Айша анамыз: «Алла елшісінің матрасы былғарыдан жасалған еді, ал іші пальма талшықтарымен толтырылған»-деген екен.
Хижраның тоғызыншы жылында Ислам мемлекеті Йеменнен Сирияға дейінгі жерді алып жатты. Осы елді бастаған Пайғамбарымыздың иелігінде тек ағаш төсек пен су құюға арналған былғары мес қана болған.
Хафса: «Бір күні түнде Алла елшісі жайлы ұйықтасын деп оның төсенішін төрт бүктеп салдым. Таңертең оянғаннан кейін ол разылық танытпады»-дейді.
Айша анамыз: «Алла елшісі: Дүниелік өмірде адамға, жолаушының жолға дайындап алған азығындай дүние жеткілікті болады»-деп жиі айтатын. Бірде ол өз төсенішінде ұйықтап тұрған соң, оның бетінде қатты төсектің іздері қалып қойған екен. Оны көрген жан-жағындағылар: «О, Алланың елшісі! Саған кереует жасасақ қайтеді?»-деп сұрады. Алла елшісі: «Бұл дүниені қайтемін? Мен де, мына әлем де ағаш көлеңкесіне тоқтаған салт жолаушы сияқтымыз, содан кейін ағашты қалдырып, әрі қарай жүреміз»-деп жауап берді»-дейді.
Джафар ибн Мұхаммедтің әкесі: «Мен Айшадан: «Алла елшісінің төсегі қандай болды?»-деп сұрадым. Айша: «Екі қабатталған киіз төсеніш. Алла елшісі сонда ұйықтайтын. Бірде мен оған жайлы болсын деп төсенішін төрт қабаттап салдым. Таңертең тұрған соң Алла елшісі: «Осы түнде маған сендер не салдыңдар?»-деп сұрады. Мен: «Ұйықтағанда жұмсақ болсын деп төсенішті төрт бүктеп салдым»-дедім. Ол: «Бұрынғыдай жасап қойыңдар қайтадан. Оның жұмсақтығы менің түнгі намазға тұруыма кедергі жасады»-деді.
Сондай-ақ Айша анамыз мына бір оқиғаны жеткізеді: «Маған ансарлардан бір әйел келді. Алла елшісі ұйықтайтын төсенішті көрді де қайтып кетті. Біршама уақыттан кейін әлгі әйел жүнмен толтырылған матрас беріп жіберіпті. Алла елшісі үйге қайтып оралғанда: «Бұл не?»-деп сұрады. Мен бұл матрасты ансарлардың бір әйелі жібергенін айттым. Сонда ол: «Оны кері қайтар»-деді. Бірақ мен оны қайтармадым, өзіме ұнаған соң үйде қалдырдым. Алла елшісі өз сөзін үш рет қайталап: «О, Айша! Бұл матрасты қайтар. Алланың атымен ант етейін! Егер мен қаласам Алла Тағала маған таудай алтын мен күміс берер еді»-деді. Содан кейін мен ол мтрасты қайтардым»-дейді.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер