Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Басраның тақуасы – Амир ибн Абдұллаһ Әт-Тәмими
12 желтоқсан, 2015 жыл 129 Басып шығару нұсқасы

«Зәһидтік сегіз тұлғаға дейін жетіп тоқтады.

 

Солардың басында Амир ибн Абдұллаһ Әт-Тәмими тұр»

 

 

(Алқамаһ ибн Мүрсид)

 

 

Басра қаласының шекарасы сызылып , Әмирүл-мүминин Омар ибн Әл-Хаттабтың (Алла оған разы болсын) әмірімен ұлығ сахабалар мен тәбиғиндер Парсы еліне шабуыл жасауға шеп құрып жатты. Бұл жаңа қаланы Аллла Тағалаға шақырудың орталығы етіп, Оның сөзін жер бетінде биік ету мақсатымен онда білім ордасын құруға Араб түбегінен, Нәждтен, Хижаздан және Иеменнен белсініп мұсылмандар ағылып жатты.

 

 

Осы қалаға Нәждтен көшіп келіп жатқандардың бірі «Тәмим» тайпасынан шыққан жас жігіт Амир ибн Абдұллаһ Әт-Тәмими Әл-Анбари еді.

 

 

Басра қаласы мұсылмандардың дүние-мүлікке бай, жан-жақтан саф алтын құйылып жататын ең бай қаласы еді. Бірақ Тәмимдік Амир мұның бәріне ешқашан көз салған емес. Ол мұнда дүние қызығы үшін емес, тек қана Алланың ризашылығын іздеп келген еді.

 

 

Сол кезде Басра қаласының әкімі – ұлығ сахаба Әбу Мұса Әл-Әшғари еді. Ол бұл жерден шартарапқа жорыққа шығатын мұсылман әскерлерінің бас қолбасшысы, осы қала халқының имамы, ұстазы әрі Алла Тағалаға жол бастаушы болып табылатын.

 

 

Амир ибн Абдұллаһ Әбу Муса Әл-Әшғаридың үнемі жанында болды. Әбу Мұсадан Алла Тағаланың кітабын пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с) түскен қалпында қабылдап, Алла елшісінің хадистерін жаттап, өзі де риуаят қылды.

 

 

Білім мен ғылымда алға қойған мақсаттарына жеткеннен кейін өз өмірін үшке бөлді:

 

 

* Бірінші бөлігін Басра мешітінде адамдарға Құранды оқытып, білім берумен өткізді.

 

 

* Екінші бөлігін аяғы талғанша Алланының алдында тұрып намаз оқып, құлшылыққа жұмсау.

 

 

* Үшінші бөлігін Алла жолында қылышын сермеумен шайқастарда өткізді.

 

 

Өмірінде бұл ұлығ істерден басқаға көңіл бұрмады. Тіпті халық оны Басраның тақуасы деп атады.

 

 

Бұл туралы Басра тұрғындарының бірі былай дейді:

 

 

Амирмен бір керуенде келе жаттық. Қараңғы түскенде айналасына ағаш өскен, сулы жерге келіп тоқтадық.

 

 

Амир өзінің заттарын жинастырып атын, ағашқа байлап, жем-шөбін жеткілікті етіп салып, қалың ағаштың арасына кіріп кетті.

 

 

Ішімнен міндетті түрде мұның ізіне түсемін деп бел будым. Уаллаһи, артынан жүріп, қараңғы түнде осы ну ағаштың ішінде не істейтіні көрейін!

 

 

Айналасын түгелдей ағаш қоршаған жерге келіп, қыблаға қарап намаз оқуға тұрды. Алладан қатты қорқатыны сезіліп тұрғаны соншалықты, одан артық намазды кемел, үздік, ықыласты оқитын адамды көрмеппін. Оның күбірлеп айтқан дұғасын тыңдап отырып көзім ілініп кетіпті. Кейін бір оянғанымда таң қылаң беріп келеді екен. Амир әлі сол орнынан тапжылмай намазын оқып, мінәжаттарын жалғастырып жатыр екен.

 

 

Таң намазының уақыты кірісімен парыз намазын оқып, мынадай дұға жасады: «Алла Тағалам таң да атып келеді. Адамдар сенің нығметіңді іздеп, тіршілік қамына кірісті. Әркімнің өз мұқтаждығы бар. Әмірдің мұқтаждығы – Сенің оны кешіруің. Иә, Аллам, менің және олардың мұқтаждықтарын бере көр, жомарттардың Жомарты! Әй, Аллам! Сенен үш нәрсе сұрадым, екеуін беріп, үшіншісін бермедің. Сүйгенімдей, қалағанымдай Саған құлшылық ету үшінші тілегімді бере көр», - деп орнынан тұра бергенде маған көзі түсті. Жатқан жеріме қарап, түні бойы осында болғанымды біліп:

 

 

* Басрлық бауырым, түні бойы мені күзетіп шыққан шығарсың-ау?

 

 

* Иә

 

 

* Көрген-білгеніңді ішіңде сақта, өзіңе Алла жар болсын,- деді.

 

 

* Құдайдан сұраған үш нәрсенің не екенін айтпасаңыз, көргенімді баршаға жария етемін.

 

 

* Қой, олай істеме!

 

 

* Айтқаным айтқан! Менің қырсығып тұрғанымды білгеннен кейін, амал жоқ, «Ешкімге айтпауға Алланың атымен ант етсең ғана айтамын», - деді.

 

 

* Сенің сырыңды жария етпеуге Алланың атымен ант беремін.

 

 

* Дінімді берік ұстауға қатерлі деп ең қорқатыным әйел заты еді. Алла Тағаладан нәзік жандарға деген сезімімді өшіруді сұрадым. Содан кейін әйел көрдім бе, қабырға көрдім бе, бәрібір болып қалды.

 

 

* Екіншісі мен Жаратқан Иемнен өзінен басқа ешкімнен қорықпайтындай етуді сұрадым. Алланың атымен ант ішейін жерде де , көкте де, Одан басқа еш нәрседен қорқып көрген емеспін.

 

 

* Үшінші не?

 

 

* Күні-түні тынымсыз ғибадат қылу үшін Иемнен ұйқысыздықты сұрадым. Алла Тағала бас тартты.

 

 

* Өзіңізге жаныңыз ашысын. Жәннатқа сіз жасап жатқаннан азырақ нәрсемен кіруге, тозақтан сіз қиналғаннан азырақ қиналып, құтылуға болады ғой.

 

 

* Мен өкінудің пайдасы тимейтін жағдайда қалудан қорқамын. Уаллаһи, бар мүмкіншілікті пайдаланып, Аллаға құлшылық етемін. Егер жәннатқа кірсем, онда – алланың мейірімімен, тозаққа түссем – менің кемшілігімнен.

 

 

Бірақ Амир ибн Абдұллаһ тек түнде ғибадат қылатын тақуа ғана болған жоқ, күндіз ержүрек жауынгерлердің бірі болды. Алла оған разы болсын!

 

 

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары