Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мұхаммед Мұстафаның пайғамбар болғанға дейінгі өмірі де оның пайғамбарлығына дәлел
04 наурыз, 2015 жыл 524 Басып шығару нұсқасы

muhammad_lybimec_allaha1. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) туылғанда дүниені дүр сілкіндірген таңғажайып оқиғалар, бұған қоса, балалық шағындағы тосын жайттарға туыстарының куә болуы, сұңғыла жандардың оның өзгеше екенін ерте байқауы – бәрі де айналып келгенде болашақта оған жүктелетін міндеттің ерекше белгілері еді.


2. Пайғамбарлық келмей тұрып та ол әділетсіздік пен қатыгездікті жақтамайтын. Әділдік іздеп шырыл-дағандарға ара түсетін «Хылфұл-Фудул» ұйымына мүше болғаны да сондықтан еді.


3. Қырық жасқа дейін шалқып өмір сүрмеді. Өте қарапайым ғұмыр кешті. Жастайынан жетімдік тартып, атасы мен көкесінің қолында өсті. Жеке басы, байлығы, жақтастары тұрғысынан да аса ықпалды не күшті емес еді.


4. Қоғамды арсыздық жайлағанына қарамастан, пайғамбарлық келгенге дейін әдептілікпен ар-ұятын сақтап өмір сүрді. Аллаһтың оны күнәдан ерекше қорғағаны сонша, екі мәрте тойға бармақшы болғанда, жолда көзі ілініп ұйықтап қалғанын өзі айтады. Жастық оты жалындап тұрған 25 жасында 40 жастағы баласы бар жесір әйелмен некелесті. Хадиша анамызбен үйленген кезде борша-борша болып терлегені, оң жақтағы қыздай қатты қысылып, екі беті алаулап қызарып кеткені айтылады. Алыс сапарға шықпақ болғандар бала-шағасын кімге аманат етіп қалдыруды ойлап қиналғанда естеріне түсетіні осы арлы, ұятты жігіт болған.


5. Пайғамбарлыққа дейін бір де бір өтірік айтып, я қиянат жасап, болмаса уәдесінде тұрмағанын ешкім көрмеген. Бұған келгенде тіпті ең қас жаулары да жақ аша алмаған. Қайта азулы деген дұшпандарының өзі оның сенімділігіне шүбә келтірмей «Мухаммәдул-Әмин»[1] деп атайтын.
Қағбаны жөндеу барысында «Хажарул-әсуадты»[2] орнына қоятын кезде дау шығып, соңында төрелікті соған берген. Ол асқан көрегенділікпен мәселені оп-оңай шешті: жерге киімін жайып, үстіне қара тасты қойып, әр ұшын тайпа басшыларына ұстатып көтертті. Соңында өз қолымен тасты орнына қойды.[3]


6. Қасиетті Хира үңгірінде өткен қиын-қыстау күндерден кейін ауыр міндетті мойнына алуы да пайғамбарлығының маңызды дәлелі болып саналады. Өйткені ол үмми[4] болған әрі өмір бойы ешкімнен еш нәрсе үйренбегені анық белгілі. Пайғамбарлық келгенге дейін бірнеше ай бойы оңаша үңгірді мекендеді. Күндердің бір күнінде аузынан ғажап сөздер төгілді. Ел алдына шықты. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін сөз майталмандары мен от тілді, орақ ауызды шешендердің аузына құм құйды. Бұл – ондағы жарлықтың иләһи екенін көрсетеді. Шынында да, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай рухани дайындықтан кейін ғана сол нұрлы үңгірден шығып, Меккеге келіп, өзіне берілген міндетті орындауға кірісті.


7. Бала кезінен (ондай кәміл тұлғаға қарата «бала» дегенміз иншаллаһ әдепсіздікке жата қоймас) бастап 40 жасына дейін өтірік айтып көрмеген, ұятына кір жуытпаған адам әбден табиғатына сіңісті осы бір әдемі мінезін қырықтың қырқасына шыққанда дереу өзгертіп жіберуі мүмкін бе?


[1] Сенімді Мұхаммед (ауд.).
[2] Қағбадағы киелі қара тас (ауд.).
[3] Ахмәд ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 3/425; әл-Хаким, әл-Мүстәдрак, 1/628; Ибн Хишам, әс-Сиратун-нәбәуия, 2/19-20.
[4] Сауаты жоқ (ауд.).


Материал kz.fgulen.com сайтынан алынды

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары