Мәида сүресінің: «Бүгін діндеріңді кемелдендірдім, сендерге арналған нығметімді тәмамдадым, сендердің діндеріңнің Ислам діні болуын қоштадым», – деген аяты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қоштасу қажылығын өтеп, екінті намазынан кейін Арафат тауында түйесінде отырғанда нәзіл болды. Сол кезде Жәбірейіл (ғ.с.) келіп: «Иә, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Бүгін сендердің діндерің кемелденіп, Алла Тағаланың бұйырғаны мен тыйғаны бітті, сахабаларыңды жинап, оларға енді Менің жер бетіне уахимен келмейтінімді жеткіз», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге келгеннен кейін сахабаларын жинап, осы аятты оқып Жәбірейілдің (ғ.с.) сәлемін жеткізгенде, сахабалар қуанып дініміз толықты дейді. Ал Әбу Бәкір (р.а.) болса, осы аятты ести салып, үйіне қайғырып келіп, есікті жауып алып қатты жылайды. Әбу Бәкірдің (р.а.) жылағанын естіген сахабалар: «Ей Әбу Бәкір (р.а.), неге жылайсың, керісінше қуанбайсың ба? Алла Тағала дінімізді толықтырды емес пе?» – дейді. Сонда Әбу Бәкір: «Ей Сахабалар! Бізге қандай қиындықтар келе жатқанын сендер білмеуші ме едіңдер? Бір нәрсе толықса, оған міндетті түрде нұқсан келетінін естімеп пе едіңдер? Бұл аят біздің Пайғамбарсыз, Хасан мен Хусейннің жетім қалатындығынан, Пайғамбар әйелдерінің жесір қалатындығынан хабар беріп тұрған жоқ па?», – дегенде, сахабалар қайғыдан қабырғалары қайысып, дауыстап барлығы жылайды. Бұл оқиғадан хабары жоқ басқа сахабалар Әбу Бәкірдің (р.а.) үйіндегі жылаған дауыстарды естіп Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барып айтады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түрі өзгеріп Әбу Бәкірдің (р.а.) үйіне қарай тездетіп барады да сахабалардың жылап отырғанын көріп: «Неге жылап отырсыңдар?», – деп сұрайды. Алдынан Али (р.а.) шығып: «Әбу Бәкір (р.а.) мына аяттан Сіздің (с.ғ.с.) бұл дүниемен қош айтысатыңызды түсініпті» , – дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әбу Бәкірдікі дұрыс», – дейті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы сөзін естіген Әбу Бәкір (р.а.) талып қалады, ал сахабалар еңкілдеп тағы да қатты жылайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әр қайсысына жақындап, жұбатып, өсиет айтады. Бұл оқиғадан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 80 күн өмір сүреді. Құранның ақырғы аяты Бақара сүресінің 181-аяты түскеннен кейін 21 күн өмір сүреді. Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ажалы таянған кезде сахабаларын жинап алып, екі бас намаз оқып, жамағатпен мінберге шығып, Алла Тағалаға мадақ айтып, хұтпа оқиды. Хұтпа оқығаннан кейін: «Сахабаларым Мен (с.ғ.с.) сендерге пайғамбар, Алланың дініне шақырушы, насихатшы болдым, сендерге жанашыр бауыр, мейрімді әке ретінде болдым. Кімде ақым кеткен болса, тұрып ақысын алсын деп үш рет айтады. Үшінші рет айтқанда сахабалар арасынан бір кісі шығып Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келіп: «Иә, Расулулла! Ата-анам Сізден (с.ғ.с.) садақа болсын. Бұл сұрағыңызды қайта-қайта айтпағаныңызда мен келмес едім. Сізбен (с.ғ.с.) Бәдір соғысында болғанымда менің түйемнің жанынан өтіп бара жатып Сіз (с.ғ.с.) түйеңізді ұрамын деп таяғынызбен мені байқамай ұрып өткен болатынсыз», – дейді. Бұны түсінген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Біләлге (р.а.) Фатимаға (р.а.) барып үйіндегі сол таяқты алып келуін бұйырады. Біләл (р.а.) мешіттен «Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі қарыздан қорқып ақысын берейін деп жатыр, біздің қалымыз не болады?!» деп қайғырып шығады.
Сөйтеді де, Фатима анамыздың үйіне келіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) таяғын сұратып жатқанын айтады. Фатима анамыз «оны қайтеді?» дегенде Біләл (р.а.) болған оқиғаны айтып береді. Фатима анамыз «ол қандай кісі пайғамбардан кек алғысы келген» дейді. Таяқты алып Біләл (р.а.) мешітке келіп Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) береді. Бұл оқиғаға куә болып отырған Әбу Бәкір, Омар, Али (р.а.) сахабалар ақыңды Пайғамбардан емес, бізден алшы» деп өтінеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Алла Тағала сендердің орындарыңды біледі» деп, тыйып тастайды. Сол кезде кішкентай Хасан мен Хусейн (р.а.) орындарынан атып-атып тұрып «біз Пайғамбар (с.ғ.с.) ұрпағымыз, бізден алған ақыңыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) алғандай» деп арқаларын тосады. Ол екеуіне де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «көзімнің қарашықтары отырыңдар» дейді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақысын даулау үшін орнынан тұрған Укашаға (р.а.) арқасын тосады. Укаша (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Иә, Расулулла! Сіз (с.ғ.с.) мені ұрғанда менің арқам жалаңаш болатын», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқасын ашады. Бұған куә болып тұрған сахабалар түгелдей жылайды. Укаша (р.а.) жақындап келіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) арқасындағы пайғамбарлық мөрі болған қалынан сүйіп алады да: «Иә, Расулулла (с.ғ.с.)! Сізді (с.ғ.с.) ұруға кімнің жүрегі дауалайды?! Жаным және ата-анам сізден садақа болсын, – дейді. Осының бәрін Сіздің (с.ғ.с.) мубәрәк тәніңізге ернімді тигізіп «Алла Тағала мені оттан құтқарсын» деп істедім», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларға бұрылып: «Оттан құтылған адамды көргілерің келсе, Укашаға (р.а.) қараңдар», – дейді. Сахабалар (р.а.) келіп, Укашаның (р.а.) мандайынан сүйіп, «қандай бақытты жан едің» дейді. Алла Тағала бізді де сондай тозақтан құтылған бақытты жандардан қылсын!
Арабшадан аударғандар Қарағанды облыстық орталық мешітінің найб имамдары: Дархан Асылтайұлы, Бекболат Зүлжаладдинұлы.
Пікірлер