Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қасиетті Рамазан айы
01 тамыз, 2013 жыл 735 Басып шығару нұсқасы

16547554Айлардың сұлтаны Қасиетті Рамазан айының аяқталуына да міне аз уақыт қалды. Рамазан айы Аллаһ тағаланың алдында ең жақсы, ең сүікті ай болып саналады. Өйткені бұл айда жәннәттің есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылып, шайтандар кісенделеді. «Қасиетті Құранда ; Ей иман келтіргендер ! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді»-деген. (Бақара сүресі 183-аят.)
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)-ға Құран кәрім түскен, Аллаһ пенделеріне ерекше мейірімі түсетін мүбәрәк рамазан айы. Аллаһ тағала осы айда ораза тұтуды әрбір ақыл-есі бүтін, балиғатқа жеткен, мұсылман ер-әйелге парыз етті. Осы айда ораза ұстау зор сауап. Ораза деп ниет ету шартымен таң рауандаудың алдынан күн батқанға дейін ішіп-жеу, жыныстық қатынастан тыйылу да айтады. Оразаны бастау үшін нәпсіні тежейтін мезгілді «имсақ» деп, сол уақытта ішілетін тағамды «сахарасы» деген сөзден шыққан «сәресі» және ауыз ашуды «ифтар» деп атайды.Рамазан айында есі дұрыс, балиғатқа толған, денсау-
лығы мығым ерлер мен етеккірден таза, нифастан айығып, қол аяғын бауырына алған әйелдерге, жолаушы емес мұсылмандарға ораза ұстау міндеттелген парыз. Есалаң ауруы асқынуынан қорыққандар немесе дауасыз дертке ұшырағандар мен етеккірі келіп жүрген, босанғаннан кейін қол-аяғын баурына алмаған әйелдерге ораза ұстау парыз емес. Бұл арада ескертетін бір жайт, жоғарыдағы ақыл-есі кемістер мен сәби балалар оразадан мүлде босатылады. Ауру адам науқасынан айыққасын, етеккірінен, босанғаннан кейін өзіне-өзі келіп саламаттанған әйелдер оразаның қазасын кейін тұтып орнын толтырулары ләзім.
«Қасиетті Құранда: Рамазан адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жолсапарда жүрсе, онда басқа күндері өтесін. Аллаһ сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді. (Ауыздарың ашық кездің қазасын өтеп) Ораза күнінің санын толтырыңдар. Сендерді тура жолға бастаған Аллаһты мадақтаңдар. Оған шүкіршілік етіңдер. (Бақара сүресі 185- аят).
Ораза тұтқан адам өзін-өзі тек ішіп жеуден, жыныстық қатынастан ғана шектеп қоймай, оразаның Аллаһ тарапынан елеулі бір әмір екенін ұғынып, сауабынан үміт ете отырып ораза ұстап, көңілін бекіту керек. Пайғамбарымыз: «Ораза тілектің қабыл болуына себепші болады. Ауызашардағы тілек кері қайтарылмайды. Ораза – тозақтан қорғайтын қалқан. Ораза ұстаушылар жәннәттқа «Роййан» атты арнаулы қақпадан кіреді, әр нәрсенің өзіне тән тазалығы бар, рухтың тазалалығы ораза. Ораза-сабырдың жартысы»,- деп ескерткен ғой. Денсаулық тұрғысынан да оразаның көп пайдасы бар. Ораза ұстаған кісіні Аллаһ тағала бірегей әмірін орындағандықтан Жаратушының ризашылығын тауып, мағынауи сыйлыққа ие болады. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Ораза тұтушының екі қуанышы болады: бірі – аузын ашқанда, екіншісі – Жаратушының алдына барғанда». Бірінші қуаныш - ақшам намазын хабарлап азан айтылғанда болады. Ораза тұтушы күні бойы өзіне тыйым салынған нәрселердің барлығына рұқсат есігінің ашылғанын ұғынады. Адам өзінің жаратылысында ішіп-жеуге, сынақ үшін берілген түрлі қызықтарға құмартуға бейім келеді. Сол себепті ораза ұстаушының қуанышында шек болмайды. Күні бойы ол нәпсісін тежеп, өзін-өзі Аллаһ ризашылығы үшін көп қызықтардан шектеді. Ораза тұтушы адам, бір Жаратушының әмірімен ғана ауыз бекітеді және Оның әмірімен ғана ауызын ашады. Екінші қуаныш – ол қандай қуаныш? Ол тілмен жеткізіп болмайтын, ақылмен сезініп білмейтін зор қуаныш! Ораза ұстаушының ол қуанышы қиямет махшар күнінде Аллаһ алдына барғанда, ол Жаратушы тарапынан өзін күткен ғажайып сыйлықты көреді.
Хадис шәрифте былай айтылған: « Аса құдіретті, ерекше ұлық Аллаһ айтты: Адам не істесе, соның барлығы - өзіне.Тек оразадан басқасы. Ораза – маған. Оған сыйлықты өзім беремін». Осылайша Аллаһ оразаның өзі мен пендесінің арасындағы құпия бір сыр екендігін мәлімдейді. Аллаһ тағала рақметі жауатын мүбәрәк айда, ораза тұтып, тарауих намазын оқып, хал-қадырымызша жоқ-жітіктерге қарасып, өзара көмек-жәрдемге көңіл бөлуіміз керек. Өйткені бұл ұлық айда істелген әртүрлі игіліктер мен құлшылықтардың сыйлығы басқа айлардағы жақсылықтардан он еседен жеті жүз есеге дейін артатын ерекшелігі бар. Сондай-ақ, ораза сауабының кемімеуі үшін ұрыс-жанжал, өсек-аяң, ғайбат, өтірік және төбелес-қақтығыстан мейлінше сақтанып, жағымсыз қылықтардан мүлдем аулақ болуымыз керек. Бұл орайда сіздерге: « Ораза ұстаған адамға біреу келіп жөнсіз киліксе, аузым ораза» деп жауап беруге тиіс», - деген хадисті ескерткім келеді. Бұдан аңғаратынымыз, ораза тек қана аш жүру емес, жақсы мінезді, көркем құлықты, тәрбиелі тақуа болуды да қамтиды.


Құнанбай қажы мешітінің бас имамы
Анзабеков Әміржан Әшімұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары