Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Нұх пайғамбар мен топан су
20 тамыз, 2014 жыл 1608 Басып шығару нұсқасы

Нұх пайғамбар мен топан суАдам ата дүниеден өткен соң ұрпақтары аталарының үйретіп кеткен дінінен, тура жолдан айнымады. Алайда жыл артынан жылдар өте келе адамдар тіршілік пен ризық табу қамына кірісіп, дін мен Құдайға құлшылық ету жайын естерінен шығара бастады. Осыны көрген кейбіреулер Алланы әрдайым ұмыттырмай еске салып тұратын ескерткіштер жасап шығарды. Уақыт өте келе біреулер бұл ескерткіштерді Құдайдың суретіне балап, оларға табына бастады.
Олар бұл ескерткіштер мен пұт тастар Аллаға жақындататын делдалдар деп қате түсінді. Ара-тұра қарсы шыққандарға: «Шындығында біз бұл тастарға Аллаға жақындау үшін ғана табынамыз. Негізгі ниетіміз бен мақсатымыз дұрыс», - деген уәж айтты.
Осылайша олар дүние ісіне әбден беріліп, шетсіз-шексіз ғаламның жаратылысының ұлылығын, оны жаратқан жасампаз Жаратушыны естерінен шығарып алды. Алла Тағаланы тануға ұмтылмады. Оны қадірлеп, ұлықтамады. Оның даралық сипаттарына қарсы келетін іс істеп, Оған серік қосты.
Адамдар надандыққа салынып, нағыз көрсоқырларға айналғанда өздері жасап алған әлгі ескерткіштер мен пұттарына сыйынып, табына бастады., Олардан жақсылық тілеп, жамандықтан қорғауларын сұрап жалбарынды. Бұл тастарды Уәд, Суағ, Йағус, Йағуқ, Нәсір деген сияқты түрлі атаулармен атай бастады. Осылайша адамдар өз тіршіліктерінде нағыз адасу, күпірліктің бұралаң жолына бет алды. Қоғамдарын имансыздық жайлады. Олардың арасында опасыздық, ата-ананы кұрметтемеу сияқты бұзықтықтың сан алуан түрлері белең алды.
Алла Тағала олардың барлық істерінен хабардар болатын. Оларды азғындықтан арылтып, тура жолға салу үшін Нұх пайғамбарды жіберді. Нұх сол халықтардың арасында бұрыннан өмір сүріп келе жатқан сабырлы әрі салмақты, ақылды әрі шешен кісі болатын. Қауымның азғын істерге салынып бара жатқандығына қатты қиналатын.
Алла Тағала Нұхқа өзінің қауымын Аллаға иман келтіріп, Оған серік қосудан сақтануға уағыздауды бұйырып уахи түсірді. Серік қосудың арты жаманға айналатындығын, мұндай азғын істерінен тез арада арылып, күнәларына жарылқану тілеулері тиіс екендіктерін ескертті.
Жаратушының әмірін құп алған Нұх пайғамбар өзінің ауыр қызметін бастап кетті. Ол адамдар жиналған жерлерге: базарларға, жиылыстарға барып, оларға Жаратушының жалғыз екендігін, Оның құдырет-күшін естеріне салды. Оларды азғын істерінен қайтару үшін көп насихат әңгіме, салихалы сұхбаттар жүргізді. Бүкіл ғаламды жаратқан да, көктер мен жердің иесі де, жаңбыр жіберіп егін шығарушы да, бүкіл ризық-несібенің иесі де бір Алла деп түсіндірді.
Қауымын өздерінің бұрыс нанымдарынан қайтып, бір Аллаға табынуға, пұт тастарға құлшылық қылудан тыйылуға шақырды. Ол халық арасында: «Уа, қауымым, туысқандарым! Жаратқан Иелеріңе қайтыңдар. Күнәларыңа жарылқау тілеңдер. Өйткені Алла тез Жарылқаушы. Сендерге аспаннан жауын жаудырды. Егіндеріңнің берекесін берді. Сендерге бала-шағаларыңды да, мал-мүліктеріңді де берген Сол. Ол сендер үшін бау-бақшалар, суы мол өзен-дарияларды жаратты», - деп жар салумен болды.
Бірақ та қауымы Нұхтың сөздерін құлақтарына ілмеді. Оны тыңдаудың орнына мазақ етіп, келекеге айналдырды. Нұхтың насихатын тыңдамау үшін құлақтарын саусақтарымен бітеп алатын болды.
Мұның бәрі Нұхтың қатты налытты. Қауымының ақылға келмегеніне қатты қайғырды. Соған қарамастан ол үлкен сабырдың иесі болатын. Күн демей, түн демей адамдарды тура жолға шақырумен болды. Бәлкім араларынан сөзіне құлақ асып, түзелетін жан табылып қалар деген үмітін үзбеді. Бір жағынан оларға Алла Тағаланың азабы келіп қала ма деп те қатты қауіптенді.
Алайда Нұхтың сөзіне құлақ асып, бір Аллаға иман келтіргендердің саны өте аз болды. Олардың басым көпшілігі жарлы-жақыбайлар мен әлсіз жандар еді. Басқа адамдар оларға қарап күлетін. Олармен бірге отыруды ар санайтын.
Нұх қауымын Алланың тура жолына шақыруын тоқтатпады. Олардың жүректері жібіп, сезімдері оянар деп ойлады. Бірақ қауымы оны мазақпен, балағатпен қарсы алып, қарсылық танытумен болды. «Ей, Нұх! Сен бізбен көп айтыстың. Егер сенің айтып жүргенің шын болса, бізді қорқытып жүрген азабыңды жібер, көрейік», - деп көкіді.
Нұх пайғамбар сабырлылық танытты. Оларға даналық сөздер айтып, дәйек-дәлелдер келтіріп, уағыз-насихатын жалғастыра берді. Бірақ қауымы азған сайын аза түсті. Нұхтың мазақ қылып, кекетумен болды.
- Саған қалай сенеміз? Артыңа ергендерге қарасақ, кілең кедей-кепшік, есалаңдар. Жарлы-жақыбайлар мен бай-манапты тең ететін дін бе сенің дінің? Ей, Нұх! Егер осы сандырағыңды тоқтатпасаң сені тас боран қылып өлтіреміз. Сенен солай құтыламыз, - десті.
Нұхтыңқ ауымын Алланың тура жолына шақырғанына ондаған жыл өтті. Алайда олар құлақ аспай, қарсылық қылуларынан бір танбады. Тіпті керісінше Нұхқа қарсы екшелене түсті. Өйткені олардың жүректері көп күнә жасағандықтан ештеңені сезбейтін тас меңіреу болып қалған еді.
Уақыт өте келе Нұхтың айтқанын былайғы жұртты қойғанда өзінің әйелі мен ұлы да тыңдамайтын болды. Кәпірлерге қосылып оған қарсы шықты.
Нұх пайғамбар жүздеген жылдар өткен соң өзінің іс-әрекетінен, уағыз-насихатынан түк шықпайтындығына әбден көзі жетті. Азғындаған қауымды қанша шақырсаң да бәрібір селт етпейді. Тіпті олар тәрбиелеген ұрпақтардан да еш қайыр жоқ. Қауымын тура жолға салуға тырысып, барлық мүмкіндіктерді пайдаланып көрген Нұх пайғамбар олардың ешқайсысының да иман келтірмейтіндіктеріне әбден кезі жеткен кезде Алла Тағалаға дұға қылды. Көкке екі қолын созып:
- Уа, Жаратқан Ием! Уа, Раббым! Жер бетінде Өзіңнің жолыңнан шығып азғындаған ешқандай кәпірді қалдырма. Олардың түгел құрт. Өйткені олар басқа құлдарыңды тура жолдан тайдырғаннан басқа ештеңе істемейді. Пасық, азғын ұрпақтардан басқа ешкімді тәрбиелемейді. Уа, Раббым! Мені және менің ізіме ерген иман келтірген аз топты, менің үйіме мұсылман болып кірген жандарды жарылқап, рахымыңа бөлегейсің. Залымдардың түп-тұқиянын қалдырмай көздерін жойғайсың, - деп жалбарынды.
Сонда Алла Тағала Нұх пайғамбарға өзі тұрған құрылық жерде бір кеме жасауға әмір берді. Кемені жасап болған соң иман келтіргендермен бірге түбегейлі шешімді күтулерін талап етті. Кәпір қауым Нұх пен иман келтірген топтың кеме жасап жатқандарын көріп, оларды мазақ қылды. Қастарынан өткен сайын кекетіп, келеке етісті. Бұлар ақылдарынан алжасып, жынданды деген дақпырт таратты.
Уақыт өте берді. Кемені жасап болған соң Нұх әрбір хайуан мен құстың жұптарын жинай бастады. Өйткені тек осы кемедегі жандар ғана аман қалып, жер бетіндегі қалған адамдар, жан-жануарлар түгелдей су астына кететін еді.
Нұх Алланың әмірін күтіп жүрді. Өзінің үйінде иман келтіргендерді жинап, уағыз айтумен болды. Ағындаған қауымға үлкен апат жіберілетіндігі туралы айтты. Оған дейін сабырлылықпен Құдайдың әмірін күтуге бұйырды. Үйіндегі әйелі бұл хабарларды кәпірлерге жеткізіп, олар Нұхтың келемеждеумен болды. Оны ақылынан алжасты деп ойлады.
Ақырында бір күні адамзат тарихында бұрын болмаған ең үлкен азаптың уақыты келді. Кенеттен кәпірлердің үйлеріндегі пештерден су атқылай бастады. Нұх пайғамбар иман келтіргендерді тез арада кемеге жинады. Бұрыннан бері жинап келген аң-құстардың жұптарын да кемеге тиеді.
Ауа-райы күрт өзгерді. Қатты жел соғып, аспаннан нөсер жаңбыр құйып берді. Ал жердің астынан су атқылаған үстіне атқылай берді. Дүние астан-кестең болып кетті. Бұл Алла Тағаланың кәпір қауымға жіберген азабы еді.
Адамдарды қорқыныш пен үрей биледі. Кәпірлер қанша жанталасып үйлерінің шатырларына, биік төбелерге шығып алғандарымен де топан судың деңгейі тез-тез көтеріле берді. Олардың барлығы судың астында қалды. Нұх пен мұсылмандар мінген кеме судың үстіне қалқып шықты. Кенеттен Нұх өзінің кәпірлермен бірге кеткен ұлының биік тауға өрмелеп шығып бара жатқанын көзі шалып қалады. Туған ұлын құтқармақ ниетімен:
- Уа, ұлым! Кемеге мін, кәпірлермен бірге қалма! - деп айқайлады.
Ал ұлы болса:
- Таудың ұшар басына шығып, аман қаламын, - деді.
Нұх ұлына жаны ашып:
- Ай, балам-ай! Бүгін Алланың әмірінен ешкім де құтыла алмайды, - деп жар салды.
Адамдар жан-жаққа жан ұшыра жүгіруде. Ешкімнің ешкімге қарауға мұршасы жоқ. Бас сауғалап, қарақан бастарын құтқаруға қарекет етуде. Бірақ та мезет сайын көтеріліп жатқан топан судың алып толқындары адамдарды да, бүкіл дүниені де басып барады. Осы алапаттың бәріне кеменің үстінен бақылап тұрған Нұх баласын үлкен толқын соғып, су астында қалғанына куә болды. Ұлының жан ұшыра айқайлап, өлім құшағында кетіп бара жатқанын көзімен көріп, оған жаны ашып, жүрегі езілді.
- Уа, Раббым! Сенің уағдаң ақиқат. Шынында ұлым менің отбасымнан еді, - деп Аллаға дұға қылды. - Уа, Раббым! Сен отбасым мен менің ізіме ергендерді құтқарамын деп едің.
Сол кезде алыстан жаңғырыққан мынадай дауыс естілді:
- Уа, Нұх! Шынында ол сенің отбасыңа кірмейді. Ол жаман істің иесі!
Осылайша Нұх пен оның ұлының арасын алып толқындар жауып кетті. Ұлы кәпірлермен бірге суға батты.
Нұхтың кемесі биік-биік толқындардың арасымен жүзіп келеді. Айналаның барлығы теңізге айналды. Көкжиекте ешқандай жердің шеті көрінбейді. Тек теңіз, аспан және кеме. Одан басқа ешқандай дүние жоқ. Нұхтың кемесі осылайша біраз уақыт шалқыған теңіздің үстінде жүзіп жүрді.
Ақырында Алла Тағаладан:
- Ей, жер, суыңды өзіңе сіңір! Ей, аспан, нөсерді тоқтат! - деген пәрмен келді.
Сол-ақ екен, нөсер жауын тыйылып, теңіз суы да бірте-бірте кішірейіп тартыла бастады. Нұхтың кемесі алыстан көрінген бір таудың ұшына барып тірелді. Кемедегілер Алла Тағалаға шүкірлік етіп, жерге түсті. Жер бетінде тіршілік қайта басталды.
Қиссаның Құран Кәрімдегі нұсқасы
Алла Тағала былай деген: «Біз Нұхты қауымына жібердік. (Нұх) «Шынында мен сендерге анық ескертушімін» (деді) (25). «Алладан басқа ештеңеге де табынбаңдар. Шынында сендер үшін ауыр күннің азабынан қорқамын» (26). Қауымынан кәпір болған ұлықтар: «Біз сенің өзіміз сияқты адам екеніңді көріп тұрмыз. Сенің соңыңа ең бір ақылы кем сорлыларымыздан басқаның ергенін көрмей тұрмыз. Сондай-ақ сендердің бізден асып тұрған бір артықшылықтарыңды да көрмей тұрмыз. Тіпті сендерді өтірікші деп ойлаймыз», - деді (27). (Нұх оларға) «Уа, қауымым! Ал, мен Раббым тарапынан ашық дәлелге сүйенген әрі Ол маған Өз тарапынан рахымын жіберген болса ше? Сендер оны көре алмасаңдар, оны қаламасаңдар біз сендерді зорлап қабылдата аламыз ба?» - деді (28). «Уа, қауымым! Мен сендерден байлық сұрамаймын. Менің сыйым Аллаға ғана тән. Және мен иман келтіргендерді қумаймын. Олар Раббыларымен жолығады. Бірақ мен сендердің надан қауым екендіктеріңді көріп тұрмын» (29). «Уа, қауымым! Егер оларды қуатын болсам мені Алладан кім құтқарады? Соны түсінбейсіңдер ме?» (30). «Сендерге менің қасымда Алланың қазыналары бар демеймін әрі ғайыпты да білмеймін. Мен бір періштемін де демеймін. Сондай-да ақ, сендер көздеріңе ілмейтіндерге Алла қайыр қылмайды деп те айтпаймын. Олай етсем мен нағыз залымдардан болармын» (31). Олар: «Әй, Нұх! Сен бізбен көп дауласып, дауды көбейттің. Егер сенін айтқандарың рас болса, уәде еткен нәрселеріңді келтір», - десті (32). (Нұх) «Оны сендерге қаласа Алла ғана келтіреді. Сендердің оған шамаларың жетпейді», - деді (33). «Егер Алла сендерді адастыруды қаласа, менің сендерге насихат айтқым келсе де насихатым сендерге еш пайда бермейді. Ол сендердің Иелерің және оған қайтарыласыңдар» (34). Немесе олар (кәпірлер): «Оны(Құранды Мұхаммед) өзі жасады», - дей ме? Ол арға: «Егер оны өзім жасаған болсам, күнәм өзіме болар еді. Бірақ менің сендердің істеген күнәларыңа қатысым жоқ», - де. (35) Сондай-ақ, Нұхқа: «Қауымыңнан бұрын иман келтіргендерден басқа енді ешкім де иман келтірмейді. Енді олардың істегендеріне қайғырма», - деп уахи етілді (36). «Көз алдымызда уахиымыз бойынша кеме жаса. Маған зұлымдық жасағандар туралы айтпа. Шынында олар суға кетеді» (37). Ол кемені жасап жатты. Қауымының ұлықтары онын жанынан өткен сайын оны келеке етті. (Нұх) оларға: «Бізді келеке етсеңдер, біз де сендерді бізді келеке еткендеріңдей келеке қылармыз», - деді (38). «Сендер сорлататын азаптың кімге келіп, кімнің тұрақты азапқа тап болатынын анық білетін боласыңдар» (39). Ақыры әміріміз келген кезде тандырдан су атқылады. (Нұхқа) «Оған (кемеге) әр нәрседен екі жұпты және жанұяңнан сөзіміз айтылғандардан басқаларын және иман келтіргендерді орналастыр», - дедік. Иман келтіргендер өте аз болатын (40). (Нұх) «Оған отырыңдар. Ол Алланың атымен жүзіп, тоқтайтын болады. Шынында Раббым аса жарылқаушы әрі ерекше мейірімді», - деді (41). Ол (кеме) оларды таудай толқындармен алып жүрді. Нұх жалғыз қалған ұлына: «Уа, ұлым! Бізбен бірге мін! Кәпірлерден болма!» - деп дауыстады (42). (Ұлы болса) «Мен судан аман сақтап қалатын тауды паналаймын», - деді. (Нұх) «Бүгін Алланың әмірінен сақтаушы ешкім жоқ, егер Өзі рахым етпесе», - деді. Сол кезде олардың арасын толқын бөліп кетті де, (Нұхтың ұлы) суға кеткендерден болды (43). «Әй, жер! Суыңды жұт! Әй, аспан! Сен доғар!» - делінді. Су тартылып, іс орындалды. (Кеме) Жуди тауының үстіне тоқтады. «Залымдар ойран болсын» делінді (44). Нұх Раббысына: «Уа, Раббым! Шынында ұлым жанұямнан еді. Сенің уәдең хақ. Сен үкім етушілердің данасысың», - деп дауыстады. (45) (Алла Тағала) «Әй, Нұх! Ол сенің жанұяңнан емес, оның ісі жақсы амал емес. Менен өзің білмеген нәрсені сұрама. Мен сені надандардан болмауға шақырамын», - деді (46). (Нұх) «Уа, Раббым! Сенен өзім білмейтін нәрсені сұраудан Өзіңнің атыңмен сақтанамын. Егер мені жарылқап, рахымыңа бөлемесең, зиянға ұшыраушылардан болармын», - деді (47). «Әй, Нұх! Біздің саған және сенімен болған халықтарға берген сәлемімізбен әрі берекетімізбен түс. Бірталай халықтарды дүниеде рақатқа батырамыз да, сосын олар біздің тарапымыздан күйзелтуші азапқа ұшырайды», - делінді (48)». (һуд сүресі, 25-48- аяттар).
Құран Кәрімнің 71-сүресінің жиырма сегіз аяты түгелімен Нұх пайғамбардың қиссасына арналған. Бүл сүре былай басталады: «Расында Нұхтың еліне «Қауымыңды күйзелтуші азап келуден бұрын қорқыт», - деп жібердік (1). (Нұх оларға) «Шын мәнінде мен сендерге ашық ескертушімін», - деді (2)» . (Нұх сүресі, 1-2-аяттар).


Аударған: С. Ибадуллаев
Саран қалалық мешітінің бас имамы:Саликов Мұхаметқали.





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары