Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Күнәнің тоғызы тілден
17 қаңтар, 2015 жыл 538 Басып шығару нұсқасы
photo Сұрақ: Адам баласы өзінің тілі арқылы қандай күнә арқалап, қалай сауап жинайды?

Жауап: Алла елшісі: «Пайдасыз бос сөзден тілді тыю адамның көркі, Исламның көркі»-деген.


Әрқайсымыз өзімізге де, өзгелерге де тек зиян әкелетін бос сөзден, қарғап-тілдеуден, өтіріктен, балағаттан бас тартсақ қандай жақсы? Өкінішке қарай көпшілігіміз пайдасыз әңгімелерге, өсек-аяңға, тірліктің болмашы ұсақ-түйектерін сөз етуге құмармыз. Аузымыз бен тілімізден тапқан осынша орынсыз әр сөзге жауап беретінімізді білмейміз, білсек те немқұрайдылық танытамыз.  Әр сөз бен әр іске ақыретте жауап беру өз алдына, одан да бұрын сол сөздердің сауабы мен жазасын да аламыз осы дүниеде. Осы дүниеде болмаса о дүниеде. Ол адамның ырыс-құтын қашырып, бақ-берекесін тайдырады. Қазақ бабамыз «Жалғанның қысасы ақіретке кетпейді» деген даналық тәмсіл қалдырған. Дана қазақ тегін айтпайды.


Алтын уақытты текке өлтіріп жатқанымыз қандай өкінішті? Осы орынсыз қылықтың орнына сол уақытты құлшылық жасауға, тым болмаса Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтуға жұмсасақ қандай бақыт! Егер адам бос сөзге, бауырларын сөз қылған әңгіме-дүкенге кеткен уақытын Алланың құдыретін тануға жұмсаса өзіне екі дүниеде де қандай жақсылық болып қайтар еді? Алла Тағала: «Мен адамдар мен жындарды  тек Маған құлшылық етсін деп жараттым»-деген. Бос сөздің орнын жақсы сөздермен толтырса, я үндемесе әр мұсылман үшін анағұрлым қайырлы. «Жақсы сөз жарым ырыс» екенін атам қазақ, ал үнсіздіктің үлкен жетістік екенін небір данышпандар айтып кетпеді ме?


Абдулла: «Бірде мен Бану Амир тайпасының бірнеше адамымен бірге Алла елшісіне келдік. Олар келген бойда Пайғамбарымызға «Сен біздің әкеміз, сен біздің әміріміз» деген сарындағы сөздерді айта бастады. Сол кезде Алла елшісі олардың сөзін бірден бөліп: «Келген жұмыстарыңды айтыңдар, сендерді шайтан жолдан тайдырмасын»-дегенін жеткізген.


Сондай-ақ Пайғамбарымыз: «Бақыт аз сөйлеп, көп іс тындырған адамға қонады», «Көпсөзділіктен асқан жамандық жоқ»-деген. Бұдан артық азсөзділіктің құнын кім айтсын? Ғайбаттың пайдасыз екеніне бұдан артық дәлел бар ма?


Алла Тағала Құранда: «Құпияда айтылған көп әңгіме жақсылық әкелмейді. Тек садақа беруге шақырып, қайырлы істерге үндеп, Алланың разылығына талпынған адамдарға ұлы сый бар»-деген. Міне өмірлік сан мың оқиғаларға дәлел. Араларынан қыл өтпейтін жолдас болғандар күн туып ренжісіп қалса бір-біріне айтқан өсек-аяңын жұртқа жайып салып, бір бірінің абыройын төгіп жатқан жағдайлар аз емес. Сырт ортада, көпшілік жерде жақ ашпай жүріп, бар өсек-аяңды оңашада айтатын да әдетіміз де жоқ емес.


Алла жүрегімізді жамандықтан, тілімізді ғайбаттан тазартуды нәсіп етсін дейік. Алла үшін де емес, ата-анамыз үшін де емес, ағайын-тусыс үшін де, басқа үшін де емес, біздің әр сөзіміз бен әр ісіміздің зияны да, пайдасы да  тек өзімізге тиетінін ешуақыт естен шығармасақ екен.






Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары