Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қонақ пен рызық
06 қазан, 2014 жыл 241 Басып шығару нұсқасы

dastarkhanСахабалардың біреуі тым қонақжай болатын. Әйелі болса күйеуінің күнде қонақ ертіп келуін жақтырмайтын. Тіпті оңашада:


– Күн сайын бірнеше қонақты ертіп келуіңді қашан қоясың?! Бала-шағаның несібесінен соларға жырып бермесең қайтеді, – деп реніш білдіретін.


Күйеуі оған онша көп мән берместен қонақшыл әдетін тастамайды. Әйелі бір күні шыдай алмай үйдегі жағдайды айтып пайғамбарға шағымданды:


– Я, Расулаллаһ! Күйеуім күн сайын кеш болса болды үйге топырлатып қонақ ертіп келеді. Бар тапқанын солардың аузына жайып салады. Құдай бетін ары қылсын, бір күні өзі ауыра қалса, қалғанымыз аштан өлерміз деп қорқамын, – дейді.


Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлгі әйелдің күйеуін де шақыртты. Әлгі сахаба:


– Мен үйде қонақсыз отыра алмаймын. Дастарханымнан қонақтың дәм татқаны мен үшін үлкен қуаныш, – деп әйелінің дегеніне көнер болмады.


Пайғамбарымыз әйелге қарап бұдан кейінгі уақытта бір-ақ қонақтың келгеніне қалай қарайтындығын сұрады. Алайда әйел оған да разылық танытпады:


– Мен балаларымның несібесін кім-көрінгеннің бөле жеуіне қарсымын, – деп тұрып алды.


Ақыр соңында, күйеуі мен әйелі бір қонаққа келісіп, өзара ымыраласты.


Бірақ сол күні кешке күйеуінің үйге тағы да екі адамды ертіп келгенін көргенде әйелі тағы ашуға мінді. Тамақ әзірлеу үшін ас үйге кірді, іштен тынып жүріп үш адамдық тамақ әзірлеп күйеуіне берді. Аздан кейін қонақтардың біреуінің сытылып үйден шығып кеткені байқалды. Әзірленген тамақтың біреуі желінбей қалды.


Әйел күйеуінен:


– Қонақтың біреуі неліктен тамақ ішпестен шығып кетті? – деп сұрады. Алайда күйеуі екінші қонақтың келгенінен бейхабар болып шықты. Ол таңдана:


– Сен қай қонақты айтып тұрсың? Мен іште отырған бір-ақ қонақты ертіп келген жоқпын ба? – деді.


Бірақ әйелі анық көрді. Келген екі қонақтың біреуі тамақ ішпестен шығып кеткен еді. Әйелі мен күйеуі мәселенің төркінін пайғамбарымыздан ұқпақ болды.


Екеуін жақсылап тыңдаған пайғамбарымыз болған жайды оларға былай деп түсіндірді:


– Иә, негізі үйге екі кісі келді. Алайда бұлардың біреуі адам бейнесінде келген сол қонақтың рызығы болатын. Аллаһ тағала әйелге үйге келетін әрбір қонақтың өз рызығымен келетінін көрсету үшін жаңағы көріністі оған әдейі көрсеткен. Әйелің қонақтарға жеткілікті қылып тамақ әзірлегенімен ол рызық бәрібір ортаймаған болатын...


«Мына жайтты жақсы ұғыңдар, әр қонақ өз рызығын ала келеді. Ешкім де ешкімнің несібесіне ауыз салмайды. Үйге келген қонақ қайта сол үйдің рызық-несібесімен қоса берекетін де арттыра түседі» деді пайғамбарымыз.


Бұдан кейін әйел де өз қателігін түсініп, ниетін түзепті.


Дереккөзі: «Тағылым тамшылары»





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары