Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Өмірдің бір қызығы – бала деген
07 наурыз, 2023 жыл 466 Басып шығару нұсқасы

   «Балалы үй – базар». Осы қастерлі сөз әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағиданың кілті. Себебі адам өмірінің мәні мен сәні де – бала. Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі«Бала – болашағымыз» дегенді де жиі естиміз. Бала – басты байлығымыз болуымен қатар, дан да маңыздысы – оның тәрбиесі. Ал, әрбір орнықты отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы, тәрбие мектебі. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері көп. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Балаға деген мейірім – туған отбасы, ұядай жылы үй, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі. Бірақ өкінішке орай, осы бір асыл құндылықтарды бағаламай, Алланың берген ұлы сыйы баланы тастанды етіп жүргендер қынжылтады. Қазақ жетімін жылатпаған халық, сонау алмағайып заманда балалар үйі болмаған деп жатамыз. «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты бойына терең сіңіріп өскен халықпыз. «Жетім» деген сөз қазақ халқына жат болса да, қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі. Не себепті қоғамда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған  балалар қалыптасты?  Ұлттық тәрбиені босаңсытып алғанның әсерінен бүгінгі қоғамда тастанды балалардың саны артып отыр. 

Балалар  – Алланың бізге берген аманаты, өміріміздің жайнаған гүлі. Ал аманат үшін Алланың алдында қатты сұраламыз. Бала – отбасы дәнекері, әке ғұмырының жалғасы, ана жүрегінің мәңгілік падишасы ең бастысы, біздің қоғамымыздың алға қарай дамытушы ұлағатты ұрпағы, бақытты болашағы. Ендеше, осынау ұлы сыйдың қадірін біліп, Алланың берген ғұмырында әрбір сәтті бағалап, қолдағы барымызға шүкір ете білейік. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген даналықтың мәнін ұғынайық. 

Мына жалған фәниде,
Зар болған бар сәбиге.
Не жетеді шіркін-ай
Сәби күлсе әр үйде.
Құбылса да замандар,
Мейірмен елге қараңдар.
Жазығы жоқ сәбиді
Тастамаңдаршы адамдар!

Тастанды, жетім деген сөздерді естімейтіндей ел болып, етек жеңіміз қымталған, дін мен дәстүрді ділімізде жаңғыртып, тұрмыс салтымыз сүннетпен сабақтасқан іргелі жұрт болайық ағайын!

«Дін мен дәстүр» бағытының 

Қарағанды облысы бойынша жауапты маманы 

Бақдәулет Қыдырбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары