Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Біз неге қайғырамыз?
23 қаңтар, 2015 жыл 2781 Басып шығару нұсқасы

ваваИманды адамның өмірдегі басты мақсаты Аллаға құлшылық етіп, оның қалауына бойұсыну. Жаратушы Алла адамды әр түрлі сынаққа салады, ал сәтсіздіктер мен ауыртпалықтар біздің өміріміздің бөлінбес бөлшегі.


Сынақ пен ауыртпалық – Алла Тағаланың бізге жіберген, басқа салған ісі, біз оны қабыл алуымыз керек. (Оны қабыл алмайтын тіпті біз кімбіз? Алланың қалауы біздің қалауымыздан қашанда үстем және біз оны еріксіз қабылдаймыз. Алла Тағала құлына көтере алмайтын қиындық жібермейді). Оның астарында терең мән-мағына жатыр. Әр адам басына түскен сынақ пен қиындықтардан өтеді, соның арқасында иманы я күшейеді, я кемиді. Сынақтар шынайы имандыны Аллаға жақындата түседі. Сынақ мінезді шыңдайды, даналыққа жетелеп, біздің Аллаға мұқтаж, Аллаға тәуелді екенімізді еске салады.


Пайғамбарымыз: «Мұсылман басына не түссе де,  шаршау-шалдығу, дерт, қайғы, сәтсіздік, күйзеліс, немесе тіпті тікен кірсе де Алла Тағала бұл үшін оның бір күнәсін сөзсіз кешіреді»-деген. Демек біз сол қиындықтардан сабырмен өту арқылы күнәларымызға кешірім аламыз деген сөз. Адамның қиындық туралы ойы қандай болса да, сынақтар мен қиындықтардың да қайыры бар, жақсылық белгісі. Хадисте: «Алла өз құлына жақсылық тілегенде, оны бұл істе жазалайды. Егер Ол өз құлына жамандық тілесе жазаны Ғарасат күніне дейін шегереді»-делінеді.


Адам сынақтардан Аллаға деген сенімімен, иманымен өтеді, әрі құлшылығын көрсетеді. Бұл қандай қиындық болмасын, тек Аллаға сеніп, тек Оған тәуекел етуді, Алланың қалауына қарсылық білдірмеуді талап етеді. Құранда: «Өздерің үшін қайыры болар істі жақтырмауларың мүмкін. Өздерің үшін қайырсыз болар істі жақсы көрулерің мүмкін. Оны бір Алла біледі, ал сендер білмейсіңдер»-дейді.


Адам бұл өмірге қамсыз өмір сүру, қуаныш көру үшін ғана келмейді, оған қоса сыналу үшін келеді. Құлшылық пен иман адам өмірінің әр кезеңінде көрінеді, қиындықта да қаншалықты тақуа екеніміз білінбек. Және бұл арада әркім өз ісіне сай жаза не сауап алатын мәңгілік өмірді де ұмытпаған абзал.


Қиындықтың маңызды мақсаты болуы мүмкін – шынайы жолдан таю, шындыққа тура жүру, Аллаға қайту және мейіріміне бөлену. Сынақ, қайғы мен дерт – адамға тән ауыртпалық. Адам соны қалай қабылдап, одан қалай өтсе, ол адамның мәңгілік өмірдегі орыны соған байланысты болмақ.


Өмірдегі қиындықтар адамның шыдам-төзімін, Аллаға деген сенімі мен ризашылығын сынайды. Адам бойындағы құнды қасиет – сабырды қалыптастырады. Сабыр – Алланың адам еншісіне жібергендеріне риза болудың ең биік шыңы.  Құранда: «Шынында, сабырлыларға олардың сауабы толық беріледі» -десе, ал, хадисте: «Ешкімге сабырдан артық жақсылық берілмеген»-дейді. Егер адам сынақ пен қиындықтарды Алланың қалауы деп қабыл алып, оның кеңдігі мен кешіріміне сенсе, риза болса, оның сенімі артып, сабырлық табады, жаны тынышталады. Қиындықтар мен ауыртпалықтар әр түрлі болуы мүмкін. Бірақ ең жаманы адамның Аллаға деген сенімін жоғалтуы қалауына бойұсынбауы. Адам баласына бұдан асқан қайғы жоқ.


 Алла Тағала бәрімізге сынақтардан сабырмен өтуді нәсіп етсін!


Әмина Омарова


Қарағанды облыстық орталық мешіті


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары