Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Әбу Хурайра ад-Давси әл-Ямани
08 қаңтар, 2015 жыл 1413 Басып шығару нұсқасы
 Пайғамбар хадистерін сақтаушы


Абу ХурайраСахаба Әбу Хурайра (Алланың оған рақымы мен шапағаты болсын) – әл-факих, әл-хафиз ілімінің көрнекті ғұламасы.


Ғұламалар арасында оның есіміне қатысты түрлі пікірлер бар. Оның әкесін – Сахр атаған, Давс тайпасынан, Ат-Табрани Маймунат бинт Сабих деп көрсетеді. Ибн Сирин: «Әбу Хурайраның өңі аққұба, сақалы қызғылт болған (қынамен боялған)» - деп жазады.


         Ол Алла елшісінің көп хадисін жеткізген. Сондай-ақ Әбу Бәкір, Усамат, Айша, әл-Фазл және тағы басқа көптеген сахабалардың нақылдарын да жеткізген. Әл-Бұхаридің айтуы бойынша одан Пайғамбар сахабалары мен табиундер қатарынан 800 адам білім алған. Әбу Хурайра жеткізген хадистер сүнниттік негізгі алты жинақта берілген.



Әбу Хурайраның Исламға келуі



Әбу Хурайра өзі туралы былай дейді: «Мен жетім өстім. Бусра бинт Казванның жалдамалы жұмыскері едім. Ол маған еңбегім үшін тамақ беретін. Мен оған ғана емес, оның айналасындағыларға да қызмет еттім. Мені шынайы дінге жеткізген, жалдамалы жұмыскерден көкірек көзі ашық имам еткен Аллаға мың да бір шүкір. Алланың бұдан асқан жақсылығы бола ма? Абдушамс (Күн құлы) атын  иелене тұрып Әбдурахман болудан асқан не бар? Мен Алла елшісіне ол Хайбарда болған кезде келдім. Исламды қабылдадым. Менің оған деген махаббатым қаныммен араласып, жүрегім мен жанымды жаулады. Оның жүзі күндей еді. Әбу Хурайраны Исламға мойын бұрғызған, Құранды оқытқан, Пайғамбармен дос болуға жазған Аллаға шүкір».



Анасының Исламды қабылдауы



Әбу Хурайра өзінің анасын ерекше сыйлаған. Бірде ол анасын Исламды қабылдауға шақырады. Анасы бас тартады. Әбу Хурайра: «Мен анамды пұтқа табынып жүрген кезінде  Исламды қабылдауға шақырдым. Алайда ол бас тартты. Тағы бір рет Исламға шақырғанымда Алла елшісіне тіл тигізіп, менің көңілімді түсірді. Мен Алла елшісіне келіп: «О, Алланың елшісі! Мен анамды Исламға шақырдым, ол бас тартты. Бүгін саған тіл тигізді. Алладан Әбу Хурайраның анасын дұрыс жолға бағыттауын сұрап, дұға етші»-дейді.


Алла елшісі оның өтінішімен: «О, Алла! Әбу Хурайраның анасына дұрыс жолды көрсете көрші»-деп дұға етеді. Пайғамбардың (с.ғ.с) дұғасына риза болған Әбу Хурайра үйіне қуанып қайтады. Үйіне жақындағанда анасының жуынып кіиініп жатқанын байқайды. Есікті ашқан анасы: «О, Әбу Хурайра! Алладан басқа тәңір жоқ екеніне, Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік етемін»-дейді. Сонда Әбу Хурайра Пайғамбарға (с.ғ.с) қайтып келіп: «О, Алланың елшісі! Менің қуанышты хабарым бар. Алла сенің дұғаңды қабыл етіп, анамды дұрыс жолға бағыттаған екен»-дейді.


Бірде Пайғамбар (с.ғ.с) Әбу Хурайраға екі құрма береді. Ол бірін жеп, бірін қалтасына салады. Пайғамбар неге олай істегенін сұрайды. Ол: «Анам үшін қалдырдым» - дейді. Сонда Пайғамбар: «Оны жеп алғын. Анаңа тағы екі құрма береміз»-дейді.


Әбу Хурайра анасының бөлмесіне кірген сайын: «Мені кішкентай кезімді бағып-қаққаның үшін Алла сені жарылқасын»-десе, анасы: «Мен қайртайғанда маған құрметпен қарағаның үшін Алла сені де жарылқасын»-дейді екен.



Пайғамбар тәрбиесі



Әбу Хурайра Алла елшісінен керемет тәрбие алады. Ол оның өмірінде орын алған түрлі жағдайларда көрініп отырған. Ол әрдайым Пайғамбардың қасында болған. Мұхаммед Пайғамбар: «О, Әбу Хурайра! Құдайдан қорық, сонда Аллаға құлшылық етушілердің алды боласың. Барыңа қанағат ет, адамдар арасындағы қанағатшыл боласың. Өзіңе не тілесең өзгелерге де соны тіле, тақуа боласың. Көршілеріңе қайырымды бол, мұсылман боласың. Және көп күлме, өйткені көп күлкі жаныңды әлсіретеді»-деген. Әбу Хурайра осы сөздерді ешқашан есінен шығармаған. Ол байлыққа қызықпаған, адамдарды жақсы көріп, қамқорлық танытқан. Өзінің көршісі Аммар ибн Ясирдің Исламды таратудағы еңбегін ескеріп, лайықты сый-сияпатын беріп отырған. Көп жылап, аз күлген адам.


         Ибн Джарих Әбу Хурайраның мынадай сөзін жеткізеді: «Мен түнді үшке бөліп қойғанмын: 1) Құран оқу үшін, 2) ұйқы үшін, 3) хадистерді еске түсіру үшін».



Пайғамбар мұрасы


 


Бірде Әбу Хурайра Медине базарында жүріп, адамдардың дүние тірлігіне қалай кірісіп кеткендерін байқап:



– О Медине тұрғындары, сендер қандай әлсізсіңдер?! – деп айғайлайды.



– О, Әбу хурайра біздің әлсіздігіміз не де?



– Пайғамбар мұрасын таратып жатыр, неге сонда барып өз үлестеріңді алмайсыңдар?



– О, Әбу Хурайра оны қайда таратып жатыр?



– Мешітте.



Адамдар аялдамай мешітке бет алады. Әбу Хурайра олар қайтып келгенше тапжылмай сонда күтеді. Олар оны көргенде: «О, Әбу Хурайра, біз мешітке барып келдік, бірақ онда ештеңе таратпады»-дейді. Сонда Әбу Хурайра: «Сендер мешітте ешкімді байқамадыңдар ма?» – дейді. Олар «Онда біреулер намаз оқып, біреулер құран оқып, ал біреулер талқылап отырды»-дейді. «Сол Мұхаммед Пайғамбардың мұрасы, сендер құр қалдыңдар»-деген екен сонда Әбу Хурайра.


Умар халифтің билігі кезінде ол Бахрейн басшысы болып тағайындалады. Халиф Усманның билігі кезінде Меккенің кадии қызметін атқарады. Халиф Муавиййаның билігі тұсында Медине билеушісі болады. Сонда 78 жасында дүние салған. Оның жерлеу рәсімінде көптеген сахабалар, олардың ізбасарлары, ғұламалар болған. Араларында Абдулла ибн әл-Ибад бар еді. Ол Алладан Әбу Хурайра үшін кешірім мен рақым тілеп: «Ол Алла елшісінің хадистерін мұсылмандар үшін сақтағандардың бірі еді»-деген екен.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары