Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алла Тағаланың пәк құлдары кімдер?
13 сәуір, 2016 жыл 1224 Басып шығару нұсқасы
 

ZQ0E14vxkmg

«Өсек, өтірік, мақтаншақ,

еріншек, бекер мал шашпақ -

Бес дұшпаның, білсеңіз…», - деп, данышпан Абай атамыз айтқан бес дұшпанның бірі мақтаншақтық. Бұл қасиет адам бойына сынақ ретінде берілген. Кімде-кім оны басқара алса, яғни мақтаншақтықты бойынан асырмаса адамдық қасиетін жоғалтпаған болады. Бір күні Зуннун Мысри хазреттерінен:

– Адам Алла Тағаланың пәк құлдарының бірі екенін қашан және қалай біле алады? - деп сұралғанда:

– Адам бұл жағдайды мына төрт нәрсе арқылы біледі. Рахаттықты тәрк етсе, аз болса да барынан берсе, кедей болу жағымды келсе, жұрттардың оны мақтауы мен жамандауы да бірдей болса, - деп жауап береді.

Әбул Аббас Мурси хазреттері айтады:

«Бір түні түсімде хазреті Омарды көрдім. Одан:

– Ей мүминдердің әмірі! Дүниелікке деген махаббаттың белгісі қандай? - деп сұрадым.

– Жаман атты болудан қорқу және мақтағанды жақсы көру, - деп жауап берді.

Дүниені жақсы көрудің белгісі осылар болса, дүниені тәрк етудің белгісі – дұрыс жолда болып, жамандайды ау деп қорықпау және мақтағанды ұнатпау болып табылады». Келесі бір хадисте бір адам Расулуллаһ алейһиссаламның жанында бір кісіні мақтайды. Сонда Пайғамбарымыз оған «Оның мойнын үздің, естісе құтыла алмайды» деді. (Бұхари, Мүслим).  Біреуді мақтау оның тәкәппарлануына себеп болуы мүмкін. Ал тәкәппарлық пен ужб (өз амалдарын ұнату) адамды құртады. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Дін бауырынан бір қажеттілікті сұрайтын кезде сөзді оны мақтаумен бастамаңдар. Бұлай істеген адам оның белін сындырған болады.» (Ибн Лал)

Бізді мақтағандарға әсерлену де дұрыс емес. Адамдардың мақтауын да, жамандауын да бірдей қабылдайтындар – жақсы адамдар. Біреуді сын астына алған кезде ренжімесе, шындықтан таймаса, мақтаған кезде де қуанбаса, ол адам салих кісі деген сөз. Хазреті Омар оны мақтаған біреуге «Мені де, өзіңді де құртпақшысың ба?» деді. Бір ғалым да алдына келіп мақтай бастаған адамға: «Мені не себеппен мақтап жатырсың? Ашулы кезімде сынап көріп, менің басылғанымды көрдің бе? Менімен бірге сапар шегіп, жақсы адам екенімді түсіндің бе? Маған бір аманат беріп, мен қиянат етпей оны жақсы сақтағаныма куә болдың ба? Танымаған адамыңды қалай мақтайсың?» – деді.

Ал, қазір адамға ұнаудың алғашқы жолы оны мақтау болып барады. Имансыздықтың осылайша көрініс табуы адамды әлсіретері хақ. Игі істің нәтижелі болуы үшін көптеген кісілер ағайын, туысымен әкесінің дәрежесімен мақтанып, соны пайдаланып жатады. Әкесімен, аталарымен мақтану және тәкәппарлану – надандық және ақымақтық. Қабыл Адам алейһиссаламның баласы еді. Ал Йәм – Нұх алейһиссаламның баласы еді. Әкелерінің пайғамбар болуы оларды күпірден құтқармады. Адамның мақтанып жатқан аталары бір уыс топыраққа айналды. Олардың салих болуымен мақтанбау керек, олар сияқты салих болуға, олардың жолында болуға тырысу керек!

Бір күні екі кісі бір-біріне үстемдікке таласып «Мен пәленнің ұлы пәленмін. Ал сен кімсің?» деді. Мұны көрген пайғамбарымыз  (ﷺ) былай деді: «Хазреті Мұсаның жанында екі кісі бір-біріне мақтана бастады. Бірі ата-бабаларының тоғыз буынын атап берді. Алла Тағала хазреті Мұсаға "Оған айт, мақтанып атаған тоғыз адамының бәрі тозақта. Ал ол өзі оныншысы болды" деп уахи еткен.» (И.Ахмед)

Мұсылман жан әрбір істеген амалын тек сауап үшін жасайды. Алланың разылығын алып, рақымына бөленуді қалайды. Дегенмен, кей жағдайда жасалған амалдар өзгеге көрініп, мақтанып тұруды қалайтындай, адамдар амалдары арқылы өздерін көпшілікке көрсетуге тырысады. Берген садақасымен мақтанып, кемтарға көрсеткен қамқорлығымен дәрежесін арттырғысы келеді. Мешітке барғанын мақтан тұтып, жар салатындар да бар. Бір күні бір жас жігіт таңертең ерте жұмысына кетіп бара жатады. Кейбір сахабалар мұны жөн көрмейді. Сонда пайғамбарымыз: «Олай демеңдер! Егер ешкімге мұқтаж болмау үшін, ата-анасы мен бала-шағасын мұқтаж қылмау үшін жұмысына кетіп бара жатса, оның әрбір басқан қадамы ғибадат болып саналады. Егер тапқан табысымен мақтану, көңіл көтеру ниетінде болса, оның жолдасы шайтан болады.» деп бұйырады (Табарани).  Қайырымдылықты мақтан үшін жасайтындар жайлы хадис шәрифте былай делінген: «Жақсы амал істеген адамның амал дәптеріне жасырын істелген амал ретінде жазылады және сауабы 70 есе арттырылады. Ол адам бұл амалын жаятын болса, ашық істелген амал сауабы жазылады. Арттырылған сауаптар өшіріледі. Бұл амалын барлық адамға айтып, атының аталуын және мақтануды ұнатса, ашық істелген амал сауабы да өшіріледі, мақтаншақ, рия ретінде жазылады» (Бәйһақи).

 

Дариев Берік Әлсейітұлы


«Бала қажы «мешітінің наиб имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары