Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Балаңа осыны үйретіп қойшы...
26 тамыз, 2022 жыл 179 Басып шығару нұсқасы

Алланың қалауымен аз күнде ілім іздеген бала жаңа өмірге қадам басады. Бүгінгі күн кешегіден бөлек десек, былтыр мектепке барған баланың биылғы оқу үрдісі өзгеше болары сөзсіз. Жасы өскен сайын алар білім мен талғамы да өсіп отыратын жасөспірімнің білімге деген көзқарасы дұрыс қалыптасуы шарт. Алла Тағала  «Өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұрап, үйренуге талпыныңдар!» («Нахыл» сүресі, 43-аят) деп ескертті. Сондықтан баласына мектепке әріп танып, ақша санау үшін ғана емес, өмірдің ғажайыптарын тану үшін ілім алуға барасың деп дұрыс бағыт берсе ғажап емес пе!?Ал студенттерге дүниенің құрбаны болып кетпес үшін нағыз маман иесі болып, болашағыңды жарқын етуге бағытталған соңғы қадамдардың бірі десе дұрысырақ болса керек. Өйткен, көбісі мамандық таңдауда қателесіп, нақты сала иесі атана алмағандықтан күнкөрістің қамы үшін уақытының бәрін ақша табумен кетіреді. Осының салдарына адам өзінің жанына қажетті құндылықтарды игеруді тіпті ұмытып кетеді. Тәнге қажеттінің бәрін (киім, тамақ) табады да, жанға керек – Алланы тану, құлшылық, ғибадат, руһани даму дегенді ұмытып не болмаса оған уақыт таппай жатады. Осы ретте Алланың мына сөздері ойға оралады: «(Уа, Мұхаммед!) Сен оларға айт: (Ақиқатты) білетіндер мен (Құдайы мен пайғамбарын танымайтын) білместер әсте тең бола ала ма?» «Зүмәр» сүресі, 9-аят.

Сондықтан білім алудың түбі тереңде жатыр. Тек оқып қана қоймай, оқығанды тоқу, өмірде пайдалану, ақыретіңе алып кету жағын да ойластыру қажет. Бұл дүниеде әр күнімізді өткізгенде «бүгін ақыретіме не қалдырдым?» деген сауалды өзімізге жиі қойып жүруіміз керек. Сонда тура білім алу,  сол білім жолында исламды танытуға немесе адамға пайдалы болу мақсатында адам алға жылжитын болады. Ғылымды меңгеріп, тіпті Алланың тылсым дүниесінің сырларын да ашуы ғажап емес. «Алла араларыңдағы иман келтіргендер мен ғылымда тереңдегендердің дәрежесін көтереді» «Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят деп Алла Өзі біздерге ескертті. Ендеше білім алуда иманды алға қоюымыз маңызды екен. Аллаға, пайғамбарларға, періштелерге, қиямет күніне иман келтіріп, сол жолда терең білім алып, оны өзгелерге үйретіп жүрсек қандай тамаша болар еді!?

Енді пайдалы білім алуы мен оны дұрыс жолға жұмысау үшін біз әрдайым Алладан көмек сұрауымыз керек. Ыбырай Алтынсарин өз өлең жолдарын «Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар оқылық» деп бастауының өзі бекер емес. Алладан дұрыс білімді сұрамай алған ілімде қайыр болмауы мүмкін. Сондықтан, қандай нәрсені үйренер алдында Алладан сол білімнің қайырлы болуын, санаға қонуын сұрауымыз керек екен. Оны қалай сұрауды Алла Тағала біздерге үйретіп те қойды: Сондай-ақ: «Уа, Раббым, менің (көкірек көзімді ашып) ғылым-білімімді артыра гөр!» деп дұға ет деді «Таһа» сүресі, 114-аятта. Арабшасының транскрипциясы «Рабби зидни ыйлман». Балаңызға осы дұғаны үйретіп қойсаңыз Алла тура білімді алуына жол ашып қояды, көкірегін ашып, ілімді қондырады.

Алла баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!

 

Нұров Махмуд қажы Нұрұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары