Ұлы Жаратушы әр замандарда адамдар арасына өз елшілерін жіберіп отырған. Олардың міндеті - адам баласы азғырушы Ібіліске еріп, тура жолдан адасып кетпеуі үшін, елге үгіт-насихат айту болды. Бұрыс істен тыйып, жәннатқа лайық жақсы амалдарға шақырды. Пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммедке (с.ғ.с.) Һира үңгірінде Жебірейіл періште арқылы онын пайғамбар болғаны және атқаруы тиіс міндеті алғаш ескертілгенде ол Сафа тауына шығып, қауіп төнгендегі берілетін белгіні береді.
Меккеліктер өте маңызды бір оқиғаның болғанын түсініп, бәрі бір-ақ сәтте Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айналасына үйіріліп: ”Не болды?” - деп сұраса бастайды.
- Мен айтарымды айтпас бұрын, сіздердің мен туралы пікірлеріңізді білгім келеді, - дейді ол.
- Сен ас-Садық — шыншылсың және әл-Әмин — Сенімдісің, - десті жиналғандар.
- Демек, сіздер менің сөзіме сенесіздер ғой?
- Әрине, сенеміз. Біз сені бала кезіңнен білеміз. Ешбір теріс қылығыңды байқаған емеспіз.
Сонда Мұхаммед (с.ғ.с.):
Егер мен осы таудың етегіне жау әскері жиналып, Меккеге шабуыл жасағалы тұр десем, сенер ме едіңіздер? - деп сұрады.
- Әрине, сенер едік!
- О, көпшілік қауым, мен сіздерді жау әскерінің шабуылынан әлдеқайда қатерлірек қауіптен сақтандырғым келеді. Бұл қауіп әрбіріңізге төніп тұр! — деп сонда Пайғамбар (с.ғ.с.).
- Бұл өмірден кейін басталады. Қиямет күні бәріміз Жаратушының алдына жиналып, жауапқа тартыламыз. Ол жақсылық жасаған адамдарды жарылқайды, жамандық жасағандарды жазалайды.
Жиналғандардың арасында құрайыш тайпасының билеушілері де бар еді, олар өз дәрежелерін мақтан тұтатын. Олар өздерін ешкім де жауапқа тарта алмайтынына сенімді еді, керсінше өздері айналадағы жұртты билеп-төстеп, соттап отыратын. Мына сөздер олардың шамына тиіп, ызасын туғызады, олардан да биік, Құдіретті, Жаратушы Жалғыз Аллаһтың бар екенін мойындау бұларға ауыр еді.
Кейіннен олар Исламның жауларына айналды да, тәкаппарлықтары, Аллаһқа бас игісі келмеулері себепті көбісі кәпір күйлерінде қалып қойды.
Пікірлер