Тілдік нұсқа
Радио

мақала

АЙТ МЕРЕКЕСІНДЕ НЕНІ ЕСКЕРУ ҚАЖЕТ?
04 шілде, 2016 жыл 2780 Басып шығару нұсқасы

Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті шуағы мол мереке. Алланың разылығы үшін ораза ұстаған жамағатты енді айт мерекесі күтіп тұр. Ал, осы Ораза айт мерекесінде ескеру қажет бірнеше жайттар бар:

  • Сәресі ішілмейді. Оразаның соңғы күні, яғни айттың алғашқы таңындағы сәресі ішілмейді. Көпшілік арасында сәресі ішіп, айт намазына бару қажет деген қате түсінік қалыптасқан. Бұның діни негізі жоқ. Керісінше, айт намазына барардан алдын үйден дәм тату сүннет. Бурәйда (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі () Рамазан айтында дәм татпай үйден  шықпайтын» (Әбу Дәуід).
  • Ораза қарызы өтелмейді. Айттың алғашқы күні оразада қарызы бар адамдар, оны өтеуіне болмайды. Шариғатта үш күн деп бекітілген мейрам өз дәрежесіне сай тойланғаны абзал. Бұл мереке жалпы мұсылман халқын татулыққа шақыратын, барша ағайын-туыстың басын қосуға негіз болатын мейрам болғандықтан, бұл күні ауыз бекітіп, қонақпен бірге ас ішпей, шетте отырған әрине құптарлық жай емес. Айттың екінші күнінен бастап ораза қарызын өтеуіне, қарызы жоқтар Шәууәл айының нәпіл оразасын өтей беруіне болады.
  • Айт намазына қатысу. Айт намазына қатысарда мүмкіндігінше ғұсыл дәрет алып, әдеми киініп, иіссу себініп барған абзал. Жамағатпен намаз оқу үшін мешітке барған әр қадамға сауап жазылатындықтан, әрі көшеде кезіктірген жандарды айт мерекесімен құттықтау ниетінде мешітке бір жолмен барып, қайтарда басқа жолмен қайтқан дұрыс. Жәбир былай деген: «Айт күні Пайғамбар ()  әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын» (Әл-Бұхари).
  • Садақа беру. Бірінші, пітір садақаны айт намазына дейін беру абзал. Ұмытылған жағдайда, намаздан кейін де беруге болады, бірақ оның дәрежесі, яғни сауабы пітір садақаныңкіндей болмай қалады. Екінші, пітірден басқа да садақа бергеннің сауабы мол. Осы күнгі ұлық мерекені тойлай алмай отырған отбасылар бар болса, сол үйге бір шай ішерлік болса да тәтті тағамдар берудің өзі үлкен жетістік. «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді» (Табарани).
  • Ысырапқа жол бермеу! Айт дастарханына шектен тыс тағам әзірленіп, олар желінбей, қоқысқа тасталмауы қажет. Дұрысы, істелген тағамның бір бөлігін садақа ретінде тарату. Алла тағала «Араф» сүресінде: «Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер). Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді»,- деген.
  •  Насихат. Пайғамбарымызға (): «Алла сол екі күннің орнына сендерге олардан әлдеқайда жақсысын берген. Біреуі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айт», – деп, екі мерекені атап кеткен (Әбу Дәуід). Мұсылмандарға ұлық болған Ораза айт мерекесін көрші-қолыңға, өзге дін өкілдеріне, барша халыққа насихаттау, әсіресе, кішкентай балақайларға сыйлықтар үлестіріп, бұл күннің ұлық мейрам екенін саналарына сіңірту қажет. Сыйлық алған бала да, дана да бұл күнді ұмытпай, келесі жолы да асыға күтетін болады.

Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күні ағайын-туыспен көрісіп, дос-жаранмен татулықты арттыратын сәт болмақ. Үлкенді-кішілі аға-ініні бауырмалдыққа итермелейтін күн десек артық етпес. Дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайтын бұл мерекемен барша отандастарымызды құттықтаймыз!

 

Айтқазин Рауан Төлеубекұлы

Балқаш қалалық орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары