Егер мұсылман қауымы жақсы болса әрбір қарапайым мұсылман жақсы ғұмыр кешпек.
Мұсылманның үш санаты
Мұхаммед Пайғамбарымыз мұсылмандардың үш санатқа бөлінетінін айтқан.
Бірінші санат — Алла Тағала белгілеген шектердің бұзылмауына ат салысатын адамдар. Бір сөзбен айтқанда бұйырған істерді орындап, тыйым салынған істерден тыйылып, басқаларды жақсы істерге үгіттейтін жандар. Бұл адамдарда қоғамға деген жауапкершілік сезімі бар. Қандайда бір мәселе көрсе шешімін табуға тырысады, жамандықтың алдын алуға, тура жолға бағыттауға тырысады. Тұтанған ұшқынды өртке ұластырмай өшіреді.
Екінші санат — өздерінің теріс қылық жасап жүргендері ойландырмайтын, күнә жасайтын, құлшылығын орындамайтын, тыйым салынғаннан тыйылмайтын, сондай-ақ басқаларды жақсылық жасап, жамандықтан тыйылуға үгіттемейтін адамдар.
Үшінші санат — әдеттегі көп адамдар, қатардағы азаматтар. Олар Аллаға сенеді, дін шарттарын орындайды, бірақ қоғамға деген жауапкершілігі жоқ, өздерінде осы түсінікті қалыптастыру үшін қам жасамайтын адамдар. Яғни Аллаға құлшылық жасайды, өздері жамандық жасамайды, бірақ жан-жағындағылардың ісіне бей-жай қарап, жамандықтан тыймайтын, жақсылыққа үндемейтін жандар. Себебі оларда жауапкершілік сезімі емес, немқұрайдылық сезімі басым.
Әр адам қоғамның мүшесі. Сол қоғамды құрады, жақсы мен жаманды қалыптастырады. Және олардың ортақ мүдделері бар. Сол қоғамда қандайда бір мәселе туындаса одан бәрі зардап шегеді. Ал немқұрайдылық қатардағы азаматтардан асып, қоғамның негізгі тұтқаларын ұстап жүрген, ел тірлігінң басы-қасында жүрген адамдарға жетсе онда хал мүшкіл болмақ. Бұл Пайғамбарымыздың ескерткені. Себебі қоғам бетімен кетеді, жемқорлық жайлайды, өзара қарым-қатынастар, байланыстар үзіледі. Ал бұл жақсы мен жаманның бәрін құртады. Бұл туралы Алла Тағала Құранда: «Азғырудан корқыңдар, ол сендердің араларыңдағы әділетсіздеріңе ғана зиян келтіріп қоймайды. Және біліңдер, Алла жазада қатал» - дейді (Құран, 8:25).
Алла елшісі мұндай жағдайдың қауіптілігін ескертіп: Егер қоғамда ықпалы бар адамдар жауапты болмаса және зиян келтірушілерге кедергі жасамаса олар жақсы болғанымен бәрі опат болады деген. Алла елшісінің жұбайы Зайнаб бинт Джахш: «О Алланың елшісі! Арамызда тақуалар болса да бізде опат боламыз ба?»-деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә, егер кесел көбейсе!»-деп жауап берген екен (Аль‑Бухари).
Жауапкершілік тек ел тірлігінің басы қасында жүрген азаматтардың мойнында ғана емес! Әрқайсымыз қоғам үшін өз мүмкіндігіміз бен әр жағдайдағы ықпалымыздың шегінде жауаптымыз!
Кез-келген механизмнің барлық бөлшегі өз орындарына дұрыс әрі жақсы бекітіліп, өз функцияларын тиісті деңгейде атқарып тұрса ғана механизм жақсы жұмыс істемек. Егер әлде бір бөлшегі дұрыс болмаса тұтас механизмнің істен шығуына алып келетіні анық. Қоғам да сол сияқты. Жүйе, тәртіп және соны сақтауға деген жауапкершілік болмағанда іриді. Жауапкершіліктің болмауы адамдардың бір-бірін жақсылыққа шақырудан қалдырады, тәртіпсіздік пен әдепсіздікке жол береді. Алла елшісі айтқандай, біздің ең үлкен проблемамыз Ислам шарттарын орындаудың орнына, дүниеәуи тірлікке ден қоятынымызда.
Қазіргі қоғамдағы әр адам өз мүддесі үшін ғана қимылдайтын күйге жеткені шындық. Бәрі емес, бірақ көпшілікте қоғамға деген жауапкершілік сезім жоқ. Біреу бірдеңені бүлдіріп жатса, қоғамның рухани құндылығына кері әсерін тигізетін істер жасап жатса, Алла Тағала тыйым салған істерден тартынбай жатса да «Өзі білсін», «Араласып нем бар», «Маған қатысы жоқ қой, оған басымды ауыртып қайтемін» деген түсініктер әбден қалыптасып қалды. Өзіне қатысты болмаса болды. Басқасына басын ауыртпайды. Міне соның кесірінен де қоғам зардап шегіп жатыр. Ертеде елдің қоғамдық жауапкершілігі, қауымдық тәрбиесі мықты болған. Жауапкершілік пен қоғамдық тәрбие, тыйымның күшті болуы себепті де зина жасаушылар, емін-еркін ойына келгенін істеушілер болмаған, болса да аз болған және қоғамнан шеттеліп, қоғам тарапынан қатты қарсылыққа ұшырап отырған. Қазірде сол қауымдық тәрбие, қоғамдық жауапкершілік жоқ болғандықтан, әр пенденің кеудесін немқұрайдылық кернегендіктен де қоғамдағы көп кесел орын алып жатқан жоқ па?
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер