«Ей, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауда жасауды сол уақытта доғарыңдар» (Жұма сүресі, 9-аят).
Бұл мақалада жұма күнінің қасиеті жайлы қысқа шолу жасалды. Сахабалардың бірі – Каъб (р.а.) жұма жайында былай деген: «Алла Тағала қалалардан – Мекке қаласын, айлардан – Рамазан айын, күндерден – Жұма күнін, түндерден – Қадір түнін ұлық етті. Жұма күні аспандағы құстар да бір-біріне жолыққан уақытта: «Жақсы күннің жақсылығы болсын», - деп сәлемдеседі». Ислам дінінің ғұламалары: «Алла Тағала пенделеріне көп жақсылықтар береді. Соның көбісі бейсенбі күннің кешінде, жұманың күндізінде сұраған пендесіне тиеді. Жұма күнінің қасиетін бейсенбі күннен бастап күткен адамның несібесі мол болады екен»,-дейді.
Жұма күні туралы:
Пайғамбарымыз (ﷺ) жұма күні турасында былай деген: «Жұманың бес қасиеті бар: Жұма күні Алла Тағала Адамды (ғ.с.) жаратты; Осы күні Адам (ғ.с.) жерге түсті; Осы күні Адам (ғ.с.) қайтыс болды; Жұма күні бір сағат бар, ол сағатта пенде Алла Тағаладан харамнан басқа не тілесе, соны береді; Қиямет - жұма күні болады. Сондықтан, періштелер, аспан, жер, жел, тау, теңіздер барлығы да Жұма күнінен қорқады» (Әбу Лубаба, Ахмад, Ибн Мажәһ).
Әус ибн Әус (р.а.): «Мұхаммед пайғамбар (ﷺ): «Расында, күндердің ең абзалы – жұма. Сол күні маған көптеп салауат айтыңдар, өйткені сендердің салауаттарың міндетті түрде маған жеткізіледі»,-деген (Әбу Дауд).
Ибн Масғудтан (р.а.) жеткен хадисте: Алла елшісі (ﷺ): «Кімде-кім жұма күні тырнақтарын алса, Алла Тағала одан кеселін алып, шипасын береді» - деген.
Сондай-ақ, жұма күні «Кәхф» сүресін оқудың да сауабы орасан. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жұмаға қараған түні немесе жұма күні кімде-кім «Кәхф» сүресін толықтай оқып шықса, оған Алла сол тұрған жерінен Меккеге дейінгі аралыққа сәулесі шашырап тұратын нұрдан тәж кигізеді. Оның келесі жұмаға дейінгі күнәлары кешіріледі. Жетпіс мың періште таң атқанша сол адам үшін дұға етеді»,-деген (Муслим, Тирмизи).
Жұма намазына қатысушылар үшін Хазіреті Осман және Әли (р.а.): «Мешітке келген адам төрт түрлі жағдаймен қайтады:
1.Мешітке келіп, тыныш отырып, имамға құлақ салса, оған екі сауап жазылады.
2.Имамға құлақ салмай, тыныш отырса, оған бір сауап жазылады.
3.Имамның дауысы естіліп тұрғандар оған құлақ салмай сөйлесе, оған екі күнә жазылады.
4.Имамның дауысы естілмей тұрғанда сөйлесе, ол үшін бір күнә алады»,-деген.
Алланың қалауымен, осында жазылған хадистер, аяттар көптің көңіліне қонар деген үміттеміз. Алла Тағала және оның Елшісі Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) жақсы көрген жұма күнінің қасиеттерінен үміт етіп соған лайық амал жасайық құрметті мұсылман бауырлар.
Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы
«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы
Шет ауданы
Пікірлер