Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ДІНАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ
24 қазан, 2016 жыл 498 Басып шығару нұсқасы

Татулық бар жерде береке жүреді. Біздің қоғам әрқашанда татулық және достық деген кезде жұдырық болып жұмылып, ынтымақ бірлігі жарасып келген. Осы ретте достық, мейірбандылық, ізгілік, ынтымақтастық сынды ізгі қасиеттерді ұлықтауда «Біз – бір елміз, біртұтас халықпыз» деуге әбден негіз бар. Ислам діні қандай тамаша болса, оның мақсаттары да тамаша. Ислам діні достық, бейбіт дін болса, оған апаратын жолдар да дәл сондай болмақ. Біздің дініміз Алланың рақымына бөленер барша жақсылықты насихаттайды. «Уа, Адамзат! Біз сендерді бір еркек пен бір әйел жараттық. Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұлттарға бөлдік. Араларыңдағы ең ізгілерің тақуалықта тым жоғары болғандарың» (1) делінген қасиетті Құранда. Әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын елімізде татулық пен бірлікті орнату барша мұсылманға парыз. Ислам діні өзінен басқа діндер мен барша ұлттарға сыйластықпен қарайды. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмір жолында кәпір болсын, мүшрик болсын татулық пен жарастықта өмір сүргенін көреміз. «Бір күні Алла елшісі (ﷺ) қайтыс болған яһудиді жерлеуге бара жатқанын көргенде, орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Қасындағы сахабалары оның яһуди екендігін айтқанда, «Кім болса да жан иесі емес пе?», - деп тамаша жауап қатқан екен (2). Пайғамбарымыз (ﷺ) ешкімгі ұлты, діні деп бөліп жарып қарамаған. Алла тағала: «Біз сені әлемдерге рақым нұры шуағы етіп жібердік» (3), - деп, пайғамбарымыз Мұхаммедті (ﷺ)  жер бетіне мейірімділік пен көркем-мінездің үлгісі етті. Алла елшісінің (ﷺ) бойындағы барша қасиеттерді бүкіл елдің, ұлттың бойынан табуға болады. Ислам діні пенделерді тек иман дәрежесі мен тақуалығы арқылы ғана ажыратады.

Қазақ елі көптеген ұлттар мен этностардан құралған. Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылда бейбітшілік пен келісім орнап, елге сырттан қауіп-қатер төнбей, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Бұл елімізде ұлттық және конфессияаралық саясаттың халықаралық қауымдастықты қызықтыратын ерекше маңызды ұсыныстарды жасауына байланысты деуге болады. Жаһандану заманында халықтардың ынтымақ-бірлікте өмір сүруі өте маңызды. Осы жолда асыл Пайғамбарымыздан (ﷺ) өнеге алу әркімге қажет-ақ. Алла елшісі (ﷺ): «Нағыз мұсылман өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» (4), - деген. Абдул Азиз әш-Шами «Пайғамбардың (ﷺ) мұсылман емес адамдармен жасаған мәмілесі» атты кітабында былай дейді: «Мұхаммед (ﷺ) отыздан астам хадисінде сахабаларына (татулықта) уәделескен өзге дін өкілдерінің құқықтарының сақталуы жайында қатаң тапсырды. Соның бірі: «Кім уәделескен кісіні (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамын) өлтірсе, ол жәннаттың исін де сезбейді. Әрине, жәннат исі қырық жылдық қашықтықтан келіп тұрады» (5), - деген. Яғни, өзара татулық үлкен жеңіске алып барады. Ол жеңіс – пенденің Алла алдындағы жүзінің жарқын болуы.

Дінаралық татулық туралы айтқанда адамзаттың көрші, туыс, бауырымен қарым-қатынасы туралы да сөз қозғаған абзал. Бірде Әбүл-Хайсам: «Менің кей көршілерім арақ ішеді. Осыларды ұстап беріп, бір жазалатсам ба екен?», - дейді. Ұқба ибн Амр: «Қой, олай жасағаның жөн болмас. Одан да оларға насихат айт», - деп ойын білдіргенде, Әбүл-Хайсам: «Қайдан, мені тыңдар емес. Әй, жазалатқан дұрыс ау...», - депті. Сонда Ұқба ибн Амр: «Жоқ, ондайға бармағаның абзал, өйткені мен Алла елшісінің: «Кімде-кім бауырының айыбын жапса, тірідей топыраққа көмілген қыз баланы аман алып қалғандай сауапқа кенеледі» дегенін естіп едім,» (6) - деген жауаппен сабырға шақырған екен. Бұл хадистен айтпағымыз, өзге ұлт өкілдері спирттік ішімдікке әуес деп, одан бойымызды алып қашпай, керісінше Ислам дінінің құндылықтарын насихаттап, адасқан пендені тура жолға салуға әрекет еткен абзал болмақ. Өйткені, мұсылман баласы әрдайым жүрегі таза, тілі жұмсақ, көкірегі ояу болуы шарт. Ибн Масғұд (р.а.) айтқан екен: «Құран жолын ұстанғандар түнде жұрт ұйықтап жатқанда – ояу болуы, күндіз жұрт ішіп-жегенде – ораза ұстауы, олар көңіл көтеріп жатқанда – ой құшағында болуы, басқалар көкіректенгенде – қарапайымдылық танытуы керек. Құран жолындағылар көкірегі мұңды, көзі жасқа толы болуы керек. Хикмет, ілім, даналықты бойына сіңіруі ләзім. Олар аз сөйлейді. Ғапылдық, сабырсыздық оларға тән емес» (6). Осындай игі қасиеттерді бойда сақтағанда елде иманды, тақуа жандар қатары артпақ. Сонда елі тыныш, басына береке қонған, салиқалы ұрпағы бар Қазақстан мемлекетінің тамыры тереңдей бермек!

 

1. «Хужурат» сүресі, 13-аят.

2. Табарани.

3. «Әнбия» сүресі, 107-аят.

4. Мухаммад ибн Исмайл Әбу Абдулла Бұхари әл-Жуғфи

5. Мансұров Б. Дін – насихат. Астана-2015

6.Бағашар Қ. Тағылым таразысы

 

Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы

«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы, Шет ауданы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары