Тілдік нұсқа
Радио

мақала

РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН КҮМІСБЕК МОЛДА
05 мамыр, 2016 жыл 664 Басып шығару нұсқасы

Күмісбек молда 1886 ж. Семей губерниясының Қарқаралы уезіне қарасты 2-ауылда «Ұста» деген жерде дүниеге келген. Әкесі Ханбатырдың дәулеті орта ғана адам болған.  Күмісбек үш жасында әкесінен, оннан аса шешесінен жетім қалды. Аға-әпкелерінің жанында болған ол жасы он төртке келгенде Қоянды жәрменкесіне барып, Қарқаралыдан Ташкентке мал айдаған өзбекке жалданады. Ташкентте ер баласы жоқ мешіт имамының қолында тұрып, шаруашылығына көмектесе жүріп, медреседе білім алады. Медреседегі сынақ кезінде өз қатарластарының жауабын қайта-қайта түзеп айтып, мүфтидің көзіне түссе керек. Артынан іздеушісі жоқ, қаражатқа жарымаған баланы мүфти сол жылғы бітіргендердің ішінен таңдап Бұхараға жолдайды. Күмісбек Бұхарадағы оқуды  тәмәмдап, сонан ол жақта оқитын қазақ жігіттеріне ілесіп Орынбор, Петербор қалаларына барып, ел көріп, жер танып, әртүрлі салада білім алады. 1925 ж. елге оралған  Күмісбек мектеп-медресе салауға ниеттенеді. Бірақ, саяси мәселелер оның жолына тосқауыл болды. Алланың қалауымен ол үйленіп, Нілдіге орналасады. Бәйменде деген кісі себеп болып, Күмісбек сол жерде білім ошағын, яғни мектеп-медресе ашып, жастарға діни сауат бере бастайды. Жан-жақтан қыспақтағаннан тұрмыстан тапшылық көріп, әрі сол заманда-ақ белсенділер соңына түсе бастаған молда бір топ туысқанын ертіп Шу бойына көшіп кетуге мәжбүр болады. Жаңа экономикалық саясат кезінде елдің халі біраз көтеріліп, ұрда-жықтық азайып, адамның пейілі де түзелгендей кез болғанда елге қайта оралған Күмісбек молда бұл жақтың халі әлі де нашар екеніне көзайым болады. Сол сәтте оның жұбайы да дүниеден өтеді. Мектеп-медресе ашуға да ешқандай мүмкіндік болмайды. Дегенмен, медресе ашпаса да мүмкіндігінше білім іздеген жанның сауатын ашуға себепкер болған.

1928 ж. елге төніп келе жатқан жаманшылықты сезген Күмісекең елден жылжып кетуге мажбүр болды. Ол Фрунзе (Бішпек) қаласының солтүстік жағындағы үлкен Шу каналын қазу жұмысына орналасады. Канал жұмысының басқарушысының бірі Майдабор деген кісі сауаты бар Күмісбекті есеп-қисап жұмыстарына ұстаған екен. Күмісекең астыртын елге келіп, бала-шағасымен жүздесіп кетіп тұрған, бірақ өзімен алып кетуге мүмкіншілігі болмаған. Әуелі ірі байды, одан ортаншысын айдап салған белсенділер 1930 ж. Күмісбектің де үйін кәмпескелейді. Сол маңның шала сауатты белсенділері Күмісбек молданың жанұясы күн көріп отырған 1 түйе,1 ат, оншақты қойын айдап, қоңырша үйін жығып алып кетеді. Екінші жұбайы Қадиша шешей егіз балалы екен, сол себептен жер аударылмаған. Жер аудармағаны үшін басқа кісіге тұрмысқы шығуға шарт қояды. Оның үстіне «жау» ретінде Күмісбек молданы ұстауға «приговор» жасап, жоғарғы жаққа айдаған. Қадиша шешей ішер ассыз, киімсіз, екі баланы етегіне салып жұртта қалады. Ең болмаса баланы орар шүберек тастамай кеткен белсенділер оған ешкімнің қарайласпауын да қатты қадағалаған. Сонан кеш түсе әлдекімнен бір қанат ескі ши сұрап алып, пана етеді. Түн жарымында жасырынып бір әйел кеп, сүт пен ірімшік беріп кетеді. Балаларын сүйретіп ескі қыстауға жетіп, Қадиша Күмісбек молданың кітаптарын жасырып қояды. Ертеңіне келген белсенділер қарқ-қарқ күліп, әйелді қамшылап айдап 30 шақырым жердегі ауданға әкеп, тексерген боп қоя берген. Қадиша ана баяғы қыстауға келсе кітаптары тегіс  шашылып жатыр екен, оны сонадай жердегі Аймахан мазарына апарып жасырған. (1957 ж. Күмісбек молданың ескі қыстауын бұзғанда қабырғамен қоса қаланған жалғыз кітап табылған, оны Жұмаш деген кісі алған. Қазір кітап із-түзсіз жоқ). Қадиша шешей Күмісбектен бес бала тапқан, оның бәрі де қуғын-сүргін заманында о дүниелік боп кеткен. Ел жақтағы қанқұйлы белсенділердің жоғарыға Күмісбекті «жау қашқан» деп қайта-қайта көрсетуі тоқтамады. 1930 ж. жазында Қордай ауданынан милиция келіп ұстады да Алматы түрмесіне жөнелтті. Адамның ақ-қарасына жетер заман жоқ еді, қолға түскен торғайдай шырылдаған уақыт. Күмісбек молда түрмеде жатып:

Ағаш үй үсті тақтай, асты тақтай,

Жатамын ұзақ түнге кірпік қақпай,

Жаныма жаным құрбан деген досым,

Басыма іс түскенде бәрі қашты-ай.

Бұл күнде адам барма табыстырар,

Табыстырар деген дос шағыстырар.

Арзан отын сөндірер деген жаның,

Қолына шаланы алып қағыстырар,-деген ұзақ өлеңін жазған екен. Дегенмен ел жақсысы, ескі оқығандар әлі де таусылып болған жоқ еді. Ақыры солардың шапағаты тиіп, Күмісбек молда жыл жарым жатып түрмеден босанып шығады. Сонан Қазақстан жерінен бас сауғалап Бішкекке өтіп кетіп, сонда мал дайындаушы боп біраз жұмыс істейді. Қайда барса да аты белгілі Күмісбек молданы жұрт қошеметтеп қарсы алған. Белгілі адамның халық арасында жүруі жоғары басшылыққа ұнамай, артынан түсе бастайды. Сол себепті ізіне түсе бастағанын сезген бетте Күмісбек молда басқа жаққа кетуге мәжбүр болған. Ол Атбаши ауданындағы үлкен Атбаши өзеніне көпір салуға қатынасса, онан Бішкек қаласының жанындағы Таси-төбе деген жерге кеп біраз жұмыс істейді. 1938 ж. шамасында сол маңдағы қант зауытында да істеген. Сол уақыттағы қашқылықты-қайғылықты боп жүрген Күмісбек молданың өмір жолын толық айту мүмкін де емес болып отыр. Тек 1931 ж. зұлматына ұшыраған, елін, жерін тастап босыған жұртқа сол кезеңде де қамқоршы, ақылшы болғаны анық. Тіпті бірде өзі қолынан келгенше жәрдем етіп жүрген Бадан ұлы Жақия деген босқын орныққан жерін тастап, басқа жерге ауысам дегенде қарсы болған. Сонан Жақия аяғын сындырып алған екен. Күмісекең:

Амансың ба ақсағым,

Көшпе деп қанша қақсадым.

Әм қарындас, әм келін,

Балбаладан аспадым,- деп реніш білдірген.

Сол қысылшолаң шақта, біреге біреу тіс көрсетіп, күш білдіріп, моральдық негізден ауып түсіп жатқан уақытта да Күмісбек молда өз айналасына, барған жердегі кеңестерінде тар уақыттың өзінде әр пенде инабаттылықтан шығып кетпеуін уағыздап, сан өткір шумақтар тудырған. Сондай қиын шамада арақ ішу өзі есінен танған жұртты онан әрмән аударып әкететінін сан айтқан. Бірде көз көріп жүрген ерлі-зайыпты Амантай-Аманкүл дегендер ақша алған сайын арақ ішіп, төбелесіп, көршілерге де маза бермейтініне ренжіген Күмісекең:

Бір үйде бар екі Аман,

Қылықтары тым жаман.

Түзден қысып біреуі,

Үйден қысып біреуі,

Құтыртты ғой бұл заман,- деген екен.

Белсенділер соңына шырақ алып түскен Күмісбек молда 1940 ж. ұсталып, репресияға ұшырап, жоқ болып кеткен. Ел сыйлаған Күмісекеңнің мұрасы тоз-тоз боп жұрт қолында кете берді. Күмісбек молда кеседегі суды ұйытатын еді деген сенім қалды. Ары таза, рухы биік ақсақалдың әруағы атын естіген жұрты бүгін де аялап жүргендей.

 

Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы

Шет ауданы «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары