Сұрақ:
Балаларды ұялшақтықтан арылтудың әдістері бар ма? Қандай кеңес бере аласыздар?
Жауап:
Ең алдымен ұят пен ұяңдық дінге сенетін әр адамның бойынан табылуы тиіс екенін айта кеткеніміз жөн. Ибн Умардың жеткізуі бойынша Алла елшісі бауырын ұялшақ болмауға үгіттеп жатқан мұсылман дәрігердің қасынан өтіп бара жатып: «Оны мәжбүрлеме, ұят пен ұяңдық иманнан» деген екен.
Барлық пайғамбарлар ұятты ұмытпауға шақырған. Алла елшісі: «Өткен пайғамбарлардан жеткен бір сөз бар: «Ұялмасаң қалағаныңды істей бер» - дейді.
Қазіргі заманда ұялшақтық адам бойындағы жағымсыз, қажетсіз қасиет деген түсінік қалыптасқан. Ұяңдық адамға мақсатына жету жолында кедергі болмақ. Шынында ұялу қасиеті адамды ақымақтықтан, жамандықтан сақтайды. Ұяңдық Исламда қарапайым киінуді, жалғыз қалғанда да, қоғамда да өз-өзін дұрыс ұстауды, ақылға қонымды іс жасауды меңзейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ұят – иманның жартысы» деген.
Исламда әр нәрсенің өз шегі бар. Осы себепті де балаңыздың ұяң әлде жалтақ, жасқаншақ екенін анықтап алу керек.
Жалтақтық - баланың белгілі бір жастағы ерекшелігі, кейбірінде табиғатынан қалыптасқан мінез-құлық та болуы мүмкін.
Психологтар оның пайда болуының келесі себептерін атайды:
- биологиялық бейімділік (яғни балалар табиғатынан сезімтал, сынға, қолайсыз жағдайларда өте сезімтал келеді);
- күйзеліс салдары (басқа қалаға қоныс аудару, жаңа мектепке ауысу, отбасындағы мәселелер, мысал үшін ата-анасының ажырасуы);
- отбасындағы жағымсыз қарым-қатынас (әр кез сынау, шектен тыс бақылау);
- ортадағы бөлектеу (яғни сыныптастарының шеттетуі т.б.).
Ұят пен жалтақтық екеуі мүлде екі бөлек қарама-қайшы қасиеттер. Ұялу адамның адамдық қасиетін көрсетсе, жалтақтық жеке тұлға ретінде қалыптасуға мұрша бермейді. Ол баланың дұрыс қалыптасуына, өміріне кері әсерін тигізеді. Жалтақ балалар құрбы-құрдастарының арасында қысылады, бірдеңені қате айтып қоюдан немесе шеттетілуден қорқады. Бұндай балалар өзіне қатысты айтылған кез-келген ұсақ-түйек сөз үшін де күйзелуі мүмкін. Көп елдің назары өзіне түсе қалса қызарып, қалбалақтап, сөзінен жаңылысуы мүмкін. Ойын дұрыс жеткізе білмейді. Осыдан кейін олар өз бетінше шешім қабылдай алмайды, іштей өз-өзіне деген сенімсіздік туындайды.
Балаға қалай көмектесу керек?
Бір емес бірден бірнеше стратегияны қолдану қажет. Себебі әр балаға қай тәсіл көмектесетінін білмейсіз ғой.
- Балаңызға өз тәжірибеңіз туралы айтып беріңіз. Өз басыңыздан өткен оқиғаларды, мектептегі кішігірім келеңсіздіктерден қалай жол тауып шыққаныңызды айтып, естеліктеріңізбен бөлісіңіз.
- Баланың қиындықтарына көңіл бөліп, оған қолдау көрсетіңіз, әр кез түсінуге тырысыңыз. Сол кезде ғана бала өз қорқынышын жеңе алады. Сонда ғана бала сіздің өзін түсінетініңізді біліп, қиындықтары туралы ашық айтатын болады.
- Баламен қарым-қатынас жасаудың жақсы жақтарын талқылаңыз. Бала айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасаудың не үшін қажеттігін түсінген кезде жалтақтықтан арыла алады.
- Балаңызбен жалтақтық, жасқаншақтық туралы әңгімелесіп, оның жаман қасиеттер екенін түсіндіріңіз. Бірақ балаға «Сен жалтақ, жасқаншақсың» деп айтудан аулақ болыңыз. Басқа адамдардың да балаға бұлай айтуына жол бермеңіз.
- Баламен бірге түрлі ойындар ойнаңыз. Әр түрлі ойыншық аңдарды алып, екеуіңіз екі рөлді сомдаңыздар. «Түрлі проблемалар» ойлап тауып, соны шешуді балаңызға қалдырыңыз.
- Сыныптастарының алдында баяндама оқу, басқа балалардың ойынына қосылу, мұғалімге сұрақ қою сияқты нақты мақсат, тапсырма қойыңыз. Күнтізбе алып, балаңыз орындаған тапсырмаларға белгі қойып отырсаңыз да болады.
- Балаңыз ашыла түскен сайын оны мақтап отыруды ұмытпаңыз. Баланы жалтақтығы үшін ешқашан ұялтпаңыз. Ол балаға кері әсер етеді. Егер балаңыз ойыңыздан шығып, сіз қойған мақсаттарды бірте-бірте орындай бастаса қалаған затын сатып әперіп, арасында онымен бірге қыдырып тұрыңыз.
- Жалтақ, жасқаншақ балаларға өздерінен жасы кіші балалармен қарым-қатынас жасау көп көмектесетінін де ескеру қажет.
Алла Тағала бізге баланы аманатқа бергенін ұмытпайық. Балаңызды бар болмысымен қабылдап, мейірім мен махаббатқа бөлеңіз.
Әмина Омарова
Пікірлер