Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қағбада туған  Әли
18 желтоқсан, 2014 жыл 490 Басып шығару нұсқасы

АлиӘли (Алланың оған рақымы мен шапағаты болсын)  көрнекті қоғам қайраткері, ұлы қолбасшы, сүйікті жар, мейірімді әке бола білген жан. Мұхаммед Пайғамбардың немере ағасы әрі күйеу баласы.


Әли қасиетті Қағбада, раджаб айында, жұма күні дүниеге келген. Әли туғанда Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) 30 жаста болған. Әлидің әкесі Әбу Талиб Абдул Мүтәліптің ұлы, анасы Асадтың қызы Фатима. Бұл баланың дүниеге келуі таңқаларлық оқиға болған деседі. Себебі ол Қағбада туған. Оған дейін ешкім мұндай мәртебеге ие болмаған. Анасының жүкті кезінде қызық жайттар орын алған. Анасы мүсіндерге табынуды қойып, дінге бет бұрады.


Йазид ибн Канаб: «Аббас ибн Абдул Мүтәліппен және Абд әл-Узза әулетінің бірнеше кісісімен бірге Қағбаның жанында отырғанбыз. Сол сәтте Фатима келді. Жүктіліктің тоғызыншы айында болатын. Фатима Қағбаға жақындап: «О Аллам! Мен Өзіңе сенемін, Пайғамбарлардың айтқандарына, бізге жіберген кітаптарыңа сенемін. Ибраһим Пайғамбардың сөздеріне куәлік етемін. Ол осы Харамды салды. Ол үшін және мына балам үшін менің босануымды жеңілдете көр»-деп айғайлап жіберді.  Сол кезде қасиетті Қағбаның артқы қабырғасының ашылғанын өз көзімізбен көрдік. Фатима ішіне кіріп кетті де Қағбаның қабырғасы қайта жабылды. Біз бәріміз Қағбаның есігін ашпақшы болдық. Алайда бұның Алланың қалауымен орын алғанын түсіндік. Төрт күннен кейін Фатима Қағбадан шықты, қолында бала бар еді» - дейді.


         Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) Фатиманы өзінің анасы есептейтін. Себебі Ол Фатима мен Әбу Талибтің қолында тәрбиеленген. Фатима қайтыс болғанда Алла елшісі оның қабірін қазуды Умар ибн Хаттабқа, Усмад ибн Зайдқа, Әбу Аюп әл-Ансариге тапсырған. Қазып болғаннан кейін Алла елшісі қабірдің ішіне өзі түсіп өзі тегістейді де, сонда жатып: «О Аллам, мен үшін және менің алдымдағы Пайғамбарлар үшін менің анам, Асадтың қызы Фатиманың күнәларын кешіре көр»-деп дұға еткен екен.


Меккеде ауыл шаруашылығы құлдырап, аштық басталады. Әлидің әкесі Әбу Талибке көп еңбектенуге тура келеді. Себебі оның отбасы үлкен еді. Ағасының жағдайын көрген Пайғамбарымыз көмектескісі келіп, не істерін білмей Аббаспен ақылдасады. Екеуі Әбу Талибтің екі баласын қолдарына алмақшы болып келіседі. Әбу Талибке осы ұсыныспен келгенде ол бірден келіседі.  Аббас Джафарды, Пайғамбарымыз Әлиді алады.


Әли өзінің құрбы-құрдастарынан ақылдылығымен, діни білімінің тереңдігімен ерекшеленген. Ол Алла елшісіне бала, бауыр, әр кез тірек бола білген. Алла елшісі оған: «Әли, Мұсаға Харун қандай болса, сен маған сондайсың»-деген. Әли Исламды он жасында қабылдайды. Ол Исламды қабылдған ең алғашқы бала. Алла елшісін құрайыштар өлтірмек болғанда Әли оның төсегіне жатып, Алла елшісінің Меккеден шығып кетуіне көмектеседі. Жас кезінде-ақ оны үлкендер мен Алла елшісінің туысқандары, сахабалары құрметтеген.  Бірде Мұхаммед Пайғамбар оның мешіттің ішінде қара жерде жатқанын көріп: «Тұр, Әбу Тураб (жер әкесі)»-деген екен. Содан бері біраз жұрт оны  Әбу Тураб атапты.


Мединеге қоныс аударғаннан кейін ансарлар (Медине тұрғындары) мұхажирлермен (Мекке тұрғындары) бауырласады. Бұны көрген Әли Алла елшісіне келіп: «Мен кімнің бауырымын?»-дейді. Сонда Алла елшісі: «Сен менің бауырымсың»-деген екен. Сондай-ақ Әли Алла елшісінің сүйікті қызы Фатиманың жұбайы болған.


         Әли Алла елшісінің ең жаужүрек, мықты жауынгері еді.  Бадре жанындағы соғыста Әли жау жағының батырымен жекпе-жекке шығып, қарсыласын оңай жеңіп, Әбу Убайдаға көмекке келіп, оның қарсыласын өлтіреді. Сол оқиғадан кейін Пайғамбарымыз оған екі жүзді «Зульфикар» қылышын тарту етеді. Ұхұд шайқасында Алла елшісін қорғап, жарақат алады. Меккені алғанда мұсылман әскерінің қолбасшысы болып, Алла елшісімен бірге мүсіндерді  жағып, сосын Хавазан мен Сакиф тайпаларына қарсы соғысады.


Әлидің адамгершілілік қасиеттері және Алла елшісінің ол туралы айтқан хадистері.


Әлидің адамгершілік қасиеттері туралы тоқтаусыз айтуға болады. Ол өзінің балалары Хасан мен Хусейнді қатты жақсы көрген. Олардың анасы Пайғамбарымыздың қызы Фатима еді. Әли өз балалары ғана емес жетім балалар мен мұқтаждарға әрдайым көмектескендіктен, оны ел «барлық жетімдердің әкесі» атаған. Әли мен Фатима тату-тәтті ғұмыр кешкен.


Ибн Аббастың жеткізуі бойынша Құранда Әли туралы 300 аят бар.


«Я аййуhа-л-лязиннааману…» деп басталатын аяттар алдымен Әлиге, сосын қалғандарға арналған.  Алла елшісі бір хадисте: «Жұмақ үш адамды жақсы көреді. Олар: Әли, Аммар және Салман» - дейді.


Бірде Алла елшісі адамдарды жинап Әлидің қолынан ұстап тұрып  жиналғандарға қарата: «Мен кімге жолдас, кімге көмекші болсам, оларға Әли де мен сияқты»-дейді. Алла елшісінің осы сөзі көпке тарап, әжептәуір әңгімеге арқау болады. Нуманның ұлы Харс осы сөздерді естіп Пайғамбарға келіп: «Уа, Мұхаммед! Біз сенің айтқаныңмен жүрдік, Алланың хақтығын таныдық. Күніне бес уақыт намаз оқуды бұйырдың, намазға жығылдық. Зекет беруді бұйырдың оны бердік. Қажылық жасауды бұйырдың, оны да орындадық. Бұның бәрі саған аз ба? Неге сен Әлиде жоғары көтересің? Біздің арамыздан оны бөліп алып, бұл туралы халыққа айттың. Бұны өз қалауыңмен айттың ба әлде Алланың бұйрығы ма?» - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұның Алланың қалауы екенін айтып, Алланың атымен ант етеді. Харстың айтарға сөзі қалмай кері қайтады. Ол Мұхаммед Пайғамбардың айтқанына сенгісі келмей екіұдай күйде түйесіне жақындап келе жатып: «О Алла! Егер Мұхаммед Пайғамбар шындықты айтса, аспаннан тас жаудыр. Немесе қандайда бір жаза жібер» - деп тіленеді. Сол сәтте-ақ Алла Тағала оның дұғасын қабыл алып, аспаннан тас түсіп Харстың басын жарады. Харс осылай екіұдай күйде о дүниеге аттанып кете барады.Осы уақытта Жәбірейіл періште «Ма‘аридж» сүресін түсіреді.


         Сондай-ақ Алла елшісі Әлиге: «Жұмаққа ең алдымен сені жақсы көрген адам барады, ал тозаққа сені жек көргендер барады»-деген. 


Әлидің халиф атануы


Усман шахид болғаннан кейін халифатты басқаратын адам керек болғанда таңдау Әлиге түседі. Басра халқының Әлидің халиф болғанына аса көңілдері толмайды. Себебі ол қазына ұстамаған, салық жиналған бойда кедейлер мен мұқтаждарға таратып жіберіп отыратын. Ал өзі кедейшілікте өмір сүрген. Түні бойы Құран оқитын. Халиф болған кезінде ең алдымен Құранның оқытылуына көңіл бөлген.


 Әли ибн Әбу Талибтің өлімі


Меккеде үш хавариджит бас қосып әрқайсы үш әмірді өлтіруге серттеседі. Олардың бірі Дамаскіге бет алып, Муавийатты өлтірмек болады. Муавийатты бір соққымен жарақаттайды, алайда адамдар байқап қалып оны ұстап алады. Қарақшы өзін өлтірмеуін сұрап, Әлидің өлімі жайлы хабар береді. Серіктестерімен үш әмірді бір күнде, бір мезгілде өлтіруге серттескендерін айтады. Әлиден хабар алғанша  Муавийат жауын тірі қалдырады. Содан кейін расында Әлидің өлтірілгенін естігенде оның аяқ қолын шауып, қоя берген деседі.


         Қарақшылардың екіншісі Амр ибн Асаны өлтірмек болады. Амр ибн Асаны мешітке құлшылық жасауға барғанда өлтіруді жоспарлайды. Алайда сол күні Амр ибн Аса ауырып қалып, орнына Хариджат барады. Қарақшы Хариджатты өлтіреді.


         Әлиді Ибн Мульджим өлтірмекші болады. Куфаға келіп, көше бойымен жүріп той болып жатқан үйдің сыртына тоқтайда. Сол кезде іштен Кутам есімді бір әйел шығады. Жалғыз басты әйел екен. Қарақшы оған неке туралы айтады. Әйел келесі күні келіп: «Саған тұрмысқа шықсам сен маған үш мың дирхем, бір құл мен бір күң бересің бе?»-дейді. Ибн Мульджим сұрағанының бәрін бермекке келіседі. Бірақ Кутамның мақсаты басқа болып шығады. Ол Ибн Мульджимге: «Сұрағандарымның орнына сен Әлиді өлтір, маған сол керек» - дейді. Нахраванда Хавариджиттермен соғыс кезінде Әли Кутамның әкесі мен ағасын өлтірген болып шығады. Бірақ заңды имамға қарсы шыққан олардың өлімі үшін Әли кінәлі болмаған. Сонда да әйел кек сақтап қалса керек. Сол кезде қарақшы шынын айтып, Әлиді өлтіру үшін келгенін жеткізеді. Сөйтіп екеуі оны өлтірудің жоспарын жасай бастайды. Кутам өзінің немере ағасы Вардан мен Шабиб ибн Маджаратты осы қылмысқа көндіреді. Шабиб ибн Маджаратты ұзақ үгіттеп, әрең көндіріп алады. Үшеуі таңғы намаз кезінде Әлиді қылышпен ұрады. Шабибтің соққысы Әлидің үстінен өтіп, ал Ибн Мульджимнің соққысы дәл басына тиеді. Қарақшылар бірден қаша жөнеледі. Ибн Мульджимді ұстап әкеліп Әлидің алдына отырғызғанда Әли оны тамақтандырып, киім беруді бұйырып: «Егер көрер жарығым болса жазасын өзім беремін, егер үлгермесем оны менің соңымнан аттандырыңдар. Ғарасатта өзім шешермін»-дейді.


Осылай әділ билеуші болған Әли сенбіден жұмаға қараған түні көз жұмады. Өлер алдында балаларын шақырып: «Мен сендерге тек Құдайдан қорқуды тапсырамын. Аллаға деген сенімдеріңді жоғалтпаңдар. Алла елшісінің немересі, менің балаам болғандықтарың сендерді тәкаппарлыққа алып келмесін. Одан сақтаныңдар»-деп өсиет айтқан екен. Әли 63 жасында дүние салады. 4 жыл тоғыз ай халиф болған.


Әлидің даналық сөздері




  1. 1.  «Егер адам өзіне қажеті жоқ нәрсенің соңына түссе ең соңында құр қол қалып, маңыздысын жоғалтады».



  1. «Ажалың жеткенде амалыңның бәрі бекер».



  1. «Әр нәрсенің нәтижесі мен салдарын ойлайтын адам жеңілмейтін батыр болады».



  1. «Ақылды адамның тілі жүрегінде, ақымақ адамның жүрегі тілінде».



  1. «Жауыңды жеңген кезде оны кешір де Аллаға  мадақ айт».



  1. «Толық адам – бұл ілім іздеген адам, қалғандары толық адам саналмайды».



  1. «Басыңа іс түссе: «Ла ħавла ва ла ķ’уввата илла биллаh»дегін, осы жеткілікті болады. Жақсылыққа кенелсең: «Әлhамдулиллah» дегін, Алла бұдан да көп береді».



  1. «Жаман адамдармен дос болу жүрегіңде жақсы адамдарға деген жеккөрініш тудырады».



  1. «Болмашыны қиындықты көп көрсең, үлкен сынақтарға тап боласың».

  2. «Бұл әлем мен Ақырет батыс пен шығыс сияқты: біріне жақындасаң, бірінен алыстайсың».


 11. «Бұл өмірде қол жеткізгеніңе қуанба, бұйырмағанға өкінбе».


12. Әлидің ұлы Хасанға айтқан өсиеті: «Досыңда жақсы көр, бірақ толықтай сеніп қалма. Оны қуанышқа бөле, қиындықтарыңмен бөліс, бірақ барлық сырыңды ашпа».


Әмина Омарова

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары