Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құрбандық Аллаға жақындатады
17 қыркүйек, 2015 жыл 237 Басып шығару нұсқасы

image1Барша мұсылманға сый етіп берілген Құрбан айт мерекесі биылғы жылы қыркүйек айының 24-26 күндеріне тура келіп тұр. Алланың қалауымен ұлық мерекеге де жеттік. Мерекеге жеткен әр мұсылманның жүрегінде қуаныш лебі орнап тұрғаны шындық. Құрбан айт – Ибрахим(ғ.с.) пайғамбардан бастау алып, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға дейін жетіп, қиямет күніне дейін жалғасатын мұсылмандардың ең ұлық мерекесі. Алла Тағала «Кәусәр» сүресінде «...Раббың үшін айт намазын оқы, құрбан шал» деп нақты айтып кеткен. Енді міне аз күннен кейін қазақ даласында барша мұсылман құрбан шалып, дініне беріктігін, иманына адалдығын көрсетеді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Адам баласы Құрбан айт күнінде қан ағызудан да(құрбан шалу) сүйікті ешбір іспен Алла Тағалаға жақындаған емес», - деп бұл құлшылықтың мәнін түсіндірген. Яғни, бұл күні әрбір мұсылман тек Алла разылығы үшін ғана құрбандық шалуы тиіс. бұл күні адам бойын жайлап жатқан жалған мақтаншақтыққа жол жоқ! Құрбан шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның шын ықыласы, ниеті, тақуалығы сондай-ақ, бауырмалдығы мен өзгеге жанашырлығы сынға түседі. Сонымен қатар, адамның пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы таразыға түседі.Дүниесі көп азаматтар бір-бірінен асып түссем екен деп емес, Жаратушымыздың рақымына бөлену үшін, берген ризыққа шүкірлік ету үшін құрбандық шалуы тиіс. Ал, мүмкіндігі бола тұрып, бұл мерекеге бей-жай қарау дінімізге жат қылық. Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», - деп ескертіп кеткен. Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанда дейін жалғасады. Белгілі себептермен айт намазына бара алмаған жан намаз оқып болатындай уақыт өткеннен соң құрбан шалуына болады. Еліміздегі барлық мешіттерде көп мүмкіндік жасалып отыр. Қойлар сатылып, тіпті малды мешіт алдында құрбандық иесінің қатысуымен сойып, жүнінен тазартып, бөліп те береді.


Құрбандық шалу төмендегідей төрт шартқа ие жандарға уәжіп:


1. Мұсылман болуы;


2. Ақылды және балиғат жасына толуы;


3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;


4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы. Нисап мөлшері - 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етілген.


Құрбан айттан бір күн алдын әрбір үйде дайындық жүргізілгені абзал. Бұл күнді Арафа күні дейміз. Арафа күні үйдың іші-сыртын күл-қоқыстан тазартып, балаларды жуындырып, ғұсыл алып, дастархан дайындау керек. Ауылда қарбалас, қызу өмір басталатын осы күн ауылда өскен әр баланың есінде болса керек. Яғни, апаларымыздың жеті шелпек пісіріп,


дәмді тағамдар дайындағаны. Бұл үрдіс қала тіршілігінде де ұмыт қалмай, керісінше күннен-күнге маңызын арттыра түсуі абзал. Құрбандық шалудің реті мынадай: малдың аяқтарын байлап, сол жағымен құбылаға қаратып жатқызып,мына дұғаны оқиды: «Аллаһумма һәзә минкә уә иләйкә, фатақаббәл минни», қазақша мағынасы «О, Раббым, мұны Өзің бердің, әрі Өзіңе арнап отырмын, менен қабыл ете көр». Дұғаны айтып болған соң, «Бисмилләһи, Аллаһу Акбар» деп тамағынан бауыздайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «...Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисін ескеріп, ертерек дайындалған дұрыс. Малдың өңеші мен екі күре тамыры кесілуі шарт. Малдың жаны шықпайынша, оның басы мен терісін денесінен бөлуге болмайды. Осы ретте ескеретін жай, құрбан шалатын кісі біле тұра «Бисмилләһи, Аллаһу Акбар» деп айтпаса, онда сойылған малдың еті харам, оны жеуге болмайды! Құран Кәрімде: «Біз барлық үмбет үшін, өздеріне берген малдан Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан, оған ғана бойұсыныңдар» деп айтылған («Хаж» сүресі, 34-аят). Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны жақсы. Дегенмен, өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал.Сойылған мал үшке бөлінеді: біріншісі жетім-жесірге таратылады, екінші бөлігі туыс-туғанға, үшінші бөлігін өз отбасына қалдырады. Мүмкіндік болса барлық етті жетім-жесірге, кембағалдар мен аз қамтылған отбасыларға беруге болады. Отбасы мүшелері көп болса, етті өз отбасына қалдыруына да болады. «Хаж» сүресінің 28-аятында «Одан өздерің де жеңдер және мұқтаж, пақырларға да жегізіңдер», - деп айтылғанындай, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзгеге де берген абзал. Етті шикі күйінде тарату мұстахаб саналады.


Осы ретте құрбандыққа шалынатын малдар және олардың ерекшеліктерін айта кетейік. Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:


1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар сойылады. Олардың еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.


2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет.Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.


3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.


4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар.


Дегенмен негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ешқашан құрбанның еттері, қандары Аллаға жетпейді. Бірақ, сендердің тақуалықтарың жетеді». ("Хаж” сүресі, 37-аят). Демек, Алла біздің сойған малымызды емес, ықыласымыз бен тақуалығымызды, ниетімізді қабыл етеді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисінде: «...қаны шыққан мал Қиямет күнінде (иесіне) мүйіздерімен, тұяқтарымен және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып, Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан шын жүрекпен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар» деген. Ал, келесі бір хадисте: «Құрбандыққа шалынған малдың алғашқы қаны жерге тамумен, құрбандық шалушының бұрынғы күнәлары кешіріледі», - деген. Бұл мерекенің ұлықтығы да осында болса керек. Шалынған мал иесін қорғауға келсе, күнәлары кешірілсе, ең бастысы Алланың рақымына бөленсе, пенде үшін одан асқан қайыр бар ма?!


Құрбан айт мерекесі барша ұлттың басын қосатын ұлық мереке болып қалыптасуы қажет. Ағайын-туыстың басын қосып, ренжіскендер жарасып, әрбір шаңырақта қуаныш, күлкі орнап, бала-шаға шат-шадыман жүруі осы дүниенің бақыты болса керек. Бұл күні барша жамағат арасында бірлікті нығайтып, бауырластықты күшейтуде рөлі орасан зор күн екенін байқаймыз. Құрбан айтта айт намазы біткен соң әр үйге ас ішу үшін ғана емес, татулық орнау үшін, туыстық қарым-қатыныс беки түсу үшін бару қажет. Ал, қыз-келіншектер келген қонақты шын пейілмен күтіп, дастархан жайып, мүмкіндігі болса сыйлық үлестіріп берсе нұр үстіне нұр болмақ. Ауруханада жатқан кісілерге танымасақ та қастарына барып, қал-жағдайын сұрап, бауырсақ, тәтті тағам үлестіріп, мерекенің ұлықтығын жариялай жүрейік. Өлген кісілерге Құран бағыштап, әр үйде Құран оқылып тұрғаны абзал. Жетім-жесірлерге материалдық көмек қолын созу да артық болмайды. Асыл дініміз осыларды бұйыратынын ескере жүргеніміз абзал.


Құрметті қауым! Ел-жұртымыз аман болып, барша мұсылманның шалған құрбандығын Алла Тағала қабыл етсін! Өзінің шексіз мейірімімен сансыз мол сауаптардан жазсын!


Нуров Махмуд қажы Нурұлы


«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары