Табиғин хадисшілерінен болған Әли ибн Рабиға былай дейді:
Әзіреті Әлиге (р.а.) бір мініс көлігін алып келген еді. Ол аяғын үзеңгіге сала бере «бисмилләһ» деді. Сосын көлікке мініп, жайғасқан соң «әлхамдулилляһ» деп артынша:
«Бұны бізге бағындырған Аллаһ Тағала күллі кемшілік атаулыдан пәк. Өйткені, біз бұған жақындай алмас едік. Күдіксіз баршамыз Раббымызға қайтарыламыз», – деді («Зұхруф» сүресі, 13-14-аяттар).
Арабшасы:
سُبْحَانَ الَّذِي سَخَّرَ لَنَا هَـٰذَا وَمَا كُنَّا لَهُ مُقْرِنِينَ وَإِنَّا إِلَىٰ رَبِّنَا لَمُنقَلِبُونَ
Содан кейін үш рет «әлхамдулилляһ» деді де:
«Аллаһ Тағалам! Сен барлық кемшіліктен пәксің! Мен өзіме зұлымдық қылдым, мені кешіріп, жарылқа. Өйткені сенен басқа күнәларды кешіруші ешкім жоқ», – деген дұғаны оқыды да күлді.
Арабшасы:
سُبْحَانَكَ إِنِّى ظَلَمْتُ نَفْسِى فَاغْفِرْلِى إِنَّهُ لَا يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلاَّ أَنْتَ
Жанындағылар:
«Уа, мүминдердің әміршісі! Не үшін күлдің?» – деп күлу себебін сұрады.
Сол кезде Әзіреті Әли (р.а.):
«Бір кездері мен де Пайғамбарымыздың ﷺ дәл осылай істеп, күлгеніне куә болған едім. Мен де сендер секілді Пайғамбарымыздан ﷺ не себепті күлгенін сұрадым. Сонда Алланың Елшісі ﷺ былай деп жауап берді:
«Сенің Раббың:
«Аллаһым! Күнәларымды кеш! Өйткені, сенен басқа күнәларды кешіруші ешкім жоқ!» – деп дұға еткен құлына разы болады.
Осы дұғадан кейін Аллаһ Тағала:
«Құлым, күнәларды менен басқа ешкім кешірмейтінін білді», – деді (Әбу Дәуід, Тирмизи, Ахмад бин Ханбал, Хаким).
Міне, күнде көлігімізге мінген сайын Аллаһ Тағаланың разылығына бөленетін біз үмбет қандай бақыттымыз!
Пікірлер