Алла Тағала бізге көркем өнеге етіп жіберген пайғамбарлардың сұлтаны Хазреті Мұхаммед Мұстафаға (ﷺ) Әзірейіл періштеден хабар келіп, арғы дүниеге аттануға дайындалады. Ол өмірінің соңғы сәтінде жүрегінің бөлшегі, сүйікті қызы болған Фатиманы (р.а) қасына шақырып, құшағына қысып, көзіне жас алды. Сол сәтте қызына мына бес күндік жалған өмірді тастап, Раббысына қауышатын кез келгенін жеткізеді. Әрине, жанына жақын болған қызымен қоштасу ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) үшін оңайға түспеді. Әкесінен айырылатынын естіген Фатима да жылап жіберді. Артынша, Расулалла мұңға батқан қызын қайта шақырып алып, оның да алты айдан кейін бұл өмірмен қош айтысып, өзіне оралатынын жеткізеді. Осыны естігенде барып Фатиманың жүрегі орнына түсті.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) дүниеден озғанына 6 ай өткенде Фатима да (р.а) әкесінің қасына баруға дайындала бастады. Ол үйін ретке келтіріп, көзінің нұры болған ұлдары Хасан мен Хусейнді (р.а) жуындырып, хош иісті май жағып, балаларының киімдерін жуып, тазалады. Солар үшін нан пісіріп, артық тамақтарын дайындап ұлдарының қамын жасап жүр. Осы уақытта жары Әли (р.а) де үйге келед. Мұны көрген жұбайы әйеліне былай деп тіл қатты:
«Бұл не қылған жасырын дайындық? Уа, менің сүйікті жарым және Пайғамбарымыздың (ﷺ) қызы , күйеуіңнің рұқсатынсыз қайда жиналдың?».
Сонда Фатима:
«Менің адал досым, өмірімнің шырағы! Сенің алдыңда айыптымын! Қонағым асықтырып жатыр. Менің мәңгілік мекенге қауышар сәтім келді. Жер әлеміндегі ғұмырым аяқталды. Бұл қылығым үшін кешірім сұраймын, мен кеткен соң қос құлыныма қарар ешкім болмайды ма деп қорқып, үй шаруасын ыңғайластырып қойдым».
Түкке түсінбей, ойы сан саққа кеткен Әли таңқалған түрмен:
«Уа, Хазреті Пайғамбардың (ﷺ) қызы, менің Алла қосқан жарым! Ардақты елші (ﷺ) кеткелі Раббымыздан бірде-бір хат келмеді. Мұны саған кім айтты, Алладан басқасына белгісіз ажалдың келгенін қалай білдің?».
Фатима әңгімесін әрі қарай жалғастырды:
«Дәм-тұзымның таусылғанын ардақты Пайғамбар өзі ескертті. Түсімде әкем: «Менің сүйікті қызым, асыққайсың... Жұмақтың қақпасы саған ашық. Анаң екеуміз сені қатты сағындық. Жолға шығуға дайындал деді!».
Істің мән жайын енді түсінген Әли қатты жылап тұрып: «Бір-біріне ғашық екі жұптың айырылғанынан артық қайғы бар ма?!», - деп шарасыз күйде қала берді.
Екеуара әңгімеден кейін Фатима екі ұлын тізесіне алып, кезек-кезек құшағына қысып, сүйе берді. Ол Хасан мен Хусейнге қоштасатын уақыт жеткенін айтып, оларға анасы сияқты қарайласатын ешкімнің болмайтынын айтып түсіндірді. Осының барлығын сыртынан бақылап тұрған Әли ақиқаттан аттап кете алмайтынын сезініп:
«Уа, менің сүйіктім, Пайғамбардың (ﷺ) сүйіктісі! Мұның барлығы шын болатын болса, саған бір іс тапсырайын. Әкеңмен жолыққанда менің сәлемімді жеткізе бар және менің қиын жағдайда екенімді айт.
Саған деген қарым-қатынаста ағат кеткен жерлерімді кешіргейсің және Пайғамбарымызға(ﷺ) ол кемшіліктерді айта көрме. Кедей тұрғандықтан, саған лайық болардай құрмет көрсете алмадым. Әкеңнен маған разы болуын сұра. Сонымен қоса Қиямет күні маған көмекші әрі арашашы бол. Сол күні мені қанатыңнын астына ала гөр», - деп ақырғы сөзін айтты.
Жұбайының сөзінен кейін Фатима (р.а):
«Уа, менің сүйікті жарым, Раббысының семсері! Егер сен айтарыңды айтып болсаң, менің де өзіңе айтар өтінішім бар еді. Ақтық сапарға шығарып саларда мені жуындырып, ақ кебінге орап, өз қолыңмен қара жерге тапсыр. Менің құрбыларым мен жетімдерді көргенде, мені есіңе ал. Біздің көзіміздің қарасы болған сүйікті ұлдарымызды ренжітпе. Мені, Пайғамбар (ﷺ) мен Хадишаның (р.а) қыздарын ұмытпағайсың. Мен сенің жұбайыңмын, ұмытпа! Мейірімі шексіз Алладан менің күнәларымды кешсін деп кешірім сұра. Қазір мені әкем мен Әзірейіл және басқа періштелер күтіп тұр. Анау тұрған қобдишаны ашып, ішіндегі матаның қиындысын кебініме сал, бірақ ол матада не жазылғанын қарай көрме. Онда құпия келісім бар, жария болмасын», - деп аманаттады.
Әли (р.а) Фатимадан Пайғамбарымыздың (ﷺ) атымен жалынып, шүберекте не жазылғанын айтуды өтінеді.
Фатима жарынан жасыра алмай, құпия келісімнің сырын ашты:
«Әкем мені өзіңе тұрмысқа берер алдында, мәхр (күйеу жігіттің қалыңдыққа беретін сыйлығы)көлемін төрт жүз дирхем деп белгілеп, тұрмыс құруға келісесің бе?, - деп сұраған болатын. Мен болсам сенімен бас қосуға қарсы емес екенімді, алайда мәхрдың көңілімнен шықпайтынын айттым. Сол сәтте Жәбірейіл періште келе қалып, әкеме: «Алла Тағала осы мәхрге қосымша Жұмақты уәде етті!», - деп Раббымнан хабар әкелді. Алла елшісі (ﷺ) менен: «Енді разымысың?», -деп сұрады. Мен сонда да бас тарттым. Әкем маған ашуланып: «Бұдан басқа не қалайсың сонда?», - деп ұрысып тастады. Мен: «Маған өзің қатты алаңдайтын әйелдер қауымын құтқаруды мәхр етіп берсе жеткілікті», - деп қалауымды айттым. Осы мезетте Жәбірейіл періште көкке көтеріліп, Алладан мәхрмен, яғни дәл осы шүберекке қойылған мөрмен оралды». Мен оны Жаратушы Иеме көрсетемін, ол маған Пайғамбар(ﷺ) үмметін құтқаруға келісім берді».
Осы бір таңғажайып жайттан кейін Фатима анамыз (р.а) жары, балаларымен қоштасып, ақ кебінге оранып ақ күйінде, Хақ Аллаға пәк күйінде оралды. Раббым, қиямет күні оның арашасына лайық болуды жазғай! Ин ша Алла!
Пікірлер