Тілдік нұсқа
Радио

мақала

БӘРСИСАНЫҢ АҚЫРЫ...
01 маусым, 2016 жыл 690 Басып шығару нұсқасы

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Баяғы өткен заманда Бәрсиса есімді бір жан болыпты. Күндізі мен түнін оңашада Аллаға құлшылық қылумен өткізетін, жаманшылық атаулыдан алыс бір жан екен. Сол Бәрсисаны шайтан лағынет құлшылығынан қағамын деп қанша азғыруға әрекет етіп көрсе де, жолы бір болмай-ақ қояды. Ең соңында шайтан бұл істің де оңай жолын тапқандай болады. Өйткені, Бәрсиса құлшылыққа берілген діндар болғанымен, ілім оқыған ғалым емес еді. Міне, шайтан да оның осы бір осал тұсынан ұстамақ болады, осы бір буынсыз жерінен пышақ сұғуды көздейді.

Осылайша шайтан өзінің Бәрсисаға құрған жоспарын жүзеге асырып көрмекші болады. Сөйтеді де, шайтан үстіне шапанын киген, бір қолына аса таяғын, екінші қолына тәспісін ұстаған, аппақ сақалды біреуге айналып, Бәрсисаның ғибадатханасына барып, есік қағады. Бәрсиса есік ашып, келіп тұрған «ақсақалдан» жөн сұрасады. Әрине, шайтан жөнін айтсын ба, былай деп өтірік бөседі:

– Мен дүние нығметтерінен алыс, өмірін тек Аллаға құлшылық қылуды аңсаған бір жанмын. Қасыма Алланың досын тауып жолдас қылу үшін көп жерді шарладым. Алайда өзіңізден басқа ешкімді кезіктірмедім. Осы елдімекенге жақындап, жүрген жөнімді айтқанымда тек сіздің есіміңізді ғана естідім. Сіздің де бар ниет-арманыңыз Аллаға хас құл болу екен, олай болса мені де қасыңызға қабыл алып, ғибадатымызды бірге жалғастырсақ деймін.

Бәрсиса мұның шайтан екенін, өзіне тұзақ құру үшін келгенін қайдан білсін. Достық ұсынысын қабыл етеді. Бірге ғибадат қыла бастайды. Уақыт сырғып өтіп жатады. Бәрсиса құлшылығын да қылады, тамақ-сусынын да әзірлеп ішеді. Бірақ, шайтан Аллаға сонша ықыласты құлшылық қылатындай көрініп, тамақ та жемейді, су да ішпейді, тіпті ұйықтау да білмейді. Өйткені, шайтан емес пе? Сол үшін барлық уақытын тек «ғибадатқа» арнайды. Бәсрира болса, бұған таңғалады. Ақыры, бұл таңғалысын жасыра алмайды да, «ақсақалдан» бұл дәрежеге жетуінің сырын сұрайды.

– Уа, Алланың салиқалы, тақуа құлы! Сен бұл мәртебеге қалайша жеттің? Мен қаншама жылдар бойы құлшылық қылсам да, сен секілді жеп-ішуден өз-өзімді тыя алмадым. Маған мұның сырын үйретсең деп едім, мен де сендей болайын.

Шайтанның да қалағаны  осы еді...

– Мұның бір оңай жолы бар. Әуелі үлкен бір күнә жасайсың. Сосын бар жан-тәніңмен ықыласты түрде тәубе етесің. Үлкен күнә жасағанда ғана Алладан шынайы қорқыныш туады. Сосын мен секілді сен де әртүрлі адами жаман қасиеттерден құтылатын боласың, – дейді.

Бәрсиса да шайтаннан «мәселен, қандай күнәлар жасау керек?» деп сұрайды. Шайтан да бұл сұрағына шаттана түседі. Себебі, көздеген құрбаны тұзаққа жақындап келе жатқан еді.

– Мәселен, зина жасауыңа болады.

– Оны жасай алмаймын.

– Онда адам өлтір.

– Ол да қолымнан келмейді.

– Онда арақ-шарап іш, – деді.

Бәрсисаға бұл ұсыныс алдыңғы екі күнәдан жеңіл келді.

– Бұны жасай аламын, – деді.

Шайттанның қуаныштан төбесі көкке екі-ақ елі жетпей тұрды. Бәрсиса да төңіректегі бір ауылға барып, шарапханадан ішімдік алды да, сол жерде тартып жіберді. Шарап құйып тұрған да әйел еді. Бәрсиса өзін тоқтата алмады. Ыдысын әйелге тағы ұсынды. Іше-іше мас болды. Мұнымен қоя салсаңшы. Жоқ, қоя алмады, енді әлгі әйелге көңілі ауа бастады. Шайтан да бұл сәтті бос жіберсін бе, ақыры әлгі әйелмен Бәрсиса зинаға барады. Болары болып, бояуы сіңген соң, «бұның арты не болар екен, жұрт естісе, не дер?» деп істеген қылмысын жасырмақ болып, әлгі әйелді өлтіріп, көміп тастайды. Осылайша, «барлық жаманшылықтың көзі болған ішімдік» (Хадис) ауыр деп ойлаған күнәны жеп-жеңіл-ақ жасатты.

Көп кешікпей бұл оқиға халық арасына жайылып үлгереді. Жұрт Бәрсисаны тұтқындап, сотқа апарады. Сот оны өлім жазасына кесіп, дарға асуды бұйырады.

Бәрсисаның мойнына арқан салынады. Бұдан былай оны құтқаратын жан жоқ. Осы кезде шайтан әлгі «ақсақалдың» бейнесінде алдына келеді.

– Ей, досым халің нешік?   

– Өзің де көріп тұрғандай... Ей, Алланың сүйікті құлы, құтқар мені бұл жерден, – деп жалбарына бастайды.

– Бір шартым бар, соны орындасаң, құтқарамын. Шартым – маған сәжде ет, – дейді.

– Көріп тұрғаныңдай, мойнымда арқан тұр, қайтіп сәжде етемін.

– Ишаратпен сәжде ете аласың, – деп оның да амалын тауып береді.

Бәрсиса да ишаратпен сәжде етеді, осы кезде аяғының астындағы орындық та алынады. Осылайша, Бәрсиса шайтанға сәжде еткен күйі о дүниелік боп кете барады.

***

Бұл қиссадан не ұқтық? Ислам дінінде ілім ең маңызды мәселе. Ілім алу – мұсылманға парыз. Сол үшін де Сүйікті Пайғамбарымыз тал бесіктен жер бесікке дейін ілім ізденуімізді бұйырады. Ілім – Исламның жаны, өмірі. Ілім – иманның тірегі.

«Ғалым мен надан тең емес» (Зүмәр сүресі, 9-аят).

«Алла Тағалан шынайы қорқатындар – ғалымдар» (Фатыр сүресі, 28-аят).

«Ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері» (Хадис).

«Ғалымдар үшін барлық жаратылыс Аллаға жалбарынып, оның кешірілуін тілейді» (Хадис).

«Ғибадаттардың ең қайырлысы – ілім» (Хадис).

«Ғалым болған мү’мин тек ғибадатпен шұғылданған мү’миннен 70 дәреже жоғары» (Хадис).

Міне, осы аяттар мен хадистер ілімді бір жағына ысырып тастап, тек қана ғибадатқа бас қойғандарға жеткілікті үгіт-насихат.

Себебі, ілім иесі шайтанның әрбір қадамын біліп, әрекет етеді. Әрине, бұдан іліммен ғана айналысып, құлшылыққа көңіл бөлмесе де болады деген ой тумауы керек. Өйткені, ілім ғибадатта ықыласты болу үшін, құлшылықта тақуалыққа жету үшін алынады. Ілімнің жемісі – тақуалық. Құлшылықтың ләззатын іліммен татасың.

Ал ілімсіздік шайтанның торына түсіреді. Сирия деп аттан сап аттанып жатқандардың бәрі надандықтан, тәфәккүрдің кемдігінен, хикметтің жоқтығынан. Қандай да бір қара ниетті топ қоғамды бұзу үшін әуелі оның білім жүйесіне қол салады. Сондықтан да, білім жүйесіне жасалып жатқан реформаларға үлкен қырағылық танытпасақ, түбі орны толмас надандыққа, сауатсыздыққа соқтыруы мүмкін. Кейбір діни ағымдардың әр үйге жиналып, өзінше жүйесіз дәріс жүргізуі де қоғамда небір келеңсіздіктер тудыруда. Мемлекет ішкі қауіпсіздікті сақтау үшін әуелі осының алдын алуы тиіс. Ол үшін халық үшін ҚМДБ-ның қарамағына қарайтын діни оқу ошақтарын көптеп ашу қажет. Ол оқу ошақтарының есігі баршаға айқара ашық болуы керек. Дәрістер мешітпен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Себебі, еліміздегі мешіттердің аздығы баршаның барып дәріс алуына қолжетімсіз. Ал әрбір жерден ашылған мұндай орындарда жұмыстағы жұртқа ыңғайлы бір уақытта дәрістер жүріп тұрса, халықтың да діни сауаты артып, небір ағымның етегінен ұстап, жетегіне кетпейді. Халық діни сауатты болған жағдайда ғана мәдениеті жоғары, ұстанымы берік, надандықтан арылған иманды бір қоғам құра алады. Себебі, ілім ешуақытта арсыздыққа аяқ бастырмайды. Ал ілімсіз дін үйрендік пе, онда Бәрсисаның күйін кешеміз. «Барлық жаманшылықтың көзі болған – араққа» (Хадис) салынамыз. Оның арты қоғамда жезөкшелік пен зинаның артуына апарып соғады. Зина мен жезөкшелік көбейген соң, қоғамда қылмыс көбейеді. Сол үшін қылмыскерді түрмеге жауып, оларды үкіметтің қаражатымен асырағанша, мәселені түбінен қаузап, қаржыны соған салу қажет. Сонда ғана үкіметтің қоржынында ысырап, қоғамында түк сызат болмайды.

Ендеше, ілімге ден қоялық...

Бір Алланың атымен!

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары