Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мәуліт мерекесінің ерекшелігі
06 ақпан, 2014 жыл 22 Басып шығару нұсқасы

Мәуліт мерекесін тойлаудағы негізгі мақсатымыз не?Рабиүл әууәл айы «Мәуліт айы» деп те аталатыны баршаңызға белгілі. Бұл айға есендікте жеткізген Жаратқан Аллаға шүкірлеріміз болсын. Баршаңызға мәуліт айы құтты болсын. Шаңырақтарыңызға жақсылық жақын болсын, бірлік пен берекелеріңіз болсын. Әр жылы рабиүл-аууәл айында әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiн мерекелеп, Аллаһ тағала өзiнiң сүйiктi пайғамбары Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметi етiп жаратқанына жамағат болып шүкiрлер мен салауаттар айтып, осы айды мереке ететін ғұрыпымыз бар.
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) Алланың соңғы, әрі ең абзал пайғамбары екені шындық. Сонымен қатар әрі өзін мұсылманмын деп санаған еркек пен әйел, жасы мен кәрісіне, барлығына Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін, сипатын, мінез-құлқын дұрыстап үйренулері – уәжіп. Имам Мүслiм (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Айша анамыздан Сағад ибн Һишам (р.а.):
– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с ) әдеп-ақылағы, мінез-құлқы туралы айтыңызшы,– деп сұрады. Айша анамыз оған:
– Сен Құран оқымайсың ба?– дедi.
– Әрине, оқимын,– дейді әлгі сахаба.
Сонда Айша анамыз:
– Олай болса, Расулаллаһтың әдеп-ақылағы, мінез-құлқы Құран едi»,– деп жауап берді» делінген. Жалпы, әдеп-ақылақ, мінез-құлыққа Ислам үлкен - үлкен тақырыптар арнаған. Қасиетті Құранның негізгі мақсаттарының бірі – адамды әдеп-ақылаққа, көркем мінезділікке тәрбиелеу. Қасиетті Құранда дәріптелген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойынан табылған ізгі қасиеттер адам бойына өз-өзінен қона қоймайды. Керісінше, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері, сүннеттері, сипаттары, ахылақтары Расулаллаһқа (с.ғ.с.) қатысты әрбір мағлұматтарды және қасиетті Құранды көңіл қоя, оқып түсінумен, ізденумен, үйренумен, әрекет етумен адам бойына қалыптасады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы оқымаса, Аллаһ елшісінен қалай өнеге алады? Шариғатты қалайша үйренбек? Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) махаббаты қалай оянбақ? Ал, мұның бәрін мұсылмандар білуі тиіс. Алла тағала қасиетті Құранда пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үлгі алуға, ол кісіге бойсынуға әмір еткен.
«Ахзаб» сүресiнің, 20-аятында: «Расында, сендер үшiн, Алладан да, ақирет күнiнен де үмiт еткендер және Алланы көп еске алатын кiсiлер үшiн, Алланың елшiсi (Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарда) көркем өнегелер (үлгілі қасиеттер) бар» делінген.
Хадис шарифте: «Сiздердiң ешқайсыларыңыз менi өз балаларынан, ата-анасынан және барлық адамдардан артық көрмейiнше, иман келтiре алмайсыздар (имандарың кәміл болмайды)» деген. Сондықтан, өзін мұсылманын деп санаған әрбір еркек пен әйелге, жас пен кәріге бірдей пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір баянын, мінез-құлқын дұрыс білуі уәжіп.
Бұл өз-өзінен бола бермейді. Керісінше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттері, сипаттары, ахылақтары ол кісіге қатысты әрбір мағлұматтарды ерекше көңіл қойып, оқумен, ізденумен іске асады. Қазақ тілінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны керемет бейнелеген кітаптар аз емес. Солардан «ибн Хишам», «Адамзаттың асыл тәжі», «Мұхаммед пайғамбар» деген кітаптарды оқу қажет.
Мұсылмандар сахабалардан кейінгі дәуірлерде қасиетті Құранның мағынасымен бірге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын да оқып үйренді. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғұмырынан хабардар болған адам Құран Кәрім мен хадис-шәріптерді дұрыс амалға асыруды үйренді. Сөйтіп өткеннен өнеге, өрнек алады. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзіне үлгі етіп өмір сүреді. Осыдан бұрынғылардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббаттары ерекше болған. Сүннеттерін қалдырмай оқыған. Бірақ, заман өткен сайын, дәуір жаңаланып мұсылмандар көбейді. Арабтардан басқа түрлі дін мен пәлсападағы халықтар да Ислам дінін қабылдады. Сонымен қатар, кісілердің өмірі қиындай бастады. Бала-шаға бағу үшін, тіршілік қамы үшін, жақсылап өмір сүру үшін еңбек ету еселей артты. Том-том кітаптарды отырып оқу, ондағы мәліметтерді үйреніп, өз бойына сіңіріп алу әрбір кісіге нәсіп болмай қалды. Осыдан бірте-бірте мұсылмандар жамағаты қарапайым халық ішінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын, мінез-құлқын, оқып, үйренуден шеттеп қалды. Адамдар бара-бара өз пайғамбарлары туралы мәліметтерден қашықтай бастады. Әрине, бұл өкінішті жағдай көп ғұламаларды, әкімдерді ойға қалдырды. Кейбіреулер оған шара іздеді. Сол ғасырларда Иракта әмірлік еткен Тарғұлбек атты әмірдің бұйрығы бойынша өз заманының көрнекті ғұламаларының басшысы Әбу Шуама бір ұсыныспен шықты. Ол ұсыныстың мақсаты – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тегі мен өмірбаянын халыққа таныстыру үшін оңтайлы жолды ойлап табу болатын. Ол – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы жазылған тарихи кітаптар негізінде өлең мен жазу еді. Сондай қысқа да нұсқа көркем мағыналы өлеңдерді мәуліт айында барынша насихаттау қажет болды. Содан ұсыныс қабылданып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғұмырына арналған дастандар көптеп жазылды. Бұл өлең шумақтарын халықтың жатқа оқуы жақсы үрдіске айналды. Сол өлеңдердің атын халық «Мәуліт» деп атап кетті. Көбіне біз «мәуліт» дегеннен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін түсінеміз. Бірақ, негізінде, бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі туралы айтылатын өлеңге қойылған ат. Өлеңдетіп айту адамдарға, әсіресе, арабтарға өз әсерін тигізетін ұтымды әдіс болды. Осылайша мәуліт атты өлеңдерді адамдарға оқып бергенде олар аз уақыт ішінде Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығы туралы түсініктері кеңіп, тереңдей бастады. Әрі мәуліт өлеңдерін жаттап алу оңайға түсті.
Иракта әмір Тарғұлбектің басшылығымен Әбу Шуаманың ұсынысымен мәуліт жиыны өткізілуі өріс алғаннан кейін ол көрші елдерге де жетті. Олар да бұны дұрыс қабылдап, оны амалға асырды. Сөйтіп, бұл ислам әлеміне таралды. Біздің өлкелерге мәуліт деп аталған поэмалардан Жағфар Барзанжи рахматуллаһи әләйһ жазған «Мәуліт ан-наби» поэмаларын оқу әдетке айналған-тын. Қазіргі күнде Қазақстан аумағындағы мешіттерімізде оқылатын мәуліт сол – Барзанжидің мәуліті. Астанадағы ірі мешіттің Садуақас Ғылмани деп аталатыны белгілі. Ол кісі көптеген діни еңбектер жазған ғұлама. КСРО заманында Қазақстанда діннің шырағын өшірмеген кісі, 20 жыл бойы дін исламды қорғап, қази болған. Осы кісінің әлгі Барзанжидің арапша жазған мәулітіне араб тілінде түсінік жазған кітапшасы бар. Неге оны арап тілінде жазғаны белгісіз. Мүмкін, мәуліттің күштілігін араптарға танытпақ болды ма Аллаһ тағлам. Құдай біледі. Дегенмен, бұл еңбек екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
Мәуліт өткізудегі негізгі мақсат – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын мұсылмандарға таныстыру. Бірақ, мәуліт оқу рәсімі сияқты болып сақталып, негізгі мақсат шетте қалғанын байқау қиын емес. Арапша Мәуліт оқылып жатқанда тыңдаушы құлақ салса бірінші бөлімінде автор мәуліт жазудағы ниетінің мақсатын, онда қандай тәсіл ұстанған, қағидасын айтады. Кейінгі бөлімде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ата-тегі айтылады, кейін ата-аналары туралы, анасының Пайғамбарға (с.ғ.с.) жүкті болуы, әкесінің ерте дүние салуы, Пайғамбардың (с.ғ.с.) туылуы сол сияқты оқиғаларға тоқталады. Кейін пайғамбарымыздың сипаттары: мысалы, аяқ киіміне өз қолымен жамау салғаны, киімі жыртылса өзі тігіп, жамап алу әдеті, кішіпейілділігіне қатысты қасиеттері баяндалады. Бұл мағынадағы сөздер тек арабша оқыла берсе халыққа түсіндірілмесе, Мәуліт негізгі мақсатына жетпейді. Сондықтан, мақсатты іске асыру үшін мәуліт жиындарында пайғамбарымыз туралы өз тілімізде айтылып, ғибрат халыққа жетсе нұр үстіне нұр.


«Бала қажы» мешітінің Бас имамы: Махмуд қажы Нуров





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары