Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қайыршы неге налыды?
08 қаңтар, 2015 жыл 301 Басып шығару нұсқасы

  swU0LE6CeTtTAmaL-lgМейірімді Алланың атымен бастаймын!


Мен бұған дейін де Мұхаммед Пайғамбардың ұлылығы туралы көп естігенмін. Бірақ мына бір оқиға менің жанымды терең қозғап, Аллаға және Оның елшісіне деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті.

Медине шетіндегі базарда күн сайын қайыр сұрап өзі соқыр, өзі кедей бір иудей тұратын. Ол маңайынан өткен адамдарға: «О, адамдар! Мұхаммедпен бірге жүрмеңдер. Оның есі ауысқан. Егер оның қасында жүретін болсаңдар ықпалына түсіп, алданасыңдар»-деп айғайлап тұратын. Әлгі кедей Мұхаммед Пайғамбарымызға деген жеккөрінішін жасырмай, тіл тигізетін. Бірақ өзі Пайғамбарымызды білмейтін де еді. Қайыршының күн сайын өзін қарғап-сілейтінін естігенде Пайғамбарымыз оған еш реніш білдірмеген. Керісінше содан кейін қайыршыға күн сайын таңертең ас-ауқат апарып,  оны өз қолымен тамақтандырып тұрды. Әлгі қайыршы берген тамақты құмарлана жейтін. Тойып алған соң, өзін тамақтандырған адамның Пайғамбар екенін білмей, рахмет айтып, алғыс білдіретін. Пайғамбарымыз оны күн сайын о дүниеге аттанғанша тамақтандыруды жалғастыра берді. Осыншама уақыт бойы қайыршы өзін кімнің тамақтандырып жүргенін білген де жоқ. Алла елшісі бақилық болғаннан кейін, әлгі иудей өзіне келмей кеткен адамды іздей бастайды.


Бір күні Пайғамбарымыздың сахабасы Әбу Бәкір Айшаның үйіне келеді. Айшадан: «Пайғамбардың үнемі жасайтын сүннеті қандай еді?»-деп сұрайды. Сонда Айша: «О, қадірлі әкем! Алла елшісі күн сайын базарға барып бір соқыр иудейді өз қолымен тамақтандыратын»-дейді. Келесі күні Әбу Бәкір әлгі иудейге келіп тамақ береді. Ұсынған наннан бір үзім аузына салғаннан кейін Әбу Бәкірге наразы кейіппен: «Сен кімсің?»-дейді дауыс көтеріп.  Сонда Әбу Бәкір: «Өзіңді күнде тамақтандырып жүрген жанмын»-дейді. Сонда қайыршы: «Сен мені алдама, ол адам сен емессің» - деп айғайлап жібереді. Әбу Бәкір соқырдың айтқанына таң қалып: «Сен неге олай айтасың?»-деп сұрайды. Сонда қайыршы: «Өйткені ол маған тамақ бергенде оның қолының жеңілдігін, тамағының жеңілдігін сезетінмін»-дейді. Сонда көз жасына ие бола алмай жылап жіберген Әбу Бәкір: «Мен сені осы уақытқа дейін тамақтандырған адам емеспін. Сені тамақтандырып келген Алланың сүйікті елшісі Мұхаммед Пайғамбар еді. Мені оның сахабасы болдым. Қайырымды да мейірімді Пайғамбар енді біздің арамызда жоқ»-деп шындықты айтып береді.


Сол кезде әлгі кедей еңкілдеп жылап жіберген екен. «Осы уақытқа дейін мені оны қарғап-сілеп, тіл тигізіп келдім. Бірақ ол маған ешқашан ұрысқан жоқ, дауыс та көтерген жоқ. Аш қарнымды тойдырып,  тамақ берді»-деп өкінішін жасыра алмай сан соғады. Көзінен аққан жасты сүртіп, Әбу Бәкірге: «Алладан басқа тәңір жоқ екеніне, Мұхаммед оның елшісі екеніне куәлік етемін»-деп, сол күннен бастап мұсылмандықты қабылдаған екен.


Тағы бір мынадай оқиға болған.


Бір де құрманы жақсы көретін бір бала Мединенің бақшасына ұрланып түсіп, піспеген құрманы таспен атып түсіріп алатын. Ол баланы кейін сахабалар ұстап алып Алла елшісіне әкеледі. Баланың қорқыныштан аяқ-қолы дірілдеп кетеді.  Алла елшісіне әлгі балаға қарап күлімсіреп, жай ғана неге олай істегенін сұрайды. Балақай құрманы жақсы көретінін айтады. Сонда Пайғамбарымыз балаға құрманы таспен атып түсірмеу керектігін, піскеннен кейін өзі-ақ жерге түсетінін жақсылап түсіндіреді. Алла елшісінің кеңшілігі мен мейіріміне тәнті болған бала оның алдынан қуанышпен кетеді.


Міне Алланың елшісінен біздің үлгі алатын жеріміз осында. Жүрегімізге мейірім, көңілімізге нұр құйылсын.  Алланың оған рақымы мен шапағаты болсын.



Әмина Омарова


Қарағанды облыстық орталық мешіті

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары