Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мейірімді болайықшы, бауырлар!
05 тамыз, 2013 жыл 368 Басып шығару нұсқасы

Қасиетті рамазан айында кезекті бір қайырымдылық шарасын жалғастыру кезінде Октябрь ауданының тұрғыны, жалғызбасты ананың отбасына Қарағанды қалалық №1-мешіттің атынан көмек көрсетудің сәті түскен болатын. Көңілге түрлі ой салып, көңіл көкжиегін кеңейтетін көріністің куәсі болып қайттық. Алты жасар Сәния атты бүлдіршін көшеде қараусыз қалып, қалтарыста бүрсеңдеп жатқан мысықтың марғауын тауып алған екен. Көзін де ашып үлгермеген кішкентай тіршілік иесіне жаны ашыған Сәния анасын қолқалап жүріп үй ішінде асырауға келісімін алыпты. Оған «Умка» деп ат қойып та үлгерген. Бір қызығы, өзі балаң көңілде бола тұрса да әлгі марғауды бауырына қысып, күндіз-түні әлпештеп бағуда. Әлсін-әлсін көзін сулы шүберекпен сүртіп, қарны ашқанда қолдан жасалған құтымен аузына сүт тамызып береді. Кішкентай «Умка» жылы сүтке толы құтыны құдды анасының омырауынан татып жатқандай, қос қолымен қысып құшырлана ішеді. Осылайша кішкентай үй жануарына асқан мейірімділікпен күн сайын ыждағаттылықпен еңбек етіп жатқан бүлдіршіннің ісіне тәнті болдық. Тәнті болдық та өзімізше ойға қалдық. Себебі, аяқ қолы бүтін сәбиін тірі жетім атандырып, отбасымен бірге қараусыз қалдырып кеткен «көкек» әкенің мейірімсіздігіне налыдық. Әкесінің жылы қабағы мен еркелеткен сөзінен ада күн кешіп жатқан бүлдіршіннің бұл ісі- өзгелерге мейірім мен рахым ұғымының ұмытылмауын өтініп тұрғандай еді. Осы тұста әлемнің мақтанышы болған, рахмет пайғамбарының жан-жануарларға мейірімділігі қандай болғанын бір сәт еске түсірейікші. Сонау жәһілдік кезеңнің адамдары жан-жануарларға қарсы тым ынсапсыз да мархаметсіз еді. Жануарларды бауыздамай жатып, жабайылықпен олардың еті мен құйрығын тірідей кесіп жейтін, оларды төбелестіріп бәсекелесетін де еді. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с мұндай жабайылыққа толы, ұжданды кірлететін ұстанымдарды тия білді. Қазіргі таңдағы әтештер төбелесі, ит төбелестері сияқты мейірім сезімдерін әлсірететін құмарлық ойындары сондай кезеңнің қалдықтары іспетті. Бір хадис шәрифінде: «Сендерге кімнің тозақтан және тозақтың да сол адамнан аулақ болатындығын айтайын ба? Олар нәзік, рахымды, мархаматы, жанға жайлы әрі жұмсақ болғандар...» деді. Пайғамбарымыз с.ғ.с он мың кісілік айбынды әскерімен Меккеге қарай Арж деген өңірден шығып, Талупқа қарай ілгерілеп келе жатқанда күшіктерін құшағына барынша басып алып, емізіп жатқан итті көріп қалады. Дереу сахабасы Жұайл бин Сүрақаны жанына шақырып, оны бұл хайуандардың басына күзетші етіп тағайындайды. Әскерлері ит пен күшіктерін үркітіп жібермесін деп ескертті. (Уәқыди, 2,804) Хазіреті пайғамбарымыз с.ғ.с мархаматты адам мен мархаматсыз адамдардың жағдайын хадисінде былай түсіндірген: «Күнәһар бір әйел шөлде қаталап, тілімен құмды жалап жатқан бір итті көреді де оған жаны ашып, аяқ киімімен құдықтан су алып иттің шөлін басады. Сондықтан Алла тағала бұл әйелдің күнәларын кешірді. Тағы бір әйел мысығын бақпай, аш қалдырған еді. (Тіпті құрт-құмырсқаны да жегізбеген) Мысық аштықтан өлді. Ол әйел мархаматсыздығынан тозақтың жолаушысы болды!» (Бұхари, Әнбия, 54; Мүслим,Сәлем,151,154, Бирр 133; Нәсәи, Күсуф,14) Осылайша Алла елшісі жәһіл қараңғы қауымның өкілдерін өнегелі өлшемдер арқылы «бақытты ғасырдың» өкілдеріне айналдырды. Пайғамбарымыз с.ғ.с ерекше тәрбиесінің арқасында адамзат баласын жан-жануарларды да аяп, жанашырлық танытатындай мейірбандылықтың шыңына жетеледі. Дініміз Исламның жан-жануардың өзіне осыншалықты жанашыр болуды бұйырғаны, жаратылыс атаулының абыройлысы адамға деген көзқарастарын ерекше деңгейге көтеріп, көңілдерінен өзгеше орын бөлулеріне дәнекер болған. Осы жағдайлардың бәрі пайғамбарымыздың көңіл тәрбиесінің қандай нәзік әрі қандай көркем екендігінің айдан анық айғақтары. Тағы бір хаисінде: «Жер жүзіндегілерге мархамет етіңдер. Көктегілер де сендерге мархамет көрсетсін» -деген. (Термези, Бирр. 16/1924) Осы өсиеттерді ескере отырып, әлгі біз сөз еткен Сәния риясыз жасап жатқан үлгілі ісі арқылы ардақты елшіміздің өсиеттерінің өміршеңдігін паш етіп тұрғандай еді. Бір әттеген-айы, бізге белгісіз әкенің «жездедей болса да» жақсылық пен жылулық танытпай кеткені болмаса...


Қарағанды қалалық №1-мешітінің наиб имамы Бақдәулет Қыдырбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары