Үндемеу де – құлшылық. Қазіргі әйелдің ермен теңескен заманында көп бәлекеттің алдын алу үшін үндемеген дұрыс болатын кездер бар. Қазақтың «Үндемесең үйдей бәледен құтыласың» деуі бекер болмаса керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үнсіздігі – тәфәккур, қарағаны ғибрат болып, көп истиғфар айтқан адам құтылды», – дейді және «Тыңдаңдар, мен сендерге құлшылықтың ең қарапайым әрі жеңіл түрін айтамын – бұл үндемеу және көркем мінез-құлық», – деген. Демек, үндемеу де құлшылық болып табылады екен. Тағы бір хадисте «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман етсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари).
Отбасындағы кикілжіңнің бетін қайтарудың да тиімді жолы үндемеу. ОЛай мүмкін болмаса Айша анамыз (ра) секілді тиімді тәсіл қолдану. Айша анамыздың да Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ренжіген сәттері кездесетін. Мұндайда Пайғамбарымыз бірден байқап, мәселені жылы шешуге тырысатын. Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с) Айша анамызға: -Мен сенің маған риза не ашулы екеніңді бірден білемін, - дейді. Анамыз таңырқап «Қалай?» деп сұрайды. Сонда Расулалла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): - Маған риза кездеріңде «Мұхаммедтің Рабысына ант етемін» дейсің, ашулансаң, «Ибраһимның Раббысына ант етемін» дейсің! Анамыз мойындап: - Иә, оныңыз рас. Алайда, ашуланған кезде де жүрегімдесіз, тек тілімнен атыңызды ғана алыстатамын. Енді уәде беремін, бұдан былай сіздің атыңыздан басқаны аузыма алмаймын! – деп жауап береді.
Үйде тыныштық орнап, береке болсын десеңіз үндемей «құтылыңыз». Керек тұста үнсіз қалу – жәннаттың кілті. Өйткені 100 бәлекеттің 99-ы тілден болады. гер қандай бір жағдайға қатысты бір кісімен сөз таластыра қалсаңыз, үндемеңіз! Ол қиын әрине, бірақ, үндемеңіз! Себебі, Әбу Умама риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзінікі дұрыс бола тұра сөз таластырудан бас тартқан адамға жәннаттың шетінен үй уәде етемін...», - деген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көп сөйлейтін адам, көп қателеседі, көп қателескен адамның өтірігі көп болады. Өтірігі көп болған адам жаһаннамға лайықты болады». Осыдан үнсіз қалған жәннатқа жақындайтынына куә боламыз. Шайтанның ең жақсы көретін ісі – ерлі-зайыптылардың арасын суыту, адамдарды бір-бірімен шағыстыру. Сондықтан оның арбауына түсіп қалмайын десеңіз, үйден шығарда және үйге кірерде Алланың атын айтып, арнайы дұғасын оқи жүріңіз! Бұл ер адамға да, әйелге де, жалпы, сол үйде тұратын барлық адамдарға қатысты. Егер адам үйге кірерде және шығарда «Бисмилләһ» деп Алланың есімін атап, дұға оқып жүретін болса, шайтан ол адамнан алыстайды және оған ықпал ете алмайды.
Нуров Махмудқажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы
Пікірлер