Әр уақытта ерлік пен өрлік дәуірі, ар-намыс жолы дәріптелгенде бүгінгі қазақ елінің ұрпағы өз бойында батырлық пен өжеттіліктің, ақылдылық пен табандылықтың рухын биік ұстай алады. Қазақ халқы – тумысынан өткенді бағамдап, болашаққа үмітпен қарайтын халықтың бірі. Осы орайда дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің: «Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзақ-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, келешегін жоспарлайды. Тамырын тереңнен тартқан қазақ халқының алмағайып замандарда жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел, жоралы жұрт қалпын, дінін сақтап қалғаны – оның еркіндікке ұмтылған ерік-жігерінің, асқақ рухының, отансүйгіш иманы мен ибалылығының арқасы. Ислам дінінің Қазақстанға келгеніне 1250 жылдан асты. Өз табиғаты мен болмысына барынша жақын асыл дінді танып-білген бабаларымыз оны сонау VIII ғасырда-ақ қабылдаған. Содан бері Ислам жұртымыздың жүрер жолы, бағыт-бағдары, қорғаны, тірегі де болып келеді» деген пікірі біздің мақаламызды қуаттай түседі.
Кезінде халқымыздың біртуар ағартушылары мен жыраулары, ақиық ақындары имандылық тақырыбынан айналып өтпеген. Иман мен намаз, зекет пен хаж жайында қалам тербеген. Мақаламыздың ортасынан ұлық ғибадат намаз турасында үзінді келтіре кетейік. Әрбір мұсылман баласының иман еткеннен кейінгі ізгі құлшылығы намаз болып саналады. Құлшылық етіп Жаратушы иесін тану үшін жаралған адамзат баласын екі дүние бақытына бөлейтін осы ізгі амалды құран Кәрімнің көптеген аяттарында былайша баяндайды. Анкабут сүресінің 45-ші аяты: «(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқы, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тияды...» Әл-Әнғам сүресі, 162 аяты: «Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін» де. Әл-Ағраф сүресі, 170-аяты: «Кітапты мықты ұстаған және намазды толық орындағандар бар, дау жоқ, Біз игілік істегендердің сауабын зая қылмаймыз» Әл-Әнфал сүресі, 3-аяты: «Сондай-ақ олар намазды толық орындап, оларға берілген несібемізден (тиісті орынға) жұмсайды» Әт-Тәубә сүресі, 11-аяты: «Олар күнәсына өкініп тәубе етсе, намазды толық орындаса, зекетті берсе, онда сендердің дін бауырларың. Білген елге аяттарымызды ашық-айқын баян етеміз» Ибраһим сүресі, 40-аяты: «Раббым! Мені және ұрпақтарымды намазды толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал» Осындай аяттардан намаздың – адамды Жаратушыға жақындатын, рух пен ерікті күшейтетін, сабыр мен шүкірге үйрететін хикметтерін аңғарамыз.
Көптеген ғалымдар соңғы жылдары Ислам діннің хақтығын дәлелдейтін жаңалықтарды молынан ашып жүр. Соның қатарында намаздың денсаулыққа да пайдасы туралы адамзаттың зерттеген еңбектері жетерлік. Ал, бұл ғибадаттың әлі ашылмаған, біздің санамыз жете бермейтін сырлары одан да көп болуы мүмкін. Осы орайда жоғарыда айтып өткенімізде тақырыпқа арқау етіп отырған бабаларымыздың бірі, өз заманының зиялысы Бұқар жырау бабамыздың имандылыққа қатысты еңбектеріне шолу жасап көрсек. Тау тұлғалы бабамыз халқын имандылық жолына шақыра отырып:
Кемелді етіп санатпен,
Саулық берген Тәңірді айт.
Аузыңа иман үйреткен
Ғалайһиссалам Мұхаммедті айт.
Мұсылман болсаң алдымен,
Іншаллаһи, бисмиллаһты айт.
Таңертең азан шақырған
Дауысы сұлу молланы айт, -деп, сөз басын «биссмиллаһ» пен «Ғалайһиссалам Мұхаммедпен» бастауы да содан. Дана абыз әрбір толғауында имандылықтың мән-мазмұнын ашып түсіндіріп отырады.
Ей, айташы, Алланы айт,
Аты жақсы Құдайды айт.
Төрт шарияр, Мұстафа,
Мұсқап ашқан ғаламды айт,
-деп басталатын толғауында Алла кітабы Құранның аты – Фұрқан екендігін, Аршы мен Күрсі Алла Тағаланың ең үлкен жаратылысы екендігін, «Лаухұл махфуз» барша жаратылыстың пайда болған кезінен бастап қияметке дейінгі тағдыры жазылған кітап екендігін айта келіп, сол кітапты жазу үшін Алла Тағаланың қаламды бірінші жаратқанын да түсіндіреді. Адам баласына Алланың кемел жаратылыс иесі етіп жаратқанын еске салып:
Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас,-
Сондай-ақ:
Хақтың үйі мешітті,
Ақты Құдай шешіпті,-
деген жыр жолдарының астарында да терең тағылым жатыр.
Ал оның:
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Әзәзіл, пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа,-
дейтін толғауындағы он бір тілектің бәрі де бірінен-бірі құнды. Бірінші тілегінің өзін Алланың атымен бастаған жырау имандылық болған жерде жаман іс-әрекет, теріс пиғыл, жөнсіз қиянат болмайтындығын біліп, бірден оқырманын имандылыққа шақырады. Ардақты пайғамбарымыз өз хадисінде «Намаз-мүминнің миғражы» деп сүйіншілеген. Осы ұлағаттарды Бұқар жырау бабамыз «Бес уақыт бес намаз, біреуі қаза қалмасқа» деп мұсылманның парыздарын да жадында ұстап отырған. Залымның тіліне ермеу, төрде төсек тартып жатпау, жау келгенде сасып тұрмау, төреңнің тақтан таймауы, анаңның аңырап қалмауы, жарыңның жесір қалмауы сынды өсиеттердің бәрі де – адам баласы үшін алдыңғы кезекте тұратын жауһарлар. Жалпы, Бұқар жыраудың қай туындысын алсақ та, осындай өзекті мәселелердің топтап-топтап айтылатынын байқауға болады.
Осыған ұқсас тағы бір ұл мақтанышы, жыр алыбы саналған Мұқағали Мақатаев — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда, Мұқағалидің шеберлігі өзі өмірден көрген-білгенін көңіл елегінен өткізе терең жеткізуінде. Ақиық ақын имандылық, ислам діні турасында “Я, Жаратушы Аллам”, “Сатқан емен дінімді мен”, “Дін-ғылымның анасы”, “Я, Алла”, “Бүкіл дүние мұсылмандарына хат”, “Адам қайдан жаралған”, “Жүрек арызы”, “Күн батты, міне, кеш кірді”, “Не керек, осы, адамға”, т.б. өлеңдер жазды.
“Сатқан емен, сатпайтын дінімді мен”, “Мұхаммедтің үмбеті-мұсылманмын”, “Сайтанның да, күнәсіз періштенің, Бал мен уын талғамай неге ішкенмін. Періштенің қайғысын бөліспедім, Сайтанменен болса да келіспедім” секілді жыр жолдарында адам табиғатына сай тартыс, пенденің жан тылсымындағы рухани күрестер көрініс тапқан. Қалай десек те, тізбектеп ала беретін болсақ ұлтымыздың рухани өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосқан ұл зиялылары мен заңғар ақындары өз заманының төл перзенттері болды. Өз уақытында осындай кемеңгер бабаларымызды бүгінгі ұрпақтары біз де мақтан тұтып, олардың өсиеттерінің өміршеңдігін ұмытпауымыз қажет.
Тәмсіл.
Дана Ескендірден «Сіз неге әкеңізден гөрі тәлімгерлерді әз тұтасыз?» - деп сұрапты. Сонда Ескендір: «Әкем маған өтпелі өмірді ғана берді, ал тәлімгерім мәңгілікке баратын жанымды жанып бекемдеді», - деп жауап беріпті.
Қарағанды қалалық
№1-мешітінің бас имамы Құнанбаев Орманбет Болатұлы
Пікірлер