«Тірі адамның жүректен
аяулы жері бола ма?»
Абай
Кішіпейілділік, мейірімділік, адалдық пен сабырлылық сынды бар жақсы адами, көркем қасиеттер мен ішітарлық, арсыздық пен менмендікке ұқсаған жаман құлықтардың мекені – жүрек. Ұялу, жақсы көру, аялау, мүміннің бәрін дос тұту – жүректің ісі. Осы жүрек өзіндегі жаман құлықтарды ығыстыра қуып, тек жақсы қасиеттерге толыққанда ғана аяулы болмақ. Зұлымдық пен қатыгездік билеген жүректі аяулы деп айту ақылға симас. Ол үшін жүрекке не қажет? Иман қажет. Жүрек ілімсіздіктен, рухани кеселдіктен аман, имани қуатты, діндар болуы шарт. Адам баласы тән мен жаннан тұрса, тәніміз топырақтан жаратылғандықтан, оның бүкіл азығы, керегі мен қажеті жерден болады. Ал, жан адамға Аллаһ тарапынан берілгендіктен, оның қорегі рухани азық болмақ. Аллаһ тағала «Бақара» сүресінде: «Рухани азық жинаңдар, ол азықтың ең жақсысы – діндарлық»,– деген. Дін – адам жүрегіне мейірім-шапағат, махаббат пен рахмет нұрын құяды. Осы нұр жүрегімізге жігер беріп, иманымызды күшейтпек. Сонда ғана жүрегіміз бойдағы жағымсыз қылықтарды ығыстыра қуып, ізгі қасиеттермен толығады. Ақылдың дұрыс деп танығанын мақұлдап, оң қабақ танытпақ. Иман алып бәйтерек болса, адами көркем қасиеттер-cоның бір бұтағы. Ал, иманның тамыр жайып, нәр алатын мекені – жүрек. Оның таза, жұмсақ болуы иманның кемелденуі мен қуаттануының кепілі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар. Ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады, ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Шын мәнінде, ол – жүрек»,– деген. Тәніміз ішіп-жеу, киіну, ауырғанда емдетуге ұқсас күтімдерді талап етсе, жанымыз да рухани азыққа соншалық зәру. Адам ішкі дүниесін жан азығымен жаңғыртып отырмаса, ол адам жүрегінің қараюына әкеп соғады. Адамның жүрегі қарайса, иманы әлсірейді. Құнарсыз жерде өсімдік көктемегендей, қарайған жүректе иман атты бәйтеректің бой көтеріп, жайқалуы неғайбыл. Ақылы нәпсінің жетегінде кетеді. Адам бойын азғындық пен қатыгездік билеп, көркем құндылықтарынан айрылады. Шындықты – шын, жалғанды – жалған деп танудан қалады. Сопы Аллаяр бабамыз: «Өлген жүрек бір қара тас, қанша жаңбыр жауса да, шөп шықпайтын»,– деп иманы әлсіз қарайған жүректі тасқа теңейді. Адам баласы бұл күйден арылу үшін, дертті жүрекке дуалы ем қажет. Қандай ем дейсіз ғой? Рухани ем. Тән емес, жан ауруынан айықтыратын ем. Бұл ем жүрегімізге дін, насихат арқылы, Аллаһтың хикметімен берілмек. Аллаһ жаңбыр суымен жерге қалай жан бітірсе, қарайған жүректі өз хикмет нұры мен дін, насихат арқылы солай тірілтеді. Кім қаншалықты Аллаһ алдында өзінің әлсіздігін мойындап, әрбір істе Тәңірге тәуекел келтіріп, кішіпейілділік танытса, Аллаһ сол пендесінің дәрежесін көтереді. Бірде бір бәдәуи Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Аллаһ тағаланың пенделеріне берген ең жақсы нығметтерінің бірі қайсы?»– деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Көркем мінез және сіздердің араларыңыздағы мен көбірек жақсы көретін, қияметте мейлінше маған жақын болатын кісілер – көркем мінезділер»,–деді. Кішіпейілділік – тәкаппарлық пен қорлықтың арасындағы дәреже. Аллаһ тағала кешірмейтін күнәлардың бірі – тәкаппарлықты шөккен түйедей тізгіндеп, тырп еткізбей менменсіп тұрған нәпсі қалауын тежеп, өз дегеніне бағындыратын мейлінше сізді Аллаһтың рахметіне жетелейтін бірден-бір қасиет–кішіпейілділік. Ол тамырдан тәубе дәрісін жасаңыз.
Тәубе – пендесінің Тәңірі алдындағы біліп-білмей жасаған күнәларын мойындап, оларды өкінішпен еске алу. Аллаһтан кешірім сұрап, сол жасаған күнәларынан біржолата қол үзу.
Кісі оқыс жасаған күнәсін мойындап, сол үшін өкініш өртіне оранып, пұшайман жеуі, тәубенің басы болса керек. Өкініш оты жүректі қаншалықты өртесе, иман нұры соншалықты жүрекке өз шұғыласын төгері хақ. Жаратқанға жалбарынып, Тәңірге тәубе келтіріп, жасаған күнәлары үшін шын иманмен кешірім сұрап, қайта сондай істеріне оралмай, олардан біржолата қол үзуі, пенде тәубесінің нәтижесі болар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тәубе етуші кісі Аллаһтың сүйген пендесі. Кім жасаған күнәсі үшін Аллаһ алдында тәубеге келсе, ол күнәсіз кісі секілді болады»,– деді. Бұл тәубенің Тәңірі алдында да, пенде алдында да қадір-қасиеті биік болмақ. Тәубе – жіберген қателігіңді түзету, күнәларың үшін кешірім сұрау, келешекте сол күнәнің қайталанбасына Аллаһ алдында сөз беру. Өткеніңізге көз тастап, Құдайдың қаһарының астында бекершілікпен өткен және өтіп жатқан баға жетпес күндеріңізді ойлап, көзден өкініш жасын төгу. Егер ақылды кісі өз өмірінің қалған бөлігін емес, тағат-ғибадатсыз бос өткізген өмірі үшін өкініп, көзден жас төксе, бұл жас оның көзінен өмірінің аяғына дейін үзілмеген болар еді.
Бірде әлі күнәдан қол үзбеген пенде Аллаһтың тәубешіл тақуа пендесіне:
– Мен де саған ұқсаған Аллаһтың мүмін пендесімін,– деп қалды.
Оның бұл сөзі еріксіз асқабақтың мәуелі жеміс ағашына айтқанын еске түсіргендей.
– Мен де жеміс ағашымын, сен де жеміс ағашысың.
Сонда мәуелі жеміс ағашының берген жауабы мынандай болды:
– Тамырыңның саяздығынан хабарың жоқ. Күздің қара суығы келіп жетсін, әлі-ақ тамырларың жерден үзіліп, жапырақтарың төгіліп, өзіңді-өзің қаншалықты алдағаның белгілі болады.
– Аллаһ тағала қасиетті «Нұр» сүресінде: «Ей, мүминдер! Бақытқа жетем десеңдер, түп-түгел Аллаһқа тәубе етіңдер»,– деп пенделердің екі дүниеде бақытқа кенелуі тәубемен болатынын ескертеді.
Тағдырыңа разы бол.
Аллаһтың берген тағдырына ризалықпен қара. Тағдыр ісі – Тәңір ісі. Тағдырына ризалықпен бойұсыну – кісінің Тәңірі алдындағы пенделігін мойындап, өзінің әлсіздігін сезіну. Кісі Аллаһтың өлшеп берген тағдырына разы болуы тиіс. Тағдырына риза-шылықпен қарау – пайғамбарлар мен тақуалардың амалы. Кім Аллаһтың адалдан берген аз ғана ризығына риза болса, Аллаһ сол пендесінің аз ғана жасаған амалына разы болады. Жаратқанның, сен жаман көрген нәрсені саған тағдыр етіп бекітіп беруі, жақсы көріп жасаған амалыңнан артық тұрады. Өйткені, Аллаһ сүйген пендесін түрлі азаптармен қинайды. Егер сабырлылық танытса, басқалардан артық етеді. Разы болса, сол пендесінің дәрежесін көтереді.
Бірде әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір топ сахабалардан:
– Қалай таң аттырдыңыздар?– деп сұрады. Олар:
– Аллаһқа иман келтірген күйімізде таң атырдық,– деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Имандарыңыздың белгісі қай-сы?– деп сұрады. Олар:
– Бәлелерге сабыр сақтап, Аллаһтың бөліп бергеніне шүкіршілік етеміз. Басымызға не түспесін – Аллаһқа ризалық танытамыз,– деп жауап қайтарды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Сіздер, шын мәнінде, мүмінсіздер және Қағба иесісіздер,– деп қуантты.
Аллаһ тағала пендесінің үш түрлі амалына қаһарын төгеді:
1. Аллаһтың бұйырған әмірлерін кемшілікпен орындаса.
2. Тәңірінің бөліп берген ризығына разы болмаса.
3. Бір нәрсені сұрап, оған қол жеткізе алмай, Аллаһқа ашуланса.
Ақылды кісінің ең қуанатыны – өлместен бұрын жасаған көркем амалы.Аллаһтың үкіміне разы болған пенде өзегін өртеген өкініштен айығады.
Нәпсіні қанағат тасымен түйіңіз.
Тұла бойыңдағы тойымсыздық, ашкөзділікке ұқсаған жағымсыз қылықтарды қанағат тасымен талқандап, орнын Аллаһтың шарапатына жетелейтін шүкіршілікке ұқсас көркем амалдармен толықтыр. Қолда барға қанағат ет. Адамдар арасындағы ең бай, әрі шүкіршіл пенде сен боласың. Шын байлық дүниенің көптігімен емес, Аллаһтың бергеніне разы болып, қанағат еткен көңілдің тоқтығымен өлшенеді. Кісі қолындағы дүниеге ашкөзділік пен көрсеқызарлық жасап, олардан алуға үміт етпе. Адамдарға алақан жаю – абыройыңды түсіреді. Бойыңа адамның емес, Аллаһтың бергенін лайық деп біл. Жарылқаушың да, берушің де тек Аллаһ екенін естен бір сәт шығара көрме.
Бірде бір хикмет иесінен:
– Дүние, байлық дегеніміз не?– деп сұрағанда, ол:
– Сыртқа тоқ көрінгенмен, іштей аш болу. Кісінің дүние-байлығына ашкөзділікпен қарамау,– деп жауап берді.
Қанағаттай берекелі байлық жоқ. Ашкөзділік пен көрсеқызарлықтан артық қорлық жоқ.
Ризық-несібе сенен алыстаса, қуып әуреленбе. Қолда барға қанағат ет. Бәрібір Аллаһтың өлшеп бергенінен артық болмайды. Пенде дүниеден өз ризық-несібесін толық алмайынша, өмірден өтпейді. Кедейшіліктен үрейленіп қорықпа. Бұл қорқыныш сені үлкен күнәларға ұрындырады. Егер саған мал-мүлік, ризық-несібе келе қалса, шүкіршілік жасап, күтіп ал. Өзіңнің мұқтажыңа қажет мөлшерде ғана пайдалануға бейімдел. Онсыз да сен өмірден тек өзіңе тиесілі ғана нәрсені аласың. Өзгесі – артық. Өзің сүйген, қалаған нәрсені басқаға да лайық көр. Қанағатшыл мүмін боласың. Оны тақуа қазанына сал. Әрбір іс әрекетіңде, амалың мен қимылыңда, өзінің асқақ құдіретін мойындату арқылы шексіз мейірім рахметіне бөлейтін, Аллаһқа деген ынтық сезім мен шынайы ізеттіліктің, тұнған тақуалықтың нышаны байқалсын. Қалыптағы иман қуаты да, қорқыныш пен үміттің арасындағы дәрежемен өлшенбек. Қорқыныш Аллаһтың тыйған амалдарынан тыйылу арқылы Оның азабы мен қаһарына кіріптар болудан сақтану болса, үміт Тәңірге итағат етумен бұйырған амалдарын орындау арқылы қол жеткізетін, тек өзі қалаған пенделеріне ғана нәсіп ететін Аллаһтың шексіз мейірімі мен рахметіне сену.
Көңіл қапалығы тамақтан тыйса, Аллаһқа деген қорқынышыңыз күнәлардан тыяды. Үміт құлшылығыңызды кәміл етсе, өлімді көп еске алу, пайдасыз артық нәрселерден тоқтатады. Рухтың амандығы – күнәсіз болуда. Діннің амандығы – әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінездерін үйренуде. Бүкіл дене мүшелері мен жан дүниесі Аллаһ алдында күнә жасауға ұялып, Оның құдіреті мен азабынан қорыққан кісі – шын мүмін.
Аллаһ тағала қасиетті «Хашыр» сүресінде: «Ей, мүміндер, Аллаһтан қорқыңдар. Әркім ертеңі үшін өзіне не дайындалғанына көз жіберсін. Аллаһтан қорқыңдар, анығында, ол сендердің не істегендеріңді толық біледі»,– десе, «Назиғат» сүресінде: «Кім шектен шығып кетсе, пәни дүниені артық санаса, оның мекені сөзсіз тозақ болады»,– дейді.
«Ал, Тәңір алдында қорқатындарға, пәни дүниенің нәпсісіне еруден өзін тыя білгендерге келсек, олардың орны жәннат болатыны анық»,– деп Аллаһ Құранда шектен шығып, нәпсі қалауына ергендер мен дүниені таңдағандарға тамұқ азабы барын ескертсе, Аллаһтан қорқып, ертеңін ойлап, дүние нәпсісіне еруден өзін тыя білетіндерді жәннатпен сүйіншілейді.
Әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүміннің жүрегі Аллаһтан қорыққанынан қалтыраса, күнәлары ағаштың жапырағындай төгіледі деген. Әз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Ей, Аллаһтың Елшісі, Сіздің достарңыз кімдер?»– деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күніне дейін Аллаһқа тақуа болған әрбір мүмін менің досым. Және біліңіздер, менің достарым олар – тақуалар. Сіздердің бір-біріңізден артықшылықтарыңыз тақуалықтарыңызбен өлшенеді»,– деп жауап берді. Кісі өз нәпсісін ұдайы тергеуге алмайынша, тақуалықтың шыңына жете алмайды. Аллаһтан қорқу сіздің бойыңыздағы жеті түрлі қасиетпен өлшенбек. Тіліңізді өтірік, ғайбаттан, артық ауыз сөзден тыйып, Аллаһты зікір етіп, Құран оқуға, айналаңызға шуақ шашар үлгі-насихат сөз айтуға арнаңыз. Он бәле болса, соның тоғызы тілден екені әрдайым жадыңызда жүргей. Ішетін астың адал болуын қадағалап, арамынан сақтаныңыз. Егер кім арам аспен қоректенсе, ол асқазанда қашан қорытылғанша, жер-көктегі періштелер оған сонша уақыт лағнет айтатынын әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадистерінде баян еткен. Көзіңізді харам, ұятсыз да, жиіркенішті нәрселерден алып қашып, дүние мен айналаңызға ғибрат назармен қараңыз. Көз зинасынан сақтаныңыз. Кім көзін арам нәрселермен толтырса, Аллаһ қияметте оның көзін отпен толтырады. Бұл әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрәк аузынан шыққан сөз.
Қолыңызды Аллаһ тыйғаннан аулақ етіп, оның бұйырғандарына жұмсаңыз. Басқа мұсылмандар сіздің тіліңіз бен қолыңыздан аман болса, сонда ғана сіз шынайы мүмінсіз.
Аяғыңызды Аллаһ көрсеткен тура жолдан тайдырмаңыз. Сауап, итағат жолын таңдаңыз. Белшеңізден күнә батпағына батырар, қисық қадам басудан сақтаныңыз. Әрбір басылған оң қадамыңызға Аллаһ оннан жетпіске дейін сауап жазады.
Әр ісіңде Жаратқаннан шынайы қорқыңыз. Жүрегіңізді болмысыңызға шуақ шашып, амалыңызға көрік берер көркем де, ізгі қасиеттерге толтырып, тәкаппарлық, қатыгездік және көреалмаушылық секілді жағымсыз қасиеттерден тазартыңыз. Айналаңызға мейірімді болыңыз. Аллаһ сіздің адамдық асыл қасиеттеріңізді түр-түсіңізге емес, жүрегіңіз бен амалыңызға қарап бағалайтынын естен бір сәт шығармаңыз.
Ғибадатты тек Аллаһ үшін жасаңыз. Көз үшін, кісі көрсіннен аулақ болыңыз.
Осы жеті қасиеттің иесі бола алсаңыз, «Тәңір қолындағы соңғы игілік (жұмақ және оның игілігі) тақуаларға (діндарларға) бұйырмақ» («Зуһруф» сүресі, 35-аят),– деген аятқа лайық болғайсыз.
Оған ұят суын араластырыңыз.
Иман пендені Аллаһтың бұйырғандарын орындауға, тыйғандарынан тыйылуға итермелесе, ұят та иман секілді мүмін мен күнәнің арасын алыстатады. Өйткені, ұят – иманның бір бөлігі. Иманды биік бәйтерек десеңіз, ұят соның бір бұтағы. Ұят исламда көркем мінез-құлықтың асқар шыңы, әрі мұсылманның бойындағы ұлы сипаты болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Шын мәнінде, әрбір діннің өз мінез-құлқы болады. Ал, Исламның мінез-құлқы – ұят», «Ұят – жақсылықтың барлығы, ұят – жақсылықтан басқа ешнәрсе әкелмейді»,– деген.
Адам баласы күнә істеуге Аллаһтан ұялып, сол ұяты арқылы одан өзін тыйса, нағыз шынайы ұяттың үлгісі осы болмақ. Кісі бойында өз-өзінен ұялу сезімі пайда болса, ол ұят сезімінің кемелденуі. Міне, осы сезім сізді пәктік пен тазалыққа жетелемек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Егер адамдар сенің бойыңдағы бір істі көруін қаламасаң, онда ол істі жеке қалғанда да жасама»,– деп тек адамнан ғана емес, Аллаһтан да шынайы түрде ұялуға шақыратын және өзі де үлкен ұят иесі еді. Көп сөзді адамның бетіне айтуға ұялатын. Егер бір кісі ұрыс іс істемесе, оның өзіне тура айтуға ұялып, мейлінше жанамалап жеткізетін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір сахабаға: «Өзіңнің қауымыңдағы бір ізгі адамнан қалай ұялған болсаң, Аллаһтан да солай ұялуыңды өсиет етемін»,– деп адамдарға ұятты болуды насихат еткен.
Оны махабат отымен қыздырыңыз.
Махаббат – адам баласының жүрегін қаяусыз сезімге бөлеп, рухына қанат бітіретін, болмысын нұрлы қуанышқа бөлейтін, ең күшті, аса пәк, әрі мөлдір де, асқақ сүйіспеншілік сезім. Осы асқақ сезім сіздің бойыңызда Отанға, елге, ата-анаңыз бен бауырларыңызға тағы да басқаларына деген зор махаббатты тудырары хақ. Мұның аяғы ғашықтыққа ұласады. Ғашықтық – сүйіспеншілік сезімнің ең жоғарғы дәрежесі.
Шын ғашықтық асқан ерлікті, табанды тұрақтылықты, шыдамдылықты, адалдық пен пәктікті талап етеді. Қажеттілік туса, құрбандыққа да барады. Оның өзіне тән рахаты мен азабы да болмақ. Азабын шын жеңгенде ғана нағыз рахаты мен ләззатына бөленесіз. Осылардың ішіндегі ең қымбаты қайсы дейсіз ғой. Ол – пенденің Аллаһ пен Оның Елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббаты, ғашықтығы. Аллаһты үнемі ойыңызда ұстап, әмірін үстем санауыңыз, оған деген сүйіспеншілікті бәрінен де артық деп білуіңіз. Тек сол үшін жақсы көріп, оның разылығы үшін өмір сүруіңіз, сіздің жүрегіңізде Аллаһқа деген ғашықтық алауының маздауы. Аллаһ тағала бір сөзінде Мұсаға (ғ.с.): «Мен пендемнің жүрегіне қараймын. Егер одан ешқандай ғашықтық белгісін таппасам, оны өзіме деген махаббат сезіміне толтырамын. Өзгелерден қорғаштап, өзіме дос етіп аламын»,–деді. Бірде бір ғалымнан:
– Ғашық деп кімді айтамыз, оның халі қандай болмақ?– деп сұрағанда ол кісі былай деп жауап берді:
– Адамдармен аз қарым-қатынаста болады. Мейлінше Раббысымен жеке қалғанды ұнатады. Сырт көрінісі қарапайым болғанымен, ішкі дүниесі Аллаһқа деген тафаккүр шүкірде болады. Қараса, көрмейді. Шақырсаң, естімейді. Басына қиындық түссе, езілмейді. Егер аш қалса, оны аштығы қинамайды. Аллаһтан басқа ешнәрсе қызықтырмайды. Жаратқаннан басқа ешкімнен қорықпайды. Қажетін Аллаһтан ғана сұрайды. Дүние үшін біреумен таласып тұрмайды,– деді.
Ей, бұлбұл құс! Сенің таңсәрідегі сазды әуенің тыңдағанның тұла бойын балқытып, еріксіз өз құдіретіне тәнті етіп, жан біткеннің ішкі дүние сезімін көркем де, сиқырлы күйге бөлері хақ. Бойында қалшиған қара тасты ерітерлік қуаты мен көңіл пердесіне жол табар нәзіктігі бар, қайғы мен қуанышқа, шаттық пен мұңға, өкініш пен үмітке толы бұл әпсанаң жүрек төріңнен орын алған аяулы ғашығыңа арналған болар.
Бірақ, сен шын ғашық болудың рахаты мен азабын Пәруанадан үйренсең... Оның саған ұқсас жан тебірентерлік әні де, күйі де жоқ. Өйіткені, ол тілден қалған. Ғашығына деген сезімі тілінде емес, жүрегінде. Осы сезім оның жүрегіне нұрлы шуақ сыйлап, сол шуақ оның өң бойын махаббат ләззатына бөлемек. Шақырсаңыз, елемейді де, қарамайды. Себебі, оның жүрегінде бөтен іске орын жоқ. Қажеттілік туса, ғашығының жолында құрбан болуға даяр. Солай болды да. Жанып тұрған шамға өз-өзін соғып, өз жанын өзі пида етті.
Ол осы ерлігі үшін өзін бақытты санайды да. Өйткені, табандылық пен ерлік жоқ жерде, махаббат та тұрақсыз болмақ.
Оны шүкір өлшемімен өлше.
Бірінші болып жәннатқа кіретіндер қайғы мен қасіретте де, қуаныш пен шаттықта да Аллаһқа шүкір келтіргендер болмақ. Аллаһтың пендесіне бергені мол. Аллаһ тағала «Нахыл» сүресінде: «Егер Құдай берген игілікті есептесеңдер, оған сан жетпейді»,– деген. «Иман келтіргендер, ізгілік жасағандар Тәңірінің рұқсат етуімен төменде өзендер ағып жататын жәннатқа кіреді және онда мәңгі тұра береді» («Ибраһим» сүресінің 23-аят),– деп қасиетті Құранда шүкіршіл пенделеріне берерінің шексіз екендігін ескертеді.
Негізінде Аллаһтың әрбір нығметі үшін шүкір келтіру уәжіп болса, оның үдесінен шығу адам перзентінің қолынан келе ме екен?! Бір ғана сіздің тыныс жолыңыз арқылы ішке кірген дем өміріңізді бір сәтке ұзартса, сыртқа шығуымен тұла бойыңыз сергіп, жаныңыз рахатқа бөленеді. Бір деміңізде Аллаһтың екі нығметі бар. Әр нығметтің шүкірі – уәжіп. Аллаһтың одан басқа Ислам, иман, һидаят, денсаулық т.б. толып жатқан нығметтерін қайтпексіз? Сол себепті, пенде өз мүмкіндігінше Аллаһқа шүкір келтіруі міндет. Шүкір үшке бөлінеді.
1. Тілдің шүкірі. Аллаһқа тіліңізбен шүкір мен мадақ айтуыңыз.
2. Жүректің шүкірі. Айналаңыздағыларға жақсы пікір, көркем ниетте болуыңыз.
3. Дене мүшелеріңіздің шүкірі. Аллаһтың берген нығметтерін адал жолға жұмсап, арам істерден аулақ болуыңыз.
Шүкір – иманның жартысы.
Ол сенің Аллаһтың шексіз мейірімі мен көрсеткен рахымына, есепсіз берген игілігіне қайтарған аз-кем жауабың, айтқан алғысың болмақ. Аллаһқа шүкір деу, періштелер мен пайғамбарлардың, жәннат иелерінің ғибадаты. Адам (ғ.с.) пайғамбардың да ең бірінші кәлимасы Аллаһқа шүкір айтумен басталған. Аллаһқа пенделерінің ішіндегі ең жақсысы, жақсылық жасаса, қуанатындар, күнә істесе өкініп, истиғфар айтатындар, нығметке бөленсе, шүкір келтіретіндер, қиындыққа тап болса, сабырлылық танытатындар. Әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) төрт нәрсе кімге берілген болса, дүние, ақірет жақсылығы беріліпті деді. Зікір етуші тіл, шүкір етуші жүрек, сабырлы дене, көркем мінезді жар.
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір кісіден:
– Түнді қалай өткіздіңіз?– деп сұрады. Ол кісі:
– Жақсы,– деп жауап қайтарды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алған жауабына қанағаттанбастан, сұрағын және қайталап қойды. Сұрақ үшінші мәрте қойылғанда әлгі кісі:
– Аллаһқа сансыз шүкірлер болсын, жақсы өткіздім,– деді.
Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Міне, сенен күткен жауабым осы болатын,– деді.
– Аллаһ тағала «Нахыл» сүресінде: «Егер Аллаһқа ғибадат етуші болсаңыздар, Оның берген ризық-несібелеріне шүкір етіңдер»,– деп шүкір келтірудің ұлы ғибадат екендігін баян етеді.
Оны үміт желпігішімен желпі.
Кісі бойында үміт болғанда ғана болашаққа батыл қадам жасай алады. Осы ізгі істерге бағытталған батыл қадам сізді Аллаһтың мейірімі мен рахметіне жеткізбек. Тарыққанда жабырқау көңіліңізге дем берер, ол үміт оты. Осы үміт отын өшіріп алудан сақтаныңыз. Үміт оты сөнгендердің келешегі – күмәнді, болашағы – бұлыңғыр. Жүректегі иман да үміт пен қорқыныштың арасындағы дәрежемен өлшенбек. Ол нендей үміт, қандай қорқыныш? Аллаһтың мейіріміне, рахметіне деген үміт. Аллаһтың мейірімі шексіз, рахметі кең. Аллаһ тағала: «Ей, адам перзенті, рахметімнен үміт етеді екенсің, сенен болған күнәларды кешіремін»,– деген пенделеріне.
Хақ тағала Рахметін жүз бөлікке бөліп, оның 99 бөлігін өзіне алып бір ғана бөлігін жер бетіне түсірді. Міне, осы бір ғана бөлігімен жер бетіндегі тіршілік иелері бір-біріне мейірім шуағын төгіп, рахымды болмақ. Ал, қалған 99 бөлігімен қияметте Аллаһ тағала пенделеріне рахым етпек.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде ажал төсегінде жатқан бір жас жігітке келіп:
– Өзіңді қандай күйде сезінесің?– деді Әлгі жігіт:
– Иә, Расулаллаһ, Аллаһтың рахметінен үміттімін, күнәларым үшін қорқыныштамын,– деді. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.):
– Міне, осындай күйде пенденің жүрегінен осы екі нәрсе табылса, Аллаһ оның үміт еткенін береді, қорыққан нәрсесінен аман сақтайды,– деді.
Бірде жастығын ойын-күлкімен өткізіп, ата сақалы аузына түскен қария өткен күнәларын еске алып, кешірім сұрап, Жаратқанға жалбарынып, үміт қолын көкке көтере дұға жасады.
Бірақ, Аллаһ оның дұғасын қабыл етпеді.
Қарияның тұла бойын қорқыныш билеп, екінші рет дұға жасады.
Аллаһ оны да қабыл етпеді.
Қария үшінші рет бар ынта-ықласы ниетімен Аллаһтың қаһарынан қорқып, мейірім рахметінен үміт етіп, күнәларының кешірілуін Аллаһтан сұрап, тағы да дұға жасады.
Сонда, Аллаһ тағала періштелеріне қарап: «Ей, менің періштелерім! Мен анау пендемнің күнәларын кешірмеуге ұялып тұрмын. Ол пендеме менен басқа ешкім керек емес екен. Оның күнәларын толық кешірдім, дұғасын қабыл еттім, өз мейірім, рахметіме алдым»,– деді.
Бүкіл әлемнің Жаратушысы, аспан мен жердің, ондағы мекендеген сан мыңдаған тіршілік иесінің ризық-несібесін беруші, қиямет күнінің қожасы – Аллаһқа мақтаулар болсын.
Адамзатты басқа жаратылыс иелерінен ақыл, білім арқылы шарапатты етіп, сол адамзат ішінде өзін ақылмен танып, жүрекпен сезініп, құдіретіне бас иіп, өзіне иман келтірген пенделерінен етіп жаратқандығы үшін Аллаһқа мақтаулар мен шүкірлер болсын.
Өткінші өмірде пенделерінің тура жолды таңдап, өз рахметіне қол жеткізулері үшін Ислам дінін түсіріп, адамзаттың асылы Мұхаммедті (с.ғ.с.) сол дінді таратушы пайғамбар етіп, мұндай Пайғамбарға (с.ғ.с.) үммет болу бақытын нәсіп еткендігіне Аллаһқа сансыз мақтаулар болсын.
Аллаһ – ұлы. Аллаһ – жалғыз. Аллаһ – мәңгі. Оның басталуының басы да соңы да жоқ. Бүкіл әлемдегі мақтаулар мен мадақтар тек – Аллаһқа тән.
Аллаһ баршамызды рухани кеселдіктен сақтап, жүрегімізді иман нұрымен нұрландырсын, ағайын!
Нұра ауданының бас имамы Құмар Коныскерей
Пікірлер