Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Күнәларды жоятын амалдар
04 ақпан, 2016 жыл 310 Басып шығару нұсқасы
 

Күнә істегенде Алладан кешірім сұрау абзал. Әрбір күнәні жоятын амалдар жайлы көптеген хадистер бар. Бүгінгі мақалада Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін негізге алып, күнәларды жоятын амалдарды жазамыз. Басты амал Аллаға сену, оның жалғыз екеніне сену, Ислам дінін қабылдау. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер Алланың құлы Ислам дінін қабылдап және Ислам ол үшін жақсы болса, онда Алла оның Ислам дінін қабылдағанға дейінгі барлық күнәларын кешіреді» (имам Бұхари).

 

Қажылық

Амр ибн Астың (Алла оған разы болсын) Ислам дінін қабылдағаны туралы оқиғада ол былай дейді: «Алла менің жаныма исламды енгізгенде, мен Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп былай дедім: «Оң қолыңды соз, мен саған иілемін». Ол оң қолын созды, бірақ мен өз қолымды жұдырықтадым. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «О, Амр, саған не болды?» деп сұрады. Мен: «Мен шарт қойғым келеді» дедім. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай шарт?». Мен: «Мені Алланың кешіргенін қалаймын» дедім. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «О, Амр, сен білмеуші ма едің, Алла исламды қабылдаған жанның оған дейінгі барлық күнәларын кешіреді, сол секілді үлкен қажылық та оған дейінгі барлық күнәларды кешіреді» деді (имам Мүслим).

 

Бес уақыт парыз намаздары мен жұма намазы

Алл елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бес парыз намаз бен жұма намазына қатысу сол намаз арасында жасалған үлкен күнәдан басқа кіші күнәларды кетіреді» деген (Мүслим).

 

Дәрет алғаннан кейінгі оқылған намаз

Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сіздердің кез-келгендеріңіз арнайы су дайындап, сосын ол сумен аузын және мұрнын жуса,  сол сумен бірге ауыздың және мұрынның істеген күәлары жуылады! Кейін Алла мегзегендей сол сумен бетін жуса, онда сол сумен бірге беттің және сақалдың күнәлары жуылады! Егер ол сол сумен қолдарын білекке дейін жуса, онда сол сумен саусақтың ұшынан бастап, білекке дейінгі істелген күнәлар жуылады; егер басына мәсих тартса, сол сумен шаштың ұшынан бастап, басының істеген күнәлары жуылады; егер сол сумен аяқтарын тобығымен жуса, онда сол сумен бақайларының ұшына дейінгі аяқтың жасаған күнәлары жуылады. Егер осыдан соң, Аллаға шүкір етіп,  Аллаға мадақ айтса, жүрегін және ойын дүниелік ойлардан тазартып, Алладан басқаны ойламай, Алла разылығы үшін намаз оқыса, онда ол күнәларының барлығынан кешіріліп, анасынан жаңа туылған сәбидей пәк күйде болады» (имам Мүслим).

 

Түнгі намазға тұру

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Сіздерге түнде құлшылықты арттыру қажет. Өйткені, сендерге дейін өмір сүрген таұуалар осылай істейтін және түнгі намаз сендерді күнәға апаратын жолдан тайдырып, Аллаға жақындатады» (Әл-Хаким).

 

Мешіттегі және жамағатпен бірге болған құлшылық

Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткен: «Намаз оқу мақсатында дәрет алып, жамағатпен бірге парыз намазына немесе өзі оқу үшін мешітке жаяу барса, Алла оның күнәларын кешіреді» (ан-Насаий).

 

Мешітке жаяу бару

Алла елшісі: «Өз үйінде дәрет алып, сосын Алланың бұйрықтарының бірін істеу үшін Алла үйіне жаяу бет алса, оның әр басқан қадамынан оның жасаған күнәлары алынып отырады, ал келесі қабамы үшін дәрежесін өсіреді» (имам Мүслим).

 

Рамазан айында ораза тұту

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла разылығын алу мақсатында Рамазан айында ауыз бекіткеннің бұрыңғы күнәлары кешіріледі» деп айтқан. (имам Бұхари, имам Мүслим).

 

Рамазан айындағы және қасиетті саналған түндердегі құлшылық

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алланың разылығы үшін Рамазан айының түндерін құлшылықпен өткізсе, оның күнәлары кешіріледі. Егер Кімде-кім Алла разылығы үшін Қадір түнін Аллаға сенім мен үміт орнап, құлшылықпен өткізсе, оның күнәлары кешіріледі» деген. (Ан-Насаий).

 

Арафа күнгі ораза

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Арафа күнгі ораза осы және өткен жылы жасалған күнәларды жуып, шаяды» деген. (Мүслим).

 

Ашура күнгі ораза

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Ашура күнгі ораза өткен жылы жасалған күнәлардың жойылуына себеп» (Мүслим).

 

Умра және үлкен қажылық

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бейпіл сөздер айтпай, еш күнә жасамай қажылық еткен адам, анасы жаңа туған сәбидей тап-таза болады» деген. (Бұхари, Мүслим).

 

Сондай-ақ, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Умра қажылығын келесі Умра қажылығына дейін өтеген адамның, осы екі уақыт аралығында істелген күнәлары кешіріледі» деп айтқан.

 

Қайырымдылық

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Су отты сөндіргеніндей, қайырымдылық күнәларды кетіреді» деген. (Ахмад, ат-Тирмизи).

 

Сабырлық

Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа қайғы төнгенде сабырлылық таныту турасында көптеген хадистері жеткен. Солардың бірі: «Аса ұлы және қудыретті Алла айтады: «Егер де мен құлдарымның біріне сынақ берсем (ауру түрінде), ол сол сынаққа шыдап Маған шүкірлік танытса, ол қайғыдан айыққанда анасының құрсағынан шыққандағыдай күнәсіз күйде болады». Алла айтады (періштелерге): «Мен Өз құлдарымның мүмкіндіктерін шектеп, оларды сынаймын. Сол үшін оларға дені сау кезінде қандай сый көрсеткен болсаңдар, сынақ кезінде де сондай сыйды жазыңдар» (Ахмад, ат-Тирмизи).

 

Сөзбен және әрекетпен сәлем беру

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, бір мұсылман басқа мұсылманды кездестіргенде оның қолын алып, «ас-Саляму-Алейкум» деп амандасса, жапырағынан айырылған ағаштай олардың күнәлары жоқ болады» деген.(ат-Табарани, әл-Альбани).

 

Алланы еске алу

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім күніне жүз рет «Барлық мақтау-мадақтар Аллаға лайық, Алладан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ол Жалғыз, әрі Оның серігі жоқ. Билік Оған тән, әрі мақтау-мадақ Оған лайық, Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді» («Ля иляха илля-ллаху уахдаху ля шарика лях, ляху-ль-мульку уа-ляху-ль-хамду уа хууа аля кулли шей’ин кадир) десе, ол он құлды босатқандай сый алады, оған жүз игі амал жазылады, оның жүз жаман амалы өшіріледі және олар сол күні кешке дейін шайтаннан қорғаныш болады, және де осы сөзді оданда көп айтқан кісіден басқа ешкімде оған жамандық істей алмайды» деген (Бұхари, Мүслим).

 

«Субхәнәл-Лаһи уә бихамдиһ!» жүз рет айту

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер адам «Алла (кемшілік атаулыдан) Пәк әрі мақтау-мадақ Оған тән» (Субхәнәл-Лаһи уә бихамдиһ) деп таңертең және кешке жүз рет қайталайтын болса, онда Ақырет Күні  осы үшін берілген сауаптан лайықтырақ нәрсені осы сөздерді сонша рет, немесе одан да көбірек рет қайталаған адам ғана әкеле алады». (Муслим).

Парыз намаздарынан кейін Алланы зікір ету

Алла елшісі оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әр парыз намазының соңынан отыз үш реттен «Субхана-Ллах», «Альхамду ли-Ллах» және «Аллаху акбар» деп, жүзіншісінде «Ля иляха илля-ллаху уахдаху ля шарика лях, ляху-ль-мульку уа-ляху-ль-хамду уа хууа аля кулли шей’ин кадир» десе, онда сол адамның күнәлары теңіздің көпіршігіндей болса да барлық күнәлары кешіріледі» деген. (Муслим).

 

Түкетаев Ардақ Әділханұлы

Ақтоғай аудандық орталық мешітінің бас имамы

 

 

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары