Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Дін мен дәстүрдің сабақтастығы
16 ақпан, 2023 жыл 263 Басып шығару нұсқасы

   Жаратылыстың діңгегі – адамзат. Ал адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Діннің табиғаты сондай, сенімі күшті діндар адам өзінің туыстары  мен  ұлтына, еліне көп алаң болмай, рухани бірліктегі өзінің діндес бауырларын  жақын  тұтып, соларға  жәрдем  етуге бейім болады.

Әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы дәстүр ұғымымен ұштасса, соны бір ізділікпен, жүйелікпен, тура жолда бағыттауы дінге келіп тіреседі. Екеуі қатар жүргенде адасушылыққа жол болмайды. Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты.

Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі.

 Жаратқан Ие былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» («Хужурат» сүресі, 13-аят). Осы аятқа зер салсақ, Алла Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін бөлген. Бір-бірін тануы арқылы олар өздерін таниды, Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі – бір, барлығы Адам атадан тарайды. Сондықтан да мұсылмандар басқа ұлттарды көргенде шарапатты аят-хадистерге сүйеніп: «Бәріміздің тегіміз – Адам ата, ал оның тегі – топырақ», – деп айтады.

Абай атамыз:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

Және хақ жол осы деп әділетті, — дейді.

Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Қазақ халқының дәстүрі осы діннен негіз алған десек қателеспейміз.

Әдебиетіміз бен мәдениетіміз ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрпымыз бен мінез-құлқымыз, халықтық болмысымыз, өмір салтымыз, тәрбиеміз де, Қазан төңкерісі әкелген жасанды арзан құндылықтарға емес, Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан. Ислам біз үшін тек дін ғана емес, рухани мұрамыздың қайнар көзі, тіпті елдігіміз, бүгінгі тәуелсіздігіміз. Олай болса Исламның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтау, оны игеру, қорғау, ілгері дамыту, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүріне қаншалықты сіңісті болғанын зерделеу–бүгінгі біздің міндетіміз.

Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады.

Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. 

Дін мен дәстүр сабақтастығы көптен бері қаузалып келе жатқан тақырып. Осынау маңызды мәселеге қатысты шарғи көзқарасты білдіруді жөн санап «Дін мен дәстүр» деген кітап шығарылды. Қазақтың салт-дәстүр тарихын бүге-шігесіне дейін зерттеу емес, ол осы саладағы мамандардың ісі,  қазірге дейін сақталып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-сананың негізі мұсылманшылықта жатқандығын дәлелдеу мақсатында «Дін мен дәстүр» кітабында құнды дүниелер жазылған.

Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Кейбірі хақ діннің негізінде пайда болған. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылады. Бұл әдет те кезінде Пайғамбардың құптауымен болған іс. Қандай да бір жорыққа аттанар алдын Алла Елшісі (с.ғ.с) әр тайпаға өз туын белгілеп, ішіндегі ең сенімді әрі қайраттысына ұстатқан. Ал қазір халқымыздың туы бір, елтаңбасы белгілі. Бұл дінге сәйкес дәстүрімізді қастерлеп құрметтеу әрбір азаматтың борышы. Бала дүниеге келгеннен кейінгі «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Сүндетке отырғызу», «Құда түсу», «Үйлендіру» – бәрі де асыл дінімізде салмағы бар, маңыз берілген дәріптелетін сүннет яки мұстахап амалдар екенін көреміз. Келіннің ата-енесіне сәлем салуы құрмет болса, беташар рәсімі – некені жариялау, бесік тазалық пен денсаулық кепілі болса, дастарханда бас қосып дәрежемен орын алу ахлақ (әдеп) көрінісі.

 Ал әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни діні. Осы себепті дін дегеніміз діл мен дәстүрдің негізі болып табылады. Ал халық дінін ұмыта бастағанда сол діннен қалған сарқыншақтар әдет-ғұрыптарда ғана көрініс береді. «Ислам шариғатында, «әлғурф» (ғұрып) және «әл-ғада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» -деген. Біз осы ұғымдарды теренен түсініп, дұрыс ұстанып жүргеніміз еліміздің тұтастығы мен ұлтымызды сақтап қалуға әсер етеді.

Алла Тағала бізді тура жолдан айырмасын. Істеген істерімізді қайырлы, игі амалдардан етсін. Әрбіріміздің амалдарымызға сауаптан жазып, құлшылықтарымызды қабыл еткен болсын. Қазағымыздың қаймағы бұзылмай, айраны ірімей, елімізде тыныштық, береке болсын!

 

Айтқазин Рауан

Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары