Осман бин Аффан Зин-Нурейн 644-656 жылдары билік еткен. Ұлы төрт халифтің үшіншісі. Өзінің көптеген жақсы істерімен аты қалған адам. Ол Мұхаммед Пайғамбардың қызы Рукияның жұбайы болған. Рукия қайтыс болғаннан кейін, үйленбей көп жүреді. Пайғамбар оған өзінің кіші қызы Үммі Гүлсімді ұзатады. Осы үшін Османды Зин-Нурейн, яғни «Екі нұрдың иесі» деп атаған. Біршама уақыт өткеннен кейін Үммі Гүлсім қайтыс болғанда Алла елшісі Османға: «Егер менің үшінші қызым болса, оны да саған берер едім»-деген. Себебі басқа сахабалардың арасынан оның мінез-құлқы Пайғамбардың мінез-құлқына ұқсас болған.
Осман ақылды, жомарт, жаны жайсаң, жұмсақ мінезді, қарапайым адам болған-ды. Сондай-ақ, қызыл тілділігіне келгенде басқа сахабалар оған ілісе алмаған. Бірақ қанша қызыл тілді болғанымен, әрдайым қысқа әрі нұсқа сөйлеген деседі. Ол әр саладан білімі бар, жан-жақты адам болған, бірақ адамгершілігімен, ұяттылығымен ерекшеленген.
Бірде Мұхаммед Пайғамбар мен Айша анамыз бірге отырғанда Әбу Бәкір, Умар, Сад бин Мәлік келіп, кіруге рұқсат сұрайды. Олардан кейін Осман келіп, кіруге рұқсат сұрайды. Сонда Алла елшісі Айша анамыздан бөлмеден шығыуын өтініп, Османды ішке кіргізеді. Олар әңгімелесіп болғаннан кейін, Айша анамыз келіп Алла елшісінен: «Менің әкем мен басқа сахабалар келгенде селк етпедің, Осман келгенде өзгеріп сала бергенің қалай?»-деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Періштелердің өзі ұялатын адамның алдында мен қалай ұялмайын? Алланың атымен ант етейін, періштелер Алла Тағала мен Оның елшісінен қалай ұялса, Османнан да солай ұялады. Егер сен менің қасымда отыра бергеніңде, ол жақ ашпас еді және осы бөлмеден шыққанша басын жерден алмас еді»-деп жауап қатқан екен.
Бірде Әли Алла елшісіне жуынатын су әкеліп тұрып: «О, Алланың елшісі! Қиямет күні кім алғашқы болып жауапқа тартылады?»-деп сұрайды. Алла елшісі: «Мен. Алланың алдында қанша қаласам сонша бола аламын және күнәларым кешіріліп шығамын. Келесі болып Әбу Бәкір кіреді. Ол да Алланың алдында қалағанынша болып, күнәсі кешіріліп шығады. Содан кейін Умар бин Хаттаб кіреді. Ол да Алланың алдында болып, күнәсі кешіріліп шығады»-дейді. Әли: «Одан кейінгі кім?»-дейді. Пайғамбарымыз «Одан кейін сен»-деп жауап береді. Сонда сахаба таң қалып: «Қалай ша? Осман бин Аффан ше?»-дейді. Сонда Алла елшісі: «Османның ұяттылығы, қарапайымдылығы мен тақуалығы сондай жоғары деңгейде, сондықтан мен Алладан оны жауапқа шақырмауды сұрадым. Алла елшісі менің өтінішімді қабыл етті»-деген екен.
Осман Мединеге барған кезінде ондағы мұсылманның су таппай қиындық көріп отырғанын естиді. Тұщы әрі ішуге жарамды су тек Рума бұлағында ғана болады. Оның иесі бір иудей болыпты. Ол сондағы суды сатып, қаражат тауып отырған екен. Ұзақ келіссөз жүргізіп Осман иудейден бұлақты толығымен сатып алып, мұсылмандардың пайдалануына берген екен. Солайша Мединедегі мұсылман қауымы судың азабынан құтылады. Сөйте тұра өзі сатып берген бұлақ басынан су алу үшін Осман кезекке тұрған екен.
«Құранды ашып, оқымай не бір күн, не бір түн өмір сүргім келмейді»-деген Осман бірде намаз оқыған кезінде бір рәкәғатта Құранды басынан аяғына дейін оқып шыққан екен. Осман Құранның кең таралуына себепші болған, көмектескен адам.
Осман бин Аффан қарапайым, таза киім киген. Османның билігі қарапайымдылықпен, әділдікпен ерекшеленеді. Елге жақсылық әкеліп, көптеген жерлерді жаулап алады. Халифатқа Кипр, Тараблус, Табаристан, Армения қосылып, теңіз саудасы басталады.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер