Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Әбу Ханифа мен Хазрет Хизр
10 ақпан, 2014 жыл 518 Басып шығару нұсқасы

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) мен Хазрет Хизр (ғ.с.)Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетінің ішіндегі ең ұлы адам - Имам Ағзам Әбу Ханифа( р.а.). Джамиғиррумуз кітабында келген хадис осының дәлелі.
Расулуллаһ( с.ғ.с.) айтты: «Адам баласы Алла алдына сап-сап болып жиналғанда Адам ата ғ.с Мені мақтан тұтады, ал Мен үмбетімнің арасынан Нұғман есімді кісіні мақтан тұтамын, оның лақап аты Әбу Ханифа, ол менің үмбетімнің жарық жұлдызы» деген. Келесі хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Қиямет күні барлық пайғамбарлар Мені мақтан тұтады, ал Мен Әбу Ханифаны мақтан тұтамын, кім оны жақсы көрсе ол Мені жақсы көргені және кім оны жеккөрсе ол Мені жеккөргені» деген екен.
Әбу Ханифа( р.а.) үш жасында қасиетті Құранды жатқа біліп Қари атанған. Тоғыз жасында ғалым дәрежесіне көтеріліп Имам Ағзам атағына ие болған. Имам Ағзамның төрт мың ұстазы болған екен. Соның ішінде білімнің қайнар бұлағы болған алты Сахабадан тікелей сабақ алған. Әбу Ханифа (р.а.) Қасиетті Құран мен Хадисті талқылап кейінгі ұрпаққа Ұлы жол қалдырды. Бұл жол Әбу Ханифа мәзһабы деп аталды. Ханафи мәзһабы муджтаһид ғалымдары арасынан шыққан ең бірінші және ең ұлы мәзһаб. Мұсылмандардың көпшілігі осы мәзһабты ұстанатыны айдан анық.
Бір хабарда төрт пайғамбар тірі делінген, солардың бірі Хазреті Хизр (ғ.с.). Жер бетін әр түрлі бейнеде аралап жүретін Алланың құлы Қыдыр ата деген атпен ел арасында белгілі. Ол кісінің оң қолындағы бас бармағының сүйегі жоқ, осы арқылы танып білуге болады. Хизр (ғ.с.) Әбу Ханифадан тірі кезінде елу жыл дәріс алған екен. Кейін Әбу Ханифа( р.а.) дүние салады. Осындай орны толмас қайғыға Хизр ғ.с-ның қабырғасы қайысып, Алла тағалаға мінәжат етіп: «Иә жаратушы ием, мен ілімді толық алып үлгермедім, маған Әбу Ханифаның р.а қабіріне барып және дәріс алуыма рұқсат беріңіз» деп дұға қылады. Алла тағала оның дұғасын қабыл етіп ризашылығын білдіреді. Осыдан кейін Хизр( ғ.с.) Әбу Ханифаның (р.а.) қабіріне барып жиырма бес жыл дәріс алады. Осылайша Хизр (ғ.с.) Әбу Ханифадан (р.а.) барлығы жетпіс бес жыл дәріс алу арқылы қаймағы бұзылмаған асыл дінімізді бойына сіңіреді. Хизр(ғ.с.) өзі көңілі толарлықтай білімін алып болған соң Жаратушыға ризашылығын білдіріп мінәжат етті. Алла тағала оған: «Енді сен өз орыныңа бар, менің бұйрығымды күт» деп бұйырды. Хизр (ғ.с.) өз орнына кетіп Алланың бұйрығын күтті. Осыдан кейін көп уақыт өтеді.
Иемен жағында Джайхун дейтін өзен бар, сол өзен бойындағы бір ауылда Әбулқосим есімді бала өмір сүреді. Ол баланың жалғыз анасынан басқа ешкімі жоқ еді. Бала өте зерек, әрі ақылды, жастайынан білімге деген ықыласы ерекше болды. Сол заманда Бұхара, Самарқанд деген жерлер білімнің қайнап тұрған ордасы еді. Бір күні Әбулқосим анасына Бұхара шаһарындағы үлкен медреседен дәріс алғысы келетінін айтып рұқсат сұрады. Анасы жібермейін десе Алла жолынан тосқан болады, жіберейін десе жалғыз ұлы жүрегі қимайды. Көп ойланып анасы рұқсатын береді. Әбулқосим қатты қуанып қасына досын ертіп жол сапарға дайын екендігін айтып анасына келеді. Байғұс ана болса баласын қимай есік алдында отыр екен. Әбулқосим анасымен қош айтысып жолға шығып кетеді. Осы кезде анасы: «Балам қайтып келмейінше мен нәр татпаймын, үйге де кірмеймін» деп Аллаға серт беріп отырған күйі отырып қала береді. Ал Әбулқосим ұзақ сапардың бірінші аялдамасына келіп тоқтайды. Тамақтанып, дем алып, кешінде дәрет сындырады сонда нәжіс киіміне тамып кетеді. Сол кезде Әбулқосим қасындағы досына келіп:«Әрі қарай маған жол жоқ екен, мен кері қайтамын» дейді. Досы түсінбей мән-жәйді сұрайды. Әбулқосим: «Бірінші аялдамаға келгенімде нәжіс менің киіміме тиді, екінші аялдамада нәжіс менің денеме тиеді, ал үшінші аялдамада нәжіс менің рухыма тиеді» деп кері қайтады. Қайтып үйіне келсе анасы далада сол отырған орнынан қозғалмапты. Анасы баласының келгенін көріп қатты қуанып құшағына алып үйіне кіреді. Баланың анасын разы қылған ісіне Алла тағала разы болды. Оның білімге деген ықыласын көріп біліп тұрған Алла енді Хизр ғ.с – ға Әбулқосимнің үйіне барып дәріс беруін бұйырды. Хизр ғ.с күніге таң қылаң беруге жақын уақытта келіп үздіксіз дәріс беріп жүрді. Ол өзінің Әбу Ханифадан р.а жетпіс бес жыл алған дәрісін Әбулқосимға үш жылда бойына сіңіріп берді. Осындай аз уақытта Әбулқосим білім иесі атанды, күннен күнге дәрежесі артты. Білім аламыз деп келіп жатқан шәкірттерде сан жоқ. Әбулқосим Ханафи мәзһабы негізінде мыңдаған кітап жазады. Сосын оларды сандыққа салып өзінің сенімді деген шәкіртіне беріп: «Мынаны Джайхун өзеніне апарып таста» деп бұйырды. Ол болса көпірдің үстіне шығып сандықты суға тастауға қимай үйіне апарып тығып қойып ұстазына қайтып келеді. Ұстазы: «Тастадың ба?» деп сұрайды? Шәкірті: «Тастадым» деді. Ұстазы: «Не көрдің?» Шәкірті: «Ештеңе көрмедім». Ұстазы: «Онда тастамаған екенсің ғой, бар таста суға» деп қаттырақ ұрсып жібереді. Шәкірті амал жоқ қимаса да көпірдің үстіне шығып сандықты суға тастағаны сол еді су арасынан бір қол шығып сандықты суға тигізбей шап беріп ұстап суға қойып кетті. Осындай кереметті көрген шәкірт көзі шаранадай болып дірілдеп ұстазына жүгіріп келеді. Болған оқиғаның бәрін айтып мұның сырын сұрады. Ұстазы: «Ол су арасынан шыққан қол - кітап сақтаушы. Кейін қиямет жақындағанда бір көзді Дажжал шығып Жер бетін басып алып ислам дініне қатысты кітаптың бәрін өртейді. Сонда Иса ( ғ.с.) көктен түсіп Дажжалды өлтіреді. Ол пайғамбар емес, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарымыздың үмбеті болып ислам дініне өтеді. Содан Иса( ғ.с.) ислам шариғатын оқып білгісі келіп Жер бетінен исламға қатысты кітап іздейді, өкінішке орай бір де бір кітап таба алмай қатты қиналады. Осы кезде Жәбрейіл ғ.с келіп: «Ей Иса ( ғ.с.), сен Джайхун өзені жағасына бар, екі ракағат намаз оқы, Жаратушыға жалбарын, сосын кітап сақтаушыдан өзіңе тиесілі кітаптарды сұра» дейді. Иса (ғ.с.) өзен жағалауына келіп айтқандай етіп кітап сақтаушыдан кітаптарды алады. Осылайша Иса (ғ.с.) Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы жолында ислам дінін тереңнен танитын болады» деп Әбулқосим ұстаз сөзін аяқтады.
Міне құрметті жамағат біздерге осындай Ұлық Имам ӘбуХанифа мәзһабын нәсіп еткен Алла тағалаға сансыз мақтау болсын!


Арабшадан аударған:
Балқаш теміржолшылары мешітінің бас имамы Медет қажы Құралұлы





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары