Айша анамыз: «Алла елшісі ешқашан сіздер сияқты тез сөйлемейтін. Ол әр сөзін анық айтатын. Сөздері қасында отырғандардың есінде қалатын»-деген.
Алла берген білім мен нығметтің арқасында Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) адамзат баласы үшін ұлы ұстазға айналды. Алла өз елшісіне даналық бергенін қасиетті Құран аятында былай жеткізеді: «Алла саған Кітап пен даналық берді және сенің білмегеніңді үйретті. Алланың саған мейірімділігі шексіз!» (ан-Ниса сүресі, 113 аят). Ал мол білімге ие болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз кезегінде осы білімді неғұрлым көп адамға, жасқа да, кәрігеде беруге, сіңіруге тырысты.
Мәлік бин Хувейрис мынадай жайды баян етеді: «Біз жас кезімізде Алла елшісіне келіп, 20 түн қонақ болдық. Ол өте кішіпейіл және қонақжай адам еді. Біздің үйімізді сағынып жүргенімізді біліп, кіммен тұратынымызды сұрады. Содан кейін бізге қарап: «Үйлеріңе қайтып, отбасыларыңмен бірге өмір сүріңдер. Оларды оқытып, бағыт көрсетіңдер. Мен оқығандай намаз оқыңдар. Уақыты келгенде араларыңдағы біреу азан шақырсын, ең үлкендерің сендерге имам болсын» - деді.
Алла елшісі пайдасыз. Өзіне де, басқаларға да зиян әкелетін білімдерден сақ болатын. Зайд бин Аркам Алла елшісінің мына сөздерін жеткізеді: «О, Алла! Жүректерді қорқынышқа әкелетін, толымсыз нәпсіге жеткізетін және ешқашан құлшылық қабыл болмайтын пайдасыз білімдерден өзіңе жүгінемін».
Оның қызыл тілі, адамдармен солардың тілінде сөйлесе білуі, тіпті ашу қысқан кезде де пайымды, нақты шешімдер қабылдай алуы оның ұзтаздық ерекшелігін көрсететін.
Анас бин Мәлік: «Пайғамбар өз сөзі барлығына түсінікті болуы үшін әрдайым үш рет айтатын»-дейді.
Хусейн бин Әли: «Мен өзімнің ағам Хинд бин Аби Халадан Алла елшісінің қандай болғаны жөнінде сұрадым. Ол маған былай жауап қатты: Алла елшісі әдетте қапалы және ой тұңғиығында жүретін. Оның демалуға уақыты болмайтын. Көбінесе үндемейтін, сөйлесе нақты істің мән-жайын ғана айтатын. Өз сөзін әркез Алла атынан бастап, Алла атымен аяқтайтын. Ол әрдайым әр сөзін бөлек, анық жеткізетін. Ол әрдайым мәнісін жеткізетін, ал сөзі не қысқа, не ұзақ болмайтын».
«Ол ешқашан ұрысып, дауыс көтеріп, сын айтпайтын, сондай-ақ мақтамайтын да. Әділетсіздік орын алса оны түзегеннен кейін ғана ашуы басылатын. Ол ренжитін, бірақ кектенбейтін. Бірдеңені көрсете қалса барлық алақанымен көрсететін, ал таң қалса алақанын жоғары бұратын. Сөйлеген кезде алақандарын бірге ұстайтын. Ренжісе теріс айналып, қуанғанда көзін төмен түсіретін. Оның күлкісі көбінесе жымию болатын, ал күлгенде тістері көрінетін» (Тирмизи, Аш-Шамаиль, 141-143 бет)
Әли: «Алла елшісімен бір отырғанда ол бәріне жеткілікті көңіл бөлетін және қасында отырғандар бір кісідей өздерінің Алла елшісі үшін қаншалықты қымбат екендерін сезінетін» - дейді.
Алла Тағала өзінің ең сүйікті құлына ең жақсы қасиеттерді дарытып, барлық адамзат баласы үшін үлгі, ұстаз етті. Құранда: «Аллаға және қиямет күніне үміт артатын, Алланы жиі есіне алатындар үшін Алла елшісінен алар керемет үлгі бар» -делінген.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер