Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Рамазанда мына 10 қателікке ұрынып жүрмеңіз
07 маусым, 2016 жыл 10687 Басып шығару нұсқасы

Рамазан айында ораза ұстау барысында денсаулыққа қатысты ескеретін маңызды мәселелер де бар. Себебі, ораза кезінде жасаған қателіктеріміз денсаулығымызға зарарын да тигізуі мүмкін. Мәселен, ауызашар кезінде апыл-ғұпыл тамақтану, сәресіне тұрмау, майлы тамақ не тәттіні көп жеу секілді дүниелер денсаулығымызға зиянын тигізуі мүмкін. Сол үшін Түркияның тамақтану және диета маманы Ханде Севен Авук Рамазан айында ораза ұстаушыларға мына 10 қателікке ұрынбауды ескертіп, өз кеңестерін береді.

Апыл-ғұпыл тамақ жеу

Сәресінен ауызашарға дейін аш жүргендіктен қандағы глюкозаның деңгейі түсіп кетеді. Бұл адамда алдына келгеннің бәрін бір сәтте жалмап жеп қою сезімін оятады. Ал асығыс-үсігіс, апыл-ғұпыл тамақ жеу глюкозаның бір сәтте көтерілуіне және ауызашар дастарханынан кейін бірден ұйқының келуіне, сондай-ақ бас ауруына себеп болады. Мұнымен қатар тамақты әбден шайнамай жұта салғандықтан ағзаңызда тоқтық гормоны бөлініп үлгермей, бұдан қарын тоймағандай боп, небір көз жауын алар тәтті тамақтардан бас тарта алмай, қажетті мөлшерден көп тамақтанып қоюыңыз мүмкін. Бұдан асқазаныңыз ас қорыта алмау проблемасына душар болып, Рамазаннан кейін салмақ қосу проблемасына тап боласыз.

Сәресіне тұрмау

Егер сіз «Сәресіне тұрмай-ақ, тамақты кештеу ішіп жатармын, ұйқым бөлінбесін» десеңіз, денсаулығыңызды тағы бір ойлаңыз. Сәресіне тұрмасаңыз, келесі күні ауызашарға тіпті ашығып жетесіз. Бұл жоғарыда жазғанымыздай, тағы да тамақ жеу жүйеңіздің бұзылуына әкеп соғады. Бұған қоса, сәресінде жейтін жұмыртқа, сүт, ірімшік, нан, айран, жеміс-жидек, қызанақ, қияр секілді құнарлылығы жоғары тамақтар жемегендіктен жүйесіз тамақтанудан туындайтын денсаулық проблемаларына шалдығуыңыз мүмкін. Ал Рамазанда бір мезгіл ғана тамақтану энергия жетіспеушілігіне әкеп соғып, әлсіздік, бұлшықет атрофиясы, остеопороз, шаштың түсуі, анемия секілді ауруларға жол ашады.

Майлы тамақ жеу

Майлы тамақтардың асқазанда қорытылу уақыты ұзақ әрі сіңуі баяу. Сондықтан да, сәресі және ауызашар кезінде майға қуырылған, майлы, соусты және кремді тамақтардан ұзақ болыңыз. Әсіресе, ауызашар уақыты өте кеш, ал ауыз бекіту уақыты ұзақ болғандықтан, сондай-ақ сәресін іше салып, жатып қалатын жағдайлар жиі болатындықтан, ағзада зат алмасу процесі (метаболизм) баяулайтындықтан, майлы тамақтар жылдам салмақ қосуыңызға себеп болады. Дәміне қызығып, қуырылған тамақ жегеннен гөрі пеште пісірілген, отта қақталған, буға не суға пісірілген деген секілді денсаулыққа пайдалы әдістермен дайындалған тамақтарды пайдаланыңыз.

Жеміс-жидекті артық не аз жеу

Маусымдық жемістер, әсіресе, бойында А, С дәрумендері бар, талшықты, антиоксидантты, шырынды жемістер салауатты тамақтанудың бас тартпас азықтары. Жүрек, бұлшықет, буын ауруларынан және қатерлі ісіктен қорғайтын ең маңызды азықтардан болған жеміс-жидектерді аз не шектен тыс көп пайдалану денсаулық проблемаларына жол ашады. Ауызашар мен сәресі арасы өте қысқа болғандықтан, кейде жеміс-жидек жеуді ұмыттырып жібереді. Жеміс-жидекті шектен тыс көп пайдалану да қауіпті. Сондықтан да, Рамазанда 2-3 порция ғана жеміс-жидек жеңіз. Әйтпесе, әсіресе, қауын, қарбыз, інжір, жүзім, құрма секілді құрамында қанты бар жеміс-жидектер белдің айналасына май жиналуына себеп болады.

Сүт өнімдерін аз пайдалану

Сүт, айран, ірімшік, құрт секілді азықтар сапалы протеин, кальций, фосфор, мырыш секілді минералдар мен В6, В12 секілді маңызды дәрумендердің қайнар көзі. Сүт және сүт өнімдерінің құнарлылығы жағынан айран пробиотиктерге бай. Рамазан айында жүйелі түрде пайдаланылған жағдайда іш желденуі, ас қорытпаушылық, іш қату секілді ас сіңіру проблемаларына жақсы әсер етуімен қатар, бойға қуат беріп, ауруларға қарсы қорғаныс қызметін жақсартады. Сонымен қатар, қажетті сұйықтықтың орнын толтыруды да қамтамасыз етеді. Сәресі мен ауызашарда не жеңіл-желпі ас ретінде күніне 2 стақан сүт не айран секілді сүт өнімдерін пайдалану керек. Сүт өнімдерін пайдалануды азайту бұлшықет атрофиясы, остеопороз, ас қорытпау секілді проблемаларға жол ашуы мүмкін.

Жеткілікті мөлшерде су ішпеу

Адам ағзасының орташа 60 пайызын құраған суды жаздың ыстық күндерінде терлеу арқылы жоғалтамыз. Рамазан айында жеткілікті мөлшерде су ішпеу әсіресе іш жүрмеу секілді ас қорыту проблемаларына, әлсіздік, бас ауруы, концентрацияның бұзылуы, бұлшықет спазмы секілді денсаулығымыздың маңызды құндылықтарының бұзылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан да Рамазан кезінде ағзаңызды шөлдетпес үшін ауызашар мен сәресі арасында кемі 2-2,5 литр су ішуіңіз керек. Егер су ішуді ұнатпасаңыз, айран, қантсыз компот, өсімдік шайларын, минералды су секілді суға балама сұйықтықтар ішіңіз.

Самса жеуде шектен шықпау

Иісі мұрныңды жаратын небір самсалар Рамазан дастарханының сәні екені жасырын емес. Етті, ірімшікті самсалардың біреуінің өзі жоғары калорилі азық болып табылады. Көмірсуға да бай. Сондықтан да, ауызашар кезінде қызығып шектен көп самса жеп қойсаңыз, Рамазан біткен соң арықтау үшін диета ұстануыңызға тура келеді.

Шәрбат десерттер

Шәрбат қосылған десерттер диабет қантымен дайындалған десе де, ұн мен майдан-ақ тәттіге бай болады. Осы себепті мұндай шәрбат не қант қосылған десерттердің орнына сүт өнімдерінен жасалған десерттерді не жемісті десерттерді таңдағаныңыз дұрыс. Тек мөлшеріне көңіл бөліңіз. Себебі, жемісті десерттер де ішіндегі фруктозаның себебінен қан құрамындағы глюкозамен жылдам байланысқа түсетін көмірсуларға бай болады. Сол себепті аптада бір-екі реттен артық жемеген абзал. Бел аймағына май жиналуына байланысты, әсіресе, торт, бәліш, пахлава секілді жоғары калорилі десерттерден алшақ болыңыз.

Тамақ жеген соң ұйықтау

Күні бойғы жұмыс, кептеліс стресі, аштық, шөлдеуден кейін ауызашар кезіндегі апыл-ғұпыл әрі тоя-тыңқия тамақ жеу себебінен бірден көтерілетін глюкозаның себебінен тәтті ұйқы сізді өзіне тартуы мүмкін. Бұған жол бермеңіз! Өйткені, тамақ ішер-ішпес ұйықтауыңыз жылдам салмақ қосуыңызға себеп болады. Тамақтан ішіп болған соң 1-1,5 сағаттан кейін 30-40 минуттай жаяу жүру қандағы қанттың мөлшерін, қан қысымын, жүректің саулығын сақтайтын болады.

Тамақ мөлшеріне назар аудару

Қарын ашқан соң, әлбетте, жылдам тамақтануды қалайсыз. Ауызашар үшін дайындалған көздің жауын алатын, иісі мұрын жаратын дастарханға алданып, мөлшерлі ішуді ұмытып кетпеңіз. Сондықтан да, ауызашарды сорпамен бастап, тамақты әбден шайнап жеп, асқазанның тоқтық үніне үнемі құлақ түріп отырыңыз.

Тәржімалаған Салтан САЙРАНҰЛЫ

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары