Құрбандық шалудың тарихы Ибраһим Пайғамбардың есімімен тығыз байланысты. Ибраһим Пайғамбар перзент сүймей тұрып: «О, Аллам! Маған тақуа болар ұрпақ бер»-деп дұға жасайтын. Алла Тағала оған Исмаил есімді ұл береді. Жылдар өтіп, Исмайыл өсіп, әкесіне қолқанат болып, арқа сүйер жасқа жетеді. Бірақ Алла Тағала өзінің сүйікті құлын ауыр сынаққа салады.
Ибраһим Намруз иелігін тастап, Шамға қоныс аударғанда егер ұлды болса Аллаға құрбан етемін деп өз-өзіне сөз берген-ді. Бірақ бұл сертін ұмытып кетеді. Бірақ бұны Ибраһим ұмытқанмен, Алла Тағала есіне салады. Түсінде ұлын құрбандыққа шалуды бұйырады. Ибраһим Пайғамбар бұл түсті жеті түн қатарынан көреді. Және Алладан екеніне күмәні қалмайды. Өзінің серті есіне түсіп, орындамақ болады. Сонда ұлына арқан мен пышақ алуды бұйырып, Мина өңіріне аттанады. Исмаил әкесінің айтқандарын алып, соңынан ілеседі. Жолда әкесінен: «Бізге арқан мен пышақ не үшін керек?»-деп сұрайды. Әкесі құрбандық шалуға бара жатьқандарын айтады. Ібіліс Ибраһимнің Алланың қалауын орындауға нық бекінгенін көріп қызғанып қалады. Ол Исмаилдың анасына адам бейнесінде келіп: «Ибраһим мен ұлың қайда кетті?»-деп сұрайды. Анасы олардың отын әкелуге кеткенін айтады. Сонда Ібіліс оған Ибраһимнің Исмаилды құрбандыққа шалмақшы болып кеткенін айтады. Бірақ Исмаилдың анасы оған сенбейді. Сонда Ібіліс: «Ибраһим осыны Алла бұйырды деп айтты»-дейді. Сонда Ибраһимнің жұбайы: «Егер бұйрық осындай болса, маған сол жеткілікті»-дейді. Ібіліске амал-айласы көмектеспей қалады. Содан ол Исмаилға барып: «Сендер қайда барасыңдар?»-деп сұрайды. Исмаил құрбандық шалуға бара жатқандарын айтады. Сонда Ібіліс: «Ал сен кімді құрбандыққа шалатынын білесің бе?»-деп сұрайды. Исмаил білмейтінін айтады. Ібіліс сол кезде: «Тауда сені құрбандыққа шалады»-дейді. Исмаил таңқалып: «Әкем мені неге құрбандыққа шалуды ұйғарды?»-деп сұрайды. Ібіліс: «Әкесінің бұны істеуіне Алланың бұйрық бергенін»-жеткізеді. Сонда Исмаил: «Егер бұйрық осындай болса, Алла үшін құрбандық болуға дайынмын»-дейді. Баланың бойұсынушылығын көріп, Ібіліс кетіп қалады. Сол кезде Ибраһимнің өзін сынамақ болады. Оған барып: «Қайда барасың?»-деп сұрайды. Ибраһим оны қуып жібереді. Джамрат әл-Акаба, Джамрат әл-Вуста, Джамрат әл-Сугра жерлеріне келгенде (Минадағы тас лақтыратын мекендер), шайтан Ибраһимнің алдын орай береді, ал Ибраһим әрқайсында оған жеті тастан лақтырып отырады. Алланың қалауымен шайтан Ибраһимді ойынан айныта алмайды.
Межелі жерге жеткенде Ибраһим ұлына: «Біз бұл жерге Алланың қалауы бойынша сені құрбандыққа шалуға келдік»-дейді. Сонда Исмаил: «Әке, Алланың бұйырғанын орында. Мен бойұсындым»-дейді. Ибрахим ұлының аяқ-қолын байлап, оң жағымен жатқызады. Исмаил: «Әке, мені қой сияқты байлағаның болмас, аяқ-қолымды босатшы»-дейді. Ибраһим ұлының аяқ-қолын босатқанда, Исмаил өз қалауымен жатып, анасына сәлемін
жеткізуін сұрайды. Ұлымен қоштасып болған соң Ибраһим пышақты алып, Исмаилдың тамағымен жүргізеді. Сол кезде пышақ өтпей, тіпті ізі де қалмайды. Ибраһим қанша тырысса да пышақ өтпей қояды. Амалсыз күйде қалған Ибраһим пышақты лақтырып жібереді. Сол кезде пышақ: «Құдыреті шексіз Алла маған кесуге тыйым салды, ал Ибраһим менің кескенімді қалайды. Бұл екеуінің дұрысы Алланың қалауын орындау. Мен соны жасап тұрмын. Маңдайынан Мұхаммедтің жарық нұры төгіліп тұрғанда мен оның тамағын қалай кесе аламын? Алланың бұйрығынсыз сенің қалауыңды орындай алмаймын»-дейді.
Мұның бәрін көріп тұрған жер мен көктегі періштелер, аң мен құс Алладан әкесі мен ұлына мейірім сұрайды. Сол сәтте Жәбірейіл Жұмақтан салмағы түйенің салмағына жетерлік қошқарды әкеледі. Барлығы қуанғаннан тәкбір айтады. Исмаил осылай құрбандықтан аман қалады.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер