Мен өз достарымды жақсы көрем. Менің достарымның айтуы бойынша, «уақыт ол - су тәрізді, қазір оны ұстамасан, сосын кеш болады». Осы қысқа сөздердін жиынтығында терең, маңызды ой жатыр. Адамды сынайтын да, болашағын айқындайтын да уақыт. Өз уақытының патшасы болсан, сен алдына қойған барлық мақсаттарына онай қол жеткізесін.
Жастар – ол біз, өзіміздің құшағын жайған, байтақ өлкеміздін ертеніміз, болашақта артымыздаң маңызды із қалдыратын, мойынымызға үлкен міндет алатын, мемлекетке өзінің пайдасын тигізетін, ол біз – Жастар. Жастар мемлекеттің қоғамдық – саяси өміріне белсенді қатысушылардың бірі және қоғамның маңызды құрамдас бөлігі. Қазіргі XXI ғасырдың алтын жастарының болашаққа деген көзқарастары, 50-60 жыл бұрынғы жастарға қарағанда тым өзгеше және 180 градусқа өзгеруде. Себебі, қазіргі жастарға, XX ғасырдағы жастарға қарағанда маңызды қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдайлар, болашаққа деген ұмтылыс үшін әр алуан мүмкіндіктер жасалуда. Оның барлығын біз Жас Отан партиясының, ҚР президентінің Н.Ә. Назарбаевтың қолдауынаң көре аламыз. Әр адам ол барлығымызға белгілідей – индивид болып қалыптасады, сондықтан да өз болашағы, тағдыры тек өз қолында. Өз қалауы бойынша оны қолында ұстап қалуы мүмкін не оны аспанға құс тәрізді жіберіп алуы мүмкін.
Адам баласына берілген ең баға жетпес құндылықтардың бірі – уақыт. Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге бара қалсаңыз, кез-келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқайсыз. Өйткені олар уақыттан ұтылған жағдайда көп нәрседен қағылатындықтарын жақсы біледі. Тіпті метролары мен көлік аялдамаларында тұрсаңыз, жүру мезгілдерінің «16.03»; «12.01»; «17.08» секілді әрбір минутқа дейін есептеулі екендіктерін байқап таңғаласыз. Көліктері де сол белгіленген уақыт ережесінен бір минут кешігіп я бір минут озбайды. Біздегі сағат сұрағанда «Жетіден он минут кетті» десең, «Е, жеті жарым деші» дей салатын уақытқа деген тым ысырапшыл түсінік оларда жоқ. Батысқа барып, олардың әрбір минутпен санаса отырып, жұмыстарын реттейтіндігіне таңғалған азиялық мұсылман жігітке бірде сол жақтың адамы «Оның несіне таңырқайсың? Бұл біздің сендерден үйренген құндылығымыз емес пе? Сендер минутына дейін санап күнделікті бес уақыт намаздарыңды оқисыңдар, ауыз бекітіп, ауыз ашар кездеріңде де уақыт бір минутқа кірмесе соны күтесіңдер ғой, бар болғаны, біз бұған енді қол жеткіздік» деп ой салған екен.
Расында да, Ислам діні уақыт мәселесіне қатты көңіл бөлген. Оны өмірдің мәніне балаған. Құран кәрімде уақытты білдіретін әр түрлі ұғымдар қолданылған. Құранда уақыт ұғымына қатысты «күн» (яум), «апта» (усбуғ), «ай» (шахр), «жыл» (сәнә), «ғасыр» (аср), «сағат» (саат), «күндіз» (нахар), «түн» (ләйл) сөздері кездеседі. Адам үшін ең маңыздысы күн болғандықтан, Құранда ең көп осы сөз 475 рет қайталанған екен. Демек, ең әуелі бір күндік уақытты ысырапқа жол бермей реттей білу аса маңызды. Артынша аптаны, айды, жылды тиімді өткізу де мұсылманға міндеттелген. Құранда бір жұмыстан шаршағанда, дереу екінші бір жұмысты қолға алу арқылы тынығу керектігі меңзелген. Бұны «жұмыс істеп отырып тынығу» деуге болады. Исламда бос уақыт деген ұғым кездеспейді. Тек дене қатты шаршайтындықтан, түнде тынықтыруды жөн көреді. Өйткені Аллаһ тағала күндізді еңбектену үшін, түнді тынығу үшін жаратқанын айтқан: «Сендерге түнді жамылғы, ұйқыны тынығуға (себеп), күндізді еңбектену мерзімі етіп жаратқан Аллаһ» («Фурқан», 25).
Сүйікті пайғамбарымыздың өміріне қарасақ, уақыттарын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені барлық істеріне үлгерген. Ертелі-кеш зікірлері, мешітте уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, елшілерді қабылдауы, өзін зиярат етушілерге уақыт бөлуі, өзінің зиярат етіп барған кісілері (науқастар, қабірлер, жарлары т.б.), халықпен жүздесуі (сұрақтарға жауап беруі, шариғат талаптарын қабағалауы т.б.), жорықтарға дайындық, үй іші жұмыстарына қолғабыс етуі (аяқ киім, шапан, астауларын жамауы, немелерін ойнатуы, базарға баруы т.б.), ел ішіндегі діни рәсімдерді атқаруы (балаға ат қою, сүндеттеу, неке қию, жаназа т.б.), жұма күнгі хұтбалары, арасында уахиды қабылдап алу, күтпеген жұмыстың шығып қалуы секілді істердің барлығы да жоспарға сыйып отырған. Пайғамбарымыздың өмірінде бұл істердің барлығына уақыт табылған. Тіпті ешкімді қабылдамай, жеке өзіне ғана арнаған уақыттары да болған. Бұл нені көрсетеді? Бұл күндік жұмыстарын қаншалықты жүйелей білгенін, белгілі бір уақыт кестесін ұстанғанын көрсетеді.
Пайғамбарымыз күндізгі уақыттарды ғана емес, түнгі уақыттарда да мүмкіндігінше тиімді өткізуге тырысқан. Түнде тұрып тахажжуд намазын оқуды әдетке айналдырған. Пайғамбарымыз түнгі уақытын үшке бөлген: жанұясына, демалуға және құлшылыққа. Күн бата салысымен түн басталып, Пайғамбарымыз жанұясымен бірге кешкі асқа отырған. Қалған уақытын тынығуға және құлшылыққа арнаған.
«Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы - шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. Ол дереу бос отырған адамның ойына түрлі жамандық салып, азғыра бастайды. Күнәға итермелейді. Сол себепті бір мұсылманның өмірінде бос уақыт болмауы тиіс. «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, асүйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды» деп Ахмет Яссауи бабамыз айтқандай, жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді.
Байқасаңыз, Исламда ұзақ уақыт демалыс жариялау кездеспейді. Тіпті мейрамдардың өзі санаулы. Мереке күндері де бос қарап жату жоқ. Мысалы, Құрбан шалу керек болса, мал сою, етін тарату жұмыстары күтіп тұрады. Кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі аса қауіпті жағдай. Өйткені зерттеушілердің айтуынша, әсіресе жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, нашар қылықтарға үйірсектеу, секталарға бару, қылмыс жасау, моралдық азғындықтарға салыну не істерін білмей бос жүрген кездерде кездеседі екен. Осы себепті мұсылман адам бос отырудан сақтанғаны дұрыс. Қолы қалт еткен кездерін кітап оқып білімін арттыруға, дұға жаттауға, ата-ананың алдындағы міндеттерін орындауға, жетім-жесір, кедейлерге көмектесуге, жақсылық жасауға, мамандығын жақсы игеруге, қарыздарын өтеуге т.б. мәнді әрі пайдалы істерге жұмсауға дағдыланған дұрыс. Өйткені, мұсылманның түсінігінде өмір - шектеулі, уақыт - қысқа.
Аллаһ елшісі бұл турасында былай деген:
«Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл:
1. Өлмей тұрып өмірдің,
2. Ауырмай тұрып денсаулықтың,
3. Қартаймай тұрып жастықтың,
4. Кедейленбей тұрып байлықтың,
5. Көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!» (Әбу Нуаймнан).
Уақытты тиімді пайдалану мәселесіне сахабалар мен кейінгі мұсылман ғалымдар да үлкен жауапкершілікпен қараған.
45 жасында қайтыс болған ислам ғұламасы Нәуауидің артқа тастап кеткен еңбектерін есептесеңіз, 45 жылға қайта сыйғызу қиын. Өйткені, ол уақытын қалай үнемдеуді жақсы білген. Ғылым-білім алуға, құлшылықтарын атқаруға уақыт жеткізу үшін ол кісі тек қана сәске уақыттарында ғана бір-ақ рет тамақтанған екен.
Ибни Ақил ешқандай бос уақыт жібермейтін. Тыныққан уақыттарын ол былай деп суреттейді: «Қолым қалт етіп демалған кездерімде мен аяқты созып құры жатқаннан гөрі терең ойға беріліп, ойша шешілетін біраз мәселелерді шешумен айналысам. Жазатындай бірдеңе есіме түсе қалса дереу тұрам да жазам. Сексен жасымда ғылымға деген менің ынтам жиырма жасымдағы кезіме қарағанда әлдеқайда жоғары болатын»... Айтқанындай осыншалықты ынтасының арқасында Ибни Ақил ғылымның 20 шақты әр түрлі саласында өте құнды еңбектер қалдырған.
Фахраддину-Рази дастархан басында да бір жағынан тамақ жеп, екінші жағынан шұқшия кітап оқитын. Үйінен шығып мешітке жеткенше көлікте отырып шәкірттеріне сабақ берумен болатын деседі.
Ибнул-Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе - уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатам» дейді. Оның өміріне көз жібергенімізде, расында да, уақытты өте үнемді пайдаланғанын байқаймыз. Ғылымның қай саласында да еңбек жазып қалдырған. Кейбіреуі 20 томға жететін 340- тан астам еңбек қалдырған. Күн сайын төрт қалың дәптерлік жазу жазған. Бір жылда жазғаны 50-60 томға жеткенін байқаймыз.
Бүгінгі күні уақытты өлтіретін жаулар көбейген. Соның бірі теледидар деуге болады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні көк сандығы жоқ үйді елестету қиын. Орташа есеппен күнде 3 сағат теледидар тамашалайтын адамның жылдық осыған жұмсалатын уақыты 1095 сағатты құрайды екен. Бұл дегеніңіз тоқтамай көрген 45 түн мен 45 күнге тең. Осы теледидарға босқа кеткен осы 1095 сағат ішінде қандай істер бітіруге болады, соны бір көрейік.
Бұл уақыт оқушының бір жылғы орташа оқу жылынан да асық. Яғни 1 жыл оқымай қалдыңыз деген сөз.
1095 сағат ішінде шет тілін өте жақсы меңгеруге болады. Яғни теледидардың кесірінен біз бір шет тілін үйрене алмай қалудамыз.
Ал кітап оқығыңыз келсе, өте баяу оқитын адамның өзі осыншама уақытта 25 мың беттік кітапты оқып тауысады екен.
Ал әрбір әрпі сауапқа батыратын Құран Кәрімді оқимын десеңіз, 1095 сағат ішінде сіз оны 10 рет бастан-аяқ оқып шығады екенсіз.
Міне, теледидар көрудің адамды қаншама игілікті істерден құр қалдыратынын осыдан-ақ байқауға болады.
Уақыттың тағы бір жауы, жоғарыда да тоқталып өткеніміздей, ол – ұйқы. «Ұйқы - өлімнің бауыры» деген хадисті әрі «Түнгі ұйқысын түгел ұйықтаған адам мақсатына жете алмайды» деген халық даналығының астарын түнгі уақыттарын шығармашылыққа арнаған, ұйқымен өткен уақыттарын өлдіге балап өкініш білдірген Мұқағали ағамыздың мына бір ғибратты өлеңінен аңғарғандаймыз:
Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
(Ұйықтасын сапарларын тәмамдаған).
Алдымда сапар жолы тарам-тарам,
Ұйықтасам, барлығынан қараң қалам.
Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала-жансар өлімменен.
Қанша менің өлді екен уақытым,
Ақ төсек, ала жастық кебіндеген?!
Рас, уақыттың бұдан да басқа жаулары өте көп. Көп сөз, көп қыдыру да солардың қатарында. Біле білгенге уақыт ол – мүмкіндік.
Иә, үлкен жетістіктерге жеткен ұлы кісілердің барлығы да уақыттың қадірін білген. Бірде «Мені жарты сағаттан кейін оятыңызшы» деп көз ілмек болған Эйнштейнді қызметшісі біраз тынықсыншы деп бір сағаттан кейін барып оятса керек. Тұра сала жалма-жан сағатқа қараған ғалым жарты сағаттан кейін оятпаған қызметкеріне қатты ренжіп, «Ал жарты сағатымды қайтарып беріңіз онда» деп кейісе керек. «Ұрланған заттың орнын басқа нәрсемен толтыруға болады, ал ұрланған уақыттың орнын еш толтыра алмайсың» деген Гете де уақыт мәселесіне бей-жай қарамаған. Абай атамыз да өз өлеңдерінде уақыттың қайта айналып келмейтіндігін, шық-шық еткен сағаттың уақыттың ұрысы екенін тамаша бейнелеген. Осы себепті болар еңбекқор қытайлар да уақыт мәселесіне келгенде «Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың» деп безектейді екен.
Барлық уақытша қызықты қоя тұрып, дер кезінде қимылдаған адам кейін соның жемісін жемек. Ал уақытын бекер ойын-күлкімен, шегірткеше ән салып өткізген жан кейін өкінішпен бармақ тістемек.
Пікірлер