Сахаба Әбу Хурайраның шәкірттерінің бірі болған Абдуллаһ әр-Руми айтуда:
Бір күні Әбу Хурайра Мәдина базарына барып:
- Уа, базар халқы! Үлестеріңді алудан не тосты сендерді? – деп жар салады. Бұған түсінбеген халық:
- Аманшылық па, Әбу Хурайра? Нені меңзеп тұрсың? – деп сұрайды. Әбу Хурайра:
- Анау жақта Пайғамбарымыздың ﷺ мирасы үлестіріліп жатыр. Сендер болсаңдар мына жерде отырсыңдар. Барып үлестеріңді алсаңдар қайтер еді?
- Пайғамбарымыздың ﷺ мирасы қай жерде үлестіріліп жатыр?
- Мешітте!
Мұны ести сала халық Пайғамбар мешітіне қарай жүгіре бастады. Ал Әбу Хурайра сол жерде олардың қайтып келгенін күтті. Мешітке қарай жүгіріп кеткен халық көп ұзамай қайта қайтып келді. Бұларды күтіп тұрған Әбу Хурайра:
- Не болды, тыныштық па? – деп сұрады. Олар да:
- Әбу Хурайра, мешітке бардық. Бірақ үлестіріліп жатқан ештеңе көрмедік!
- Сонда Пайғамбар Мешітінен ешкімді көрмедіңдер ме?
- Көрдік, бірақ көргендеріміздің біреулері намаз оқып жатты, енді біреулері Құран оқып жатыр. Тағы біреулері халал мен харам мәселесінде пікір алмасып, талқылап жатты. Алайда, мирас үлестіріп жатқан ешкімді көрмедік, – дейді. Сонда Әбу Хурайра:
- Өкінішті-ақ! Пайғамбарымыздың ﷺ мирасы бұлар емей, немене енді? – деп кейіиді!
Дүниемен ғана өлшене бастаған мирас ұғымының расымен де ілім-ғылым жағы ұмыт қалуда. Алла оған разы болсын, Әбу Хурайра мұнысымен мирастың дүниеге ғана қатысты емес екенін ұғындыруда. Оның бұл әрекеті Пайғамбарымыздың ﷺ «Ғалымдар – Пайғамбарлардың мирасқорлары» деген хадисін меңзеуде. Ал Пайғамбарлардан дүние мирас боп қалмады. Пайғамбарлардан тек ілім ғана мирас, ілім ғана мұра боп қалған. Ендеше Пайғамбар мұрасынан құр қалмайық.
Салтан САЙРАНҰЛЫ
Пікірлер