О, Алла!
О, Алла!-Сен мені тыңдаймысың? Ұғамысың құлыңның мұң-қайғысын?! Таксофонға келіп ап мешіт деген, Қоңырау шалды саған бір байғұсың!
— О, Алла! — Сен мені тыңдаймысың? Тағдырымды тәп-тәтті қылмаймысың?! Қажет бізге өзіңнің шапағатың, Қажетсіз бе сен үшін бұл байғұс үн?
— О, Алла! — Өмірді сан ұқтырдың, Шүкірлігін айтсын деп жарық күннің! Енді ғана тәубеме түскендеймін, Үн қатшы, Алла, қоңырау шалып тұрмын!
— О, Алла! — Мастанып мейрамменен, Сөзді ұмыттым «Адамдар — мейман» деген. Сәл ертерек қоңырау шала алмадым, Аз болғасын бірлігім — иман деген.
— О, Алла! — Өзіңе күшті ақ тілек. Тәубем бүгін телефон ұстатты кеп. «Бамдатқа» да қия алмай бал ұйқымды, Төсегімде жатыппын «түс- тәтті» деп!
— О, Алла! — Өзіңсің ұлы ұстаным. Сенен ғана берекем, ырыс-бағым! «Бесін» кезде бел бүгіп, құлшылық қып, Бес алуға өзіңнен тырыспадым.
— О, Алла! — Бас иіп ырымдарға, Саған серік қосыппын, құным бар ма? «Асрда» да жүріппін асыр салып, Кешіре гөр күнәһар құлыңды, Алла!
— О, Алла! — Болғайсың жар өтінем! Жүрмейді деп жазғырма дәретімен. «Ақшам» кезде аңқиып жатып алып, Ақшам аздау болғанға тағы өкінем.
— О, Алла! — Жомарт ең, жарқын едің! Өзгергендей өмірдің парқы керім. "Құптан" кезде қимылсыз жатқан құлдың, Құптамауға қақың бар, бар тілегін.
— О, Алла! — Сен мені тыңдаймысың? Ұғамысың құлыңның мұң-қайғысын? Бар жасаған күнәмді кешіре гөр, Құлың енді кәпірдің қылмайды ісін. Құлың енді кәпірлік қылмайды.
Пікірлер