Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ас атасы...
14 ақпан, 2014 жыл 233 Басып шығару нұсқасы

Ас атасы...Бұл күнде дінге бет бұрған жастар саны күн санап артып келе жатқаны баршаға аян. Бірақ, ата-бабаларымыз айтқан нақыл сөздер мен өсиеттерді тігінен қабылдап, соның салдарынан қателесіп бара жатқандар кездеседі. Соның бір мысалы, дұға бағыштайтын қонаққа барсаңыз «құдайы нанға» құран оқып берсеңіз дегенде, жастар жағы болса, Құран тірі адамзатқа түскен құдайы нанға құран оқылмайды деп қарсылық танытып жатады. Шын мәнінде Құран Кәрім адамзатқа түскен кітап. Адамның екі дүниесінде Құран қамтиды. Хашыр сүресінде: «(Мұхаммед) Егер осы Құранды бір тауға түсірсек еді, Алладан қорыққандығынан үрейленіп, быт-шыт болғанын көрер едің» делінген. Сонымен қатар, Құранның қасиетті рамазан айында ақ пен қараны айыратын жолбасшы ретінде түсірілгендігіне күмән жоқ. Яғни, Құранның адамзатқа түскендігі ақиқат. Бірақ, оның әрбір әріпіне еселеп сауап жазылатындығын да ұмытпағанымыз жөн. Алла елшісі (с.ғ.с) «Уа лау би шаққи тамротин - жарты құрма болса да садақа беріп тұрыңдар» деп, бар мүмкіндігінше қайырымды болуға үндеген. Тағы бір хадисінде «Ас содақоту родди бала - садақа бәле жаланың алдын алады» деген болатын. Демек, қазақ халқының жеті немесе тоғыз шелпек пісіріп, оны кез-келген кісіге таратып дәм татқызуында өзіне тән мағына жатыр. Жарты шелпек болса да садақа ниетімен таратып сауабын алады. Әр ұлттың өзіндік салты болатын болса, біздің халықта «ас атасы-нан» деп оны барынша қадірлеген. Тіпті нанның ұсағын жас балаларға қолымен тергізіп оны аяқ асты етпеуге тәрбиелеген. Мектеп табалдырығында «Нан ұсағын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар. Теріп алып қолменен, торғайларға тастаңдар» деп сауапты іске баулып тақпақ жаттатқан. Ендеше, асымыздың арқауы болатын нанды, оның ішінде сондай ықыласпен пісірілетін «шелпекті шетке ысырып» тастағысы келетіндер алдымен нанның қадірін білуі тиіс. Кешегі қиын-қыстау кездерде бала кезімізде еміс-еміс есте қалған көріністер бар. Кісі шақырғанда дастархан бетінде бауырсақ пен сары май, бірді-екілі мұз кәмпиттер ғана болатын. Бүгінгідей көл-көсір тағамның түрі (конфет-шоколад, жеміс-жидек) болған емес. Құдайы нанға құран оқудағы мақсат- астың алдында Алланың қасиетті кәләмімен, бисмилләмен бастауды және ең жақсы сөз Құранды оқу кезінде дастархан үстіндегі тағамға Құранның қасиеті мен шипасы дарысын деген ниеттен туындаған. Осындай ниетпен «шелпекке дұға оқып» бастауды әдетке айналдырғанбыз. Олай болса, әрбір істің атқарылатын орны мен әр заманның өз бағыты болатындығын де есте ұстап, ізгілікті істен «ілік» іздемей, танымы кең түсінікпен қарайық. Дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазірет халықтың жанына жақын дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеуінде үлкен мән бар. Сондықтан дәстүрімізден жерінбей, жат жердің жылтырақтарына еліктемей, өз жеріміздің жетелі ғұрыптарын жандандырып жүрейік құрметті қауым!


Қарағанды қалалық №1-мешітінің наиб имамы Ермахан Оралбай қажы





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары