Мәулана Жалаладдин Румидің жаман мінезді адамды сипаттаған мына бір хикаясы қандай ғибратты десеңізші.
Баяғыда бір адам жолға тікен еккен екен. Уақыт өте келе тікендері өсіп, өткен адамның аяғына батып, киімін жыртып, жүруіне кедергі келтіріпті. Әлгі жерден өткен әрбір жан тікен еккен адамға ескертіп, тікендерді жұлып тастауын сұрайды екен. Алайда адам «кейін жұлып тастармын» деп, өзінің жастық күшіне сеніп, бұл істі ертеңге қалдыра беріпті. Ақыры, адамдар сол аймақтың әкіміне дейін шағынданыпты. Әкім әлгі жігітті шақырып алып: «Балам, еккен тікендеріңді жұлып таста. Қарасаңшы халықтың аяғын жаралап, киімін жыртып жатыр. Жылдам жұл тікендеріңді», - депті. Бірақ әлгі жігіт жастығына сеніп, бұл істі тағы да ертеңге қалдыра беріпті. Күндер артынан күн, айлар артынан ай, жылдар артынан жыл өтіпті. Тікен еккен адам қартайып, бойынан қуаты кете бастапты, ал еккен тікендері тамырын тереңге жайып, қуаттана түсіпті. Ақыры күш-қуаттан айрылған шалдың тікендерді жұлуға шамасы да келмей қалады.
Адам шіркін дер кезінде білсе ғой, әрбір тікеннің жүрегімізге тамыр жая енген жаман мінез бен күнә екенін әрі арылуы кешіктірілген сайын рухани әлеміміз бен адами қасиеттерімізді жоқ қылатынын.
Пікірлер