Тілдік нұсқа
Радио

мақала

РАМАЗАННЫҢ СОҢҒЫ 10 КҮНІНДЕ ОРЫНДАЛАТЫН АМАЛДАР
22 маусым, 2016 жыл 25202 Басып шығару нұсқасы

Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде былай дейді: «Рамазан айының соңғы он күніне кіргенде, Алла Тағала көп мұсылманның мойындарын тозақ отынан сақтайды (босатады)». Сонда сахабалар: «Я, Расулулла! Неге, дәл ең соңғы күні тозақтан босатады?»,- деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендер жұмысшыларды көрмедіңдер ме? Олар бір ай бойы жұмыс істейді, ал айдың аяғында олар еңбектерін алмай ма?»,- деп жауап берді. Міне, бір ай бойы ораза ұстағандарға, сонымен бірге намаздарды тастамай Алла Тағаладан күнәлардың кешірілуін сұрағандарға сый дайын. Енді, сол еңбек үшін Алла Тағала адамзаттың бұрынғы күнәларын кешіріп, тозақ отынан сақтап жәннатқа кіргізеді. Сондықтан, Пайғамбарымыз (ﷺ) мұсылмандарға түсінікті болу үшін осындай мысал келтірген.

Алла елшісі (ﷺ) Рамазан айының соңғы күнінде не істеуші еді?
Ол (ﷺ) соңғы он күнінде түнді құлшылықпен өткізуші еді. Айша анамыздан: «Пайғамбар (ﷺ) (рамазанның соңғы) ондығы келгенде изарын буынып, түнін сергітіп, отбасын ұйқыдан оятатын» (Бухари). 

Соңғы он күнде уақытты тиімді өткізудің жолдары: 

Тарауық намазына келу, яғни бұл намазды қалдырмау;

Құран Кәрімді осы он күн ішінде хатым ету;

Тахажжуд (түнгі) намазды тастамай оқу. Өйткені, бұл Алла мен пенденің арасында болған байланыс. Бұны ешкім көрмейді, сонымен бірге Алла Тағала күнде аспаннан жерге періштелерді түсіреді. Пенделері кешірім сұрап жатқан болса, кешіреді. Ал, кім тәубе етіп жатса, оның тәубесін қабыл етеді. Сұрап жатқан кісінің сұрағанын береді. Сондықтан тахажжуд намазын өткізбеу керек;

Садақа беру;

Ағайын-туыспен жиі хабарласу, көршілерге жылы қабақ таныту;

Осы он күн ішінде жасырынған Қадір түні мен ораза айт мерекелеріне ықылас қойып, дайындалу. Мұнда айт күні тойып ас жеуді емес, оразаны аман-есен толығымен өтеп шығуға, мол сауапқа кенелуге дұға ету.

Ал, Қадыр түнін не үшін күту керек? Өйткені Қадыр түні – ерекше түн. Ол - түндердің төресі болған, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын кеш.  Қадыр түні - Алланың құлдарына мейірімін түсіріп, әр құлының сұрағанын беретін түн. Бұл түнгі ғибадаттың сауабы орасан зор! Айша анамыз (р.а.) Алла елшісінің (ﷺ) : "Қадір түнін Рамазан айының соңғы он түнінен іздеңдер", – дегенін жеткізген («Сахих әл-Бухари»). Рамазан айының соңғы он түнінде ғибадатты арттырып, Аллаға жақындататын амалдарды көбейту ләзім. Қадыр түнінің мәртебесі туралы Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген«Айлардың мырзасы – рамазан, күндердің мырзасы жұма, түндердің мырзасы — Қадыр түні». Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды. Ал, бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен мақұрым қалады дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ):  «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны» (Ан-Насаи). Ислам ғұламалары бұл түнді рамазан айының 27-сіне қараған түн деп белгілеген. Біздің елімізде де осы түні мешітте халық жиналып, кешті бірге ғибадатпен өткізеді. Жалқаулыққа салынып, нәпсіге жеңілмей, керісінше 83 жылдық ғибадаттан құр қалмауға асығайық!

Алла Тағала тұтқан оразаларымызды қабыл етіп, ғибадаттарымызға мол сауаптан бергей!

 

Дәриев Берік Әлсейітұлы

«Бала қажы» мешітінің наиб имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары