Қасиетті Құранда Жаратылыс пен ондағы тіршілік иелері туралы көптеген аяттар бар. Бұл аяттар бізді жан-жағымызға, жаратылысқа мұқият қарауға, солайша Алланың құдыретін көруге шақырады. Осы аяттарға зер салғанда оларды жіберудегі негізгі төрт мақсатты көреміз:
Біріншісі - табиғи құбылыстар мен үдерістерден Алланың бір екеніне, хақ екеніне көз жеткізу.
Екіншісі - әлем құрылысы мен түрлі табиғи үдерістердің пайда болуын және өтуін көру.
Үшіншісі - әлемнің адам үшін және оның қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жаратылғанын еске салу.
Төртіншісі - адамдарды табиғатты күтіп ұстауға шақыру.
Алла Тағала Құранда көптеген ағаштар мен өсімдіктердің атын атайды. «Ағаш» сөзі Құранның 28 аятында кездеседі. Яғни, бұл - ағаштың адамның материалдық қажеттілігі үшін ғана емес, рухани маңызы бар екенін көрсетсе керек. Қажет болмаса ештеңе жаратылмайды. Осы әлемдегі әр жаратылыс Алланың қалауымен жаратылған және әрқайсының атқарар функциясы бар. Демек соның әрқайсына зиян тигізбеген ләзім. Шариғат адамнан басқа да тіршілік иелеріне, яғни жан-жануарларға зиян тигізуге тыйым салады. Керісінше оларды күтіп ұстауға, бағуға үндейді. Тіпті жансыз материалды, материалдық игіліктердің өзін ысырап етпеуге шақырады.
Пайғамбарымыз ағаштарды мақсатсыз кесуге, жағуға тыйым салған. Бірде Алла елшісі соғыстан қайтып келе жатып, кезінде орманды жер аталған Зурайб ат-Тавил арқылы өтеді. Сонда Ансарлар: «О, Алланың елшісі! Міне мына жерде біздің түйелеріміз бен қойларымыз жайылады, осында әйелдеріміз серуендейді»-дейді. Сонда Алла елшісі: «Кім бір ағаш кессе, орнына басқасын ексін»-дейді. Осыдан кейін ағаштар отырғызылып, әл-Габа орманы пайда болған екен.
Сондай-ақ Алла елшісі Медина мен Таиф қаласын қорғанына алып: «Егер сендерде ағаш көшеті болса, қиямет күні туса да мүмкіндіктерің болса оны отырғыза беріңдер»-деген.
Әмина Омарова
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Пікірлер