Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Өзіңнен өзің есеп ал!
16 қаңтар, 2023 жыл 151 Басып шығару нұсқасы

   Ақылды адам әрқашан өзін-өзі есепке алып жүреді. Бұл – Құдайға жақындастыра түсетін қасиет. Өзін-өзі есепке алып жүретін адам Аллаға жақындай түседі. Оның бойында жақсы сипаттар қалыптасып, Аллаға деген махаббаты арта түседі. 

Өзін-өзі есепке алу дегеніміз – өзін үнемі қатаң бақылауда ұстап, өзіне тек сын көзбен қарау және нәпсіні үнемі тәрбиелеп отыру. Тақуалық жолға ден қойған адам өзін-өзі есепке алу мәселесіне ерекше мән береді. Бұл істе Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салған сара жолымен жүріп, айтқан өсиеттерін толық орындайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Нағыз ақылды адам үнемі өзін есепке алып отырады. Ол өзінің өлімнен кейінгі өмірі үшін амал жасайды. Ал әлсіз адам нәпсінің қалауына еріп, армандарының орындалуын Алладан күтіп, үміттенеді».   

Өзін үнемі бақылауда ұстап, өзінен есеп алып отыратын адам нәпсіні тәрбиелеп, жамандыққа жол берместен тек Алланың бұйырған құлшылықтарын орындауға тырысады. Алланың бұйырғаны мен тыйымдарына салғырттық танытқаны үшін нәпсісін үнемі сөгеді. Мұндай адам қалайша жалған мен бос сөзге жол береді?!

Ислам ғұламалары Алладан қорыққан адам өзін-өзі есепке алатынын айтқан. Өзін-өзі есепке алған адам өзін бақылауда ұстайды. Өзін-өзі үнемі бақылауда ұстаған адам тек Алланың бұйырғандарын орындайтын болады.  

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын қалай тәрбиелеген болса, нағыз мұсылман да өз нәпсісін тура солай тәрбиелейді. Бірде Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аш құрсақ күйде көшеге шығады. Байқап қараса Әбу Бәкір мен Омар да (Алла оларға разы болсын) көшеде жүр екен. Олар да қарны ашқаны соншалықты талғажау етер бірдеме іздеп көшеге шыққан екен. 

Олардың алдынан мадиналық ансарлардың бірі жолыға кетті. Жағдайларын айтқызбай түсінген ол дереу үшеуін де үйіне шақырды. Үйіне келген соң ол жерден көлеңкесі бар орын мен құрма және салқын су бар екенін көрді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрманы жеп, оған қанағат еткен соң салқын судан ішті де: «Бұл нығметтің сұрауы бар» деді.  

Қиямет күні сұралатындай, ол қандай нығмет еді? Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жай ғана талғажау етуге жарайтын бірнеше құрма мен бір кесе суды қиямет күні сұралатын нығметтердің қатарына қосып отыр. Бұл баяндалған оқиғада нәпсі тәрбиесінде үлкен ғибрат бар.

Өзін-өзі есепке алу адам баласына жауапкершілікті сезіндіреді. Мына өмірге жайдан жай келмегенін ұғындырады. Түбінде бір Алла Тағалаға қайта оралатынын есіне салады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «(О дүниеге барғанда) Алла әрқайсыңмен ешбір аудармашысыз жеке сөйлесетін болады. Сол бір сәтте адам баласы оң жағына қараса, жасаған амалдарынан өзге нәрсені көре алмайды. Сол жағына мойын бұрса да жасаған амалдарынан өзгені көре алмайды. Сондай-ақ, алдына назар салғанда лаулаған тозақ отынан өзге ешнәрсені көре алмайды. Ендеше, мүмкіндіктерің бар кезде, тіпті жарты құрмамен болсын (яғни, аз мөлшерде болса да садақа беріп) тозақ отынан сақтаныңдар. Оны да таба алмаған адам тым болмаса жақсы сөзбен тозақ отынан сақтансын».  

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөздерін жадында сақтаған адамның жүрек түбінен шынайы тәубе атылып шығары анық. Ол Алла бұйырған құлшылықтарды орындауға кедергі келтіретін алдамшы қызықтардан бас тартады. Бәрін тастап тек Алладан ғана пана тілейді. 

Қасиетті кітабымыз Құранда мынадай аяттар бар: «Ендеше, уақыт оздырмай, Аллаға жанұшыра жүгіріңдер. Расында, Мен сендерге Оның тарапынан келген анық ескертушімін» («Зәрият» сүресі, 50-аят); «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар. Әрі шыншылдармен бірге болыңдар»(«Тәубе» сүресі, 55-аят). 

Ислам ғұламаларының айтуынша, өзін-өзі есепке алып отырмаған адамның жүрегі қатайып, нәпсісінің кемшіліктері көбейіп кетеді. Нәпсімен күресуде салғырттық таныту масайрап, масаттанып кетуге себепші болады. Нәпсіге тым жұмсақтық таныту оның босаңсып кетуіне себепші болады. Нәпсіні үнемі бақылауда ұстап, оны ізгі амалға итермелеп, қадағалап отыру керек. 

Иә, бір күні екінші күніне ұқсаған адам зиянда, ал күн өткен сайын жақсы амалы артпаған адам кемшілікке бой алдырады. Бүгінгі күні кешегі күнінен қайырлы болмаған адам да зиянда. Аз да болса күн сайын үздіксіз игі әрекетте болу жақсы амалдардың арта түсуіне себепші болады.

Бірде сахабалар пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі, қандай іс Аллаға ең ұнамды іс болып саналады?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үнемі және үздіксіз орындалатын нәрсе»деп жауап береді. Расында, ғалымдарымыз айтқандай, кімде-кім Алла Тағала бұйырған істерді толық бір жыл орындап, содан соң кері шегініп кетсе, оның жоғалтқаны тапқанынан да асып кетеді екен.

Жаратушы Жаббар Иеміз Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және әркім ертеңі үшін (ақыретке) не дайындағанына қарасын, есеп берсін. Алладан қорқыңдар, шындығында Алла не істеп жатқандарыңнан хабардар» («Хашр» сүресі, 18-аят) деген. 

Алла Тағала баршамызды игі мұсылмандардан етіп, есеп күнінде жүзімізді жарық еткей. Әмин! 

  

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары