Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Діндегі даналық пен дархандық
23 желтоқсан, 2022 жыл 213 Басып шығару нұсқасы

   Қазақ халқы тұрмыс тіршілігінде Жаратқан Иемізден жасқануды, бұйырғанына бойсұнып, қайтарғынынан тыйылуды жете түсініп қана қоймай, жүзеге асырған. Халық аузында сақталған сөздерден санаға сіңісті болған осындай тура танымды танимыз. Мақал мәтелді тәрбие тетігіне айналдыра отырып «Құдайдан қорықпағаннан қорық», «Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды Құдай табады», «Қорық Құдайдан, қайт райдан» деген сөздері арқылы Алла Тағаланы лайықты ұлықтағандығын дәлелдейді. Халқымыз жаман іске бой алдырған, тура жолдан тайып, пейілі бұзылған жанды көргенде «Құдайдан қорықсаң, нетті» деп тәубесіне шақырған. Бұл тиымдардың түп-негізі Құран Кәрім мен хадистерде жатыр. Алла Тағала білімнің көзі Жаратқаннан қорқу екендігін баяндаған.  Құран Кәрімде былай дейді: «..Әрі Алладан қорқыңдар, сонда Алла сендерге үйретеді..»  Ал ардақты Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) білім-ғылымның, данышпандықтың түпкі негізі Жаратушыдан қорқу екендігін «Даналықтың басы – Құдайдан қорқу», – деп жеткізген. Халқымыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық», – деген сөзін саралап көрейік. Сонда Құдайдан қорықпаған адамнан неге қорқу керек? Құдайдан қорыққан соң, өзгеден қорқып не керек? Демек, «Құдайдан қорқу» мен «адамнан қорқу» деген нәрсе екі түрлі мәселе болса керек. «Құдайдан қорқу» басқа қорқулардан өзгешерек. Әбулқасым Хаким: «Бір нәрседен қорыққан адам сол қорыққан нәрсесінен қашады, ал Азиз және Жәлил болған Алладан қорыққан жан, Оған қарай қашады», – дейді. Яғни, Аллаға қарай бет алып, Оны паналап, Оған сыйынады. Алладан қорқу – тақуалықты тудырады. Алладан қорқу – бір нәзік болмыс. Тақуа иесі болған жанның жүрегінен басқа жерді паналамайды. Әбу Ләйс Самарқанди өзінің «Тәнбиһ ул-Ғафилин» атты еңбегінде Алладан қорқыныштың 7 белгісін атап өтеді. Бұлардың барлығы да осы тақуалықтың белгілері: 

1. Тілдегі белгісі. Бұл жағдайда адам тілін өтірік, ғайбат және бос сөзден сақтайды. Тілі үнемі Алланың зікірі мен Құран оқудан босамайды. Іліммен айналысады. 

2. Асқазандағы белгісі. Асқазанына тек таза және адал ас қана түседі. Адал болса да, ысырапқа жол бермейді. 

3. Көздегі белгісі. Харамға қарамайды. Дүниеге ынтығып қарамайды, қызыға назарын салмайды. Әр нәрсеге ғибрат көзімен қарайды.


4. Құлақтағы белгісі. Шариғатқа теріс нәрселерге құлақ түрмейді, пайдасыз нәрселерге «саңырау» болады. 

5. Қолдағы белігісі. Қолымен істейтін істерді назарда ұстайды. Қолын харамнан қорғайды. Қолын тек Алланың рұқсат еткен нәрселеріне ғана созады. Ешқашан Аллаға қарсы істерге бармайды.

6. Жүректегі белгісі. Жүректен кекшілдік, қастық, дұшпандық, ашу, дін бауырларына деген қызғаныш сезімдерін шығарып тастайды.

7. Аллаға деген құлшылығындағы белгісі. Жасаған игі істерін тек Алланың разылығы үшін жасайды. Құлшылығын көзбояушылық пен екіжүзділіктен сақтайды. 

Демек, Құдайдан қорқу біз білетін қорқыныштардан өзгеше. Құдайдан қорқу «тақуа болу» дегенге келсе, адамнан қорқу «сақтану», «аулақ жүру», «маңайламау» дегенді білдіреді. Яғни, «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегеніміз де «тақуалығы жоқты дос тұтпа» дегенге келсе керек. Сол үшін қазақ: «Қорық Құдайдан, қайт райдан!» – деп Құдайдан безген жанды тақуалыққа шақыра білген. 

Ал тақуалық сөзі «аз сөйлеу», «сақтау», «қорғау», «әдепсіз әдеттерден, зиянды нәрселерден аулақ болу» деген мағыналарды білдіреді. Шариғи мағынасы: күнәлі істерден сақтану, ұятты амалдан алыс болу, Алла Тағалаға бойсұнып, өзіне және өзгеге жақсылық жасау. Демек, шариғатқа сай өмір сүру – тақуалықтың белгісі. Тақуалықты қарапайым мысалмен сөз етуге болады. Бірде әйгілі сахаба Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тақуалық туралы сұраған кісілерге былай деді: «Сіздер өмірлеріңізде тікені көп жолмен жүріп көрдіңіздер ме?» Сонда қасындағы адамдар: «Иә, өттік», – деп жауап берді. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тағы да: «Олай болса, сол жерден өткен кезде не істедіңіздер?» – деп сауал қойды. Олар: «Тікендерден сақтанып өттік», – деп жауап берді. Сонда сахаба: «Тақуалық та дәл солай, күнә мен қателіктерден сақтану», – деп түсіндіріп берді. Дана халқымыз бұны «Ақырын жүріп, анық бас» деп дөп басқан.

 

ҚМДБ "Qamqor-Sharapat" орталығының 

Қарағанды өңірі бойынша өкілі  Бақдаулет Қыдырбайұлы

                                                                                

 

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары