануардың төліне мейіріммен емірене қарауы) бәрі де Алланың Рахман есімін дәріптейді. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде: «Алла Тағала имандарыңды жоймайды. Еш күмәнсіз, Алла адам баласына тым жұмсақ, аса рақымды» десе, «Ағраф» сүресінде: «Менің рақымым барлық нәрсені тегіс қамтиды» деп Алла рақымшылығының баршаға тән екендігі баяндалған. Шын мәнінде, Алланың шексіз рақымшылығы болмаса жер бетінде тіршілік атаулы болмас еді.

Алла Тағаланың рақымдылығы жайлы бір хадисте «Алла жаратылысты жаратпастан бұрын рақымдылықты өзіне жазды және «Расында, менің рақымдылығым азабымнан жоғары» деген. Сондай-ақ, Алланың аса рақымдылығын айқын көрсететін көптеген хадис келтіруге болады: Алла елшісі (ﷺ): «Алланың атымен ант етейін, Алланың құлына деген мейірім-шапағаты бір ананың баласына деген мейірімділігінен сан есе үлкен». «Кәһф» сүресінің 57-58 аяттарында: «Раббың өте жарылқаушы мәрхамат иесі» деген. Игілікке ұмтылған әрбір жан Алланың жарылқауына бөленеді. Бұл туралы хадисте былайша айтылады: «Алла Тағаланың жүз рақымы бар. Тоқсан тоғызын өзінің жанында сақтады. Дүниеге тек бір рақымын түсірді. Жаратылыстың бір-біріне деген мейірім-рақымы, ананың балаға деген мейірімі, жануарлардың өз төлдеріне жұмсақтығының бәрі осы бір рақымның себебімен. Қиямет болған кезде Ол бір рақымын тоқсан тоғызға қосып, жүз рақымдылық етіп ашады. Әрбір рақымдылығы жер мен көктің кеңдігіндей. Ол күні шынайы мағынада жазаға лайық болғандар ғана құрдымға кетеді». Алланың рақымына бөленудің бірден-бір жолы – тәубе ету. Алла елшісі (ﷺ) бұл жайлы көптеген хадистер қалдырған. Абу Хамза Анас ибн Мәлік (р.а.) Алла елшісінің (ﷺ) мына сөздерін келтіреді: «Сендерден біреу шөл далада мініп келе жатқан, үстіне бүкіл тамағы және суы бар түйесі жұлынып қашып кетіп, ол оны табуға үміті үзіліп, (өлімге әзірленген күйі) бір талдың көлеңкесіне келіп жатты. Сондай жағдайда жатқанда кенеттен оның түйесі жоғалтқан бүкіл азығымен жанынан табылады. Сонда ол түйесінің жібінен ұстап: «Я, Раббым, сен – менің құлымсың, ал мен – сенің Тәңіріңмін!», - деп қуанғанынан сөздерін шатастырып алады. Осылай қуанғанынан тәубе еткен құлы қалай шатасса да, Алла құлының тәубесіне одан да артық қуанады». Алланың райынан қайтқан құлға қуануы, оны мейірбандығымен рахмет құшағын жая қарсы алуы, адам қуанышының сыртқы жағында қалады.

Құран Кәрімде Ухуд соғысына қатысты түсірген аяттан Алланың құлдарына тәубе етуді бұйырғанын көреміз. Бір қауымды залым патша тірідей отқа өртеп, ор қазып, қыз балаларын көмген еді. Алла ол туралы «Буруж» сүресінің  10-аятында: «Негізінде мүмін ерлер, мүмін әйелдерге жапа беріп, сосын тәубе қылмағандар, оларға тозақтың азабы, жандыратын азап бар» деген. Яғни, Алла сондай ауыр қылмыс жасаған құлдарына да өз мейірбандығын үзбей тәубе шартын қойып отыр. Осыған қарап, Алланың құлдарына деген мейірбандығына тамсанғаннан басқа шара жоқ. Алла құлдарына деген мейірбандығын бөле жармайды. Ол бүкіл құлдарына рахмет есігін ашады. Ол күндіз күнә жасаған пендесін кешіру үшін түнде рахмет қолын созады. Түнде күнә жасаған пендесін кешіру үшін күндіз рахмет қолын созады. Алла ешбір құлына өзінің мейірбандығын кешірімділігін білдірмей азаптамайды. Қасиетті Құранымыздың «Нұр» сүресінің 10-аятында айтылғандай: «Егер сендерге Алланың кеңшілігі, мәрхаметі болмаса (не болар еді?), Расында Алла, тәубелерді қабылдаушы, аса дана».

Алланың мейірімділігі сондай, «Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшыратылмайды.» («Әнғам» сүресі, 160 аят).  «...Адамдарға Алла мейірімді екені даусыз, бірақ көпшілігі соған шүкіршілік етпейді» («Жүніс» сүресі, 60 аят).

 

Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы

«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы, Шет ауданы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары