Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Салт – дәстүрлер арқылы тәрбие беру
18 шілде, 2023 жыл 350 Басып шығару нұсқасы

   Халқымызда «баланы жастан» деп жатады. Дегенмен баланы қатаң тәрбиеде ұстау емес, мейірімділік таныта отырып, ата – бабамыздың сара жолы арқылы, яғни салт – дәстүрлеріміз арқылы тәрбиелеу. Иә, ата - баба дәстүрін ардақтау - қазақтың халық педагогикасының ұлттық ұжданы. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келесі ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді.
Қазақ халқы дәстүрі бойынша ең әуелі әкені, содан соң атаны, ата - бабаны құрметтеп, солардың алдында ұрпақтық қарыздарды өтеу – кейінгі ұрпақтың міндеті екенін түсіндіріп отырған. Ол ұрпақтық борыштар: ананың ақ сүтін, еңбегін өтеу, ата дәстүрлерін құрметтеп, одан әрі ол дәстүрлерді жалғастыру, адамгершілік қағидаларды қалтқысыз орындау болып табылады. 
Тәуелсіз мемлекетімізде ата – бабамыздан қалған қазынаның бірі салт – дәстүрлерді ұмыту мүмкін емес. Халықтың салт – дәстүрлері, рәсімдер мен жөн - жоралғылар, ырымдар мен тыйымдар, түрлі сенімдер өмірде қолданыс тауып келеді. Оның бәрі дамып, толысып, жаңарып отырады. Қазақ халқының салт - дәстүрлері осы ұлттың мінез - құлқын, қасиеттерін көрсетеді. Кейбір салт - дәстүрлер мен әдет - ғұрыптар сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезі, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып келеді.Салт - кәсіпке, сенімге, тіршілікке байланысты әдет - ғұрып, дәстүр. Ол ұрпақтан - ұрпаққа ауысып отырады. Уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп, өзгеріп, қоғамға байланысты бейімделіп келеді. Жаңа қоғамдық қатынасқа сай келмейтін дәстүрлер ығысып, өмірге қажетті жаңалары дамып отырады. 
Дәстүр – ұрпақтан - ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ол - қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез - құлқының, іс - әрекетінің рухани негізі. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата - ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әдептілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады. Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріліп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі - қазақ халқы. Оның тәрбие - тәсілдері өте көп. Оның бәрін қамти алсақ та, сол жұмыстың бір тамшысы ретінде ұлттық тәрбие ісіндегі сәбилік кезден - ес біліп, ер жеткенге дейінгі салт, дәстүр, әдет - ғұрып бойына сіңіре білу қажет. Бала тәрбиесі - ықылым заманнан бастап адамзатты толғандырып келе жатқан өмірдің өзекті мәселесі. Қазақ халқы ежелден жас ұрпақты сегіз қырлы, бір сырлы болып өсуін мақсат тұтқан. Баланы үнемі қамқорлыққа алып тәрбиелеп отырған. Қазақтың салт - дәстүрі бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесінің негізіне айналуы - ел мүддесі заман талабы.
Бала салт - дәстүрде өмірде көрген білгеніне, өзіне ұнаған іс - әрекетке еліктей отырып, соны бейнелей ойнайды. Балаға тән бір қасиет бәрін өзім істеймін деп талаптанады. Баланың осы талпынысын қоштап, көмектесіп, сенім білдіріп отыру тәрбиенің ең бір ұтымды әдісі. Өйткені ересек адамдардың баладан айырмашылығы сана - сезімі мен тәжірибесінің молдығы ғана. Сондықтан өз білгенін балаға үйретуден жалықпау - ересек адамдардың борышы. 
Біздің Шахтинск қаласының мұсылмандар мешітінде жас ұрпақтың бойына ізгілік қадір – қасиеттерін сіңдіруде, қасиетті Құран Кәрімді үйретуде арнайы курстар ұйымдастырылған. Мешіт ұстаздары өскелең ұрпаққа салт – дәстүрлер арқылы тәрбие беріп келуде. 


Әсет Наурызбайұлы

 Шахтинск қаласы «Нұр» мешітінің имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары