Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бақыттың кілті - Исламда
26 наурыз, 2019 жыл 884 Басып шығару нұсқасы

Қазіргі қоғамда орын алып тұрған келеңсіз қылықтың бірі- адамның өз жанына қиянат жасап, өз-өзіне қол салуы оқиғасы жиілеп тұр. Бұндай жаратылысымызға жат әдеттерден арылудың жолы рухани кеселден өзімізді қорғау арқылы болмақ. Жалпы, «Суицид» латын тілінен алынған «қасақана өзін-өзі өлтіру» деген мағынаны білдіретін сөз. Өкінішке орай, бұл термин қазіргі уақытта көп қолданатын сөзімізге айналып бара жатқандай. Әсіресе жақында телеарналарда берілген оқыс оқиға жайында Қарағанды өңіріндегі жайттар мысал бола алады. Көпқабатты үйлерден қол ұстасып секіріп, ажал құшқан ерлі-зайыптылар жайында дүйім жұрт құлағдар болды. Ол аздай, соңғы жылдары «Жасөспірімдер суициді» деген ұғым өз алдына айтыла бастады. Бұл дерт өмірдің болашағын енді болжап келе жатқан жеткіншектер арасында етек алғаны өте өкінішті. Таяуда шведтердің «өзін-өзі өлтіру ісін» зерттеу орталығы 15 пен 19 жас аралығындағы жастардың өзіне қол жұмсауы жағынан Ресей дүниежүзі бойынша бірінші орынға шықты деп хабарлады. Ресейде жыл сайын шамамен 2500 кәмелетке толмаған бала өзіне қол жұмсайды. Екінші орынды АҚШ (1800 бала) тұр. Ал, жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша бірінші орында Шри-Ланка (46,55), екінші орынды Қазақстан иеленген (24,02).

 

Мамандаржасөспірімдер арасында суицид оқиғаларының жиiлеуiне көбінесе, отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, әртүрлі компьютерлік ойындар, атыс-шабыс, қантөгіске толы фильмдердің тікелей әсері бар дейді. Ғалымдар бұл абыройсыз өлім көбінесе өмірдегі таршылық, материалдық тапшылықтан, одан қалса ақыл-есі кемдіктен болады деген болжам айтып келеді. Не болса да өзін-өзі өлтіру аса ауыр күнәнің бірі. Ертеде осындай жайтпен қаза болған кісінің жаназасын оқымай, көпшілік қойылатын мазардан алыс етіп бөлек жерлейтін деседі. Сонымен екі дүниеде зардабы бар аталмыш жайт неден туындайды? Ол ғылым тілімен айтқанда депрессия. Депрессия дегеніміз бір сөзбен айтқанда торығу деген ұғымды білдіреді. Сонда суицид жағдайында жан үзетіндердің көбі торығудың торынан құтылудың жолы – өлім деп біліп, солай шешім қабылдайды деген сөз. Ал, жоғарыда біз мысал еткен елдерден бөлек бұл қасірет мұсылман елдерін неге айналып өтеді? Өйткені, олар жан – Алланың адам баласына берген аманаты екенін, өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат екенін біледі. Сонымен қатар өзін-өзі өлтіру ауыр күнә екенін, ауыр күнә жасағандығы үшін тозақта азапқа тартылатынын да жақсы біледі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «өз өздеріңді өлтірмеңдер (және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар). Расында (сендерді бұдан тыйған) Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят) дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әл-Бұхариден жеткен хадисінде: «Кімде-кім өзін темір қарумен өлтірген болса, ол тозақта әрқашан сол темірді көтеріп жүреді. Ал кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол адам тозақта мәңгі у ішіп жүретін болады. Егер біреу өзін өлтірмек болып таудан құласа, ондай адам тозақта мәңгі құздан құлап бара жатады» дейді.

Ендеше, бұл қасіреттен құтылудың жолы – балаларымызға ерте бастан ислам тәрбиесін үйретіп, жүректерін тыныштандырғанымыз абзал. Алланы еске алмайтын жүрек тыныш таппайды. Ақиқатқа жүгінер болсақ Құранда: «Сондай иман келтіргендер; Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын; Алланы еске алумен жүректер орнығады»(«Рағыд» сүресі, 28 аят) дейтін аят бар. Сонымен қатар, бүгінгі көзі қарақты мұсылман жұртшылығы екі дүние бақытына қол жеткізетін Құраннан тәлім алуы тиіс. Қасиетті Құран Кәрімнің адам баласы үшін таусылмас қазына, сарқылмас бақыт, теңдессіз насихат, түбі жоқ терең ілім қайнары екендігі даусыз. Ондағы әрбір сүре, әрбір аят, тіпті әрбір әріп қасиетті. Қасиетті кітабымыз сан ғасырдан бері үздіксіз зерттеліп-зерделеніп, ол жайлы миллиондаған том еңбек жазылып келе жатса да, оның сырлары толық ашылмаған. Қиямет күніне дейін ашылып бітпек емес. Біз тақырып етіп отырған жайтқа қатысты Құранның «Асыр» сүресі толықтай жауап береді. «Асыр» – Құранның ең қысқа сүрелерінің бірі. Небәрі үш-ақ аяттан тұрады. Алайда, қысқа болса да, бүкіл Құран насихаттарының мазмұнын қамтыған. Имам Шафиғи бұл сүре жайлы: «Құрандағы басқа сүрелер түспегенде, осы сүренің өзі адамдардың дүние мен ақырет бақыты үшін жетіп артылар еді» деп тұжырым жасаған. Сүреде бүкіл адам баласы теп-тегіс зиянда екендігі, ал одан тек қана иман келтіріп, ізгі істер жасап, ақиқат пен сабырды насихаттайтындар құтылатыны айтылған.

Бисмилләһир-рахманир-рахиим.

 


  1.  

    «Уақытқа серт!:


  2.  

    Шындығында адам баласы зиянда.


  3.  

    Бірақ иман келтіріп ізгіліктерді жасағандар, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды насихаттағандар бұдан тыс болмақ».




  4.  
  5. Алла Тағала осынау заман атаулыға ант етіп, содан соң: «Шындығында, адам баласы зиянда» деп ескерту жасайды. Демек қай дәуірде болмасын көпшілік адамдардың ақиқаттан мақұрым қалып зиян шегіп жатқаны, ұтылып жатқаны, өмірлері ақиқаттан ада күйде, күнә мен жаманшылықтың құрсауында ғапылдықпен өтіп жатқандығы бұл сүреде анық білдірілген.

Адамдардың ең үлкен қазынасы – өмірі десек, сол өмірді олар зая өткізіп жатыр деген мән де бар. Міне, қарап отырсақ, замана ағымындағы адам баласының шын бейнесі осындай өкінішті кейіпте. Ал өзінің сондай өкінішті күйде екенін білмеу, парқына бармау, тіпті, өкінішті. Ал енді осындай күйден аман қалатын пенделер жоқ па? Шындығында, теп-тегіс жұрттың бәрі құрдымға батқаны ма деген сұраққа Алла Тағала келесі аятында жауап береді. Онда былай делінген: «Бірақ иман келтіріп ізгіліктерді жасағандар, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды насихаттағандар бұдан тыс болмақ». Осы аяттың астарына үңілсек, әлгінде айтылғандай зияндық пен ғапылдықтың, адасудың, өкініштің құрсауынан төрт артықшылығы бар адамдар ғана құтылып шыға алатынын байқаймыз.

Сүренің соңында «Сабырды насихаттағандар» деп келуі ақиқатты насихаттау оңай шаруа емес екендігін білдіреді. Ақыл айтқан адамды жұрттың бәрі жылы қабылдап, насихатына құлақ аса бермеуі мүмкін. Құлақ асу былай тұрсын, ақиқатты айтқан адамның өзіне ұрсып дүрсе қоя беретіндер аз емес. Одан бөлек, бүкіл өмірдің өзі сан алуан ауыртпашылықтарға толы.

Біреудің денсаулығы нашар, біреудің перзенті жоқ, біреудің бала-шағасы тастап кеткен, біреу ата-анасынан айырылған, біреу жұмысынан айырылған, біреудің ішер асы мен киер киімі жоқ деген секілді өмірлік қиындықтар аз емес. Мұсылман адамдар осындай жағдайларда бір-бірін сабырға шақырып жүреді. Сондықтан, өзара сабырға шақыру ұтылыстағы өмірден құтылудың негізгі төрт тірегінің бірі. Адам баласы екі дүниеде қайғы-мұңға батыратын өкініші мол өмірден иман келтіріп, ізгі амалдар жасап, өзара ақиқатқа және сабырға шақырғандар ғана құтылады. Сондықтан болар, біздің ата-бабаларымыз «Төртеуің түгел болса төбедегі келеді» деп осы төрт ақиқатты меңзеген. Қорыта айтқанда, екі дүниеде бақытты болуды қалаған жандар осы сүренің мән-мазмұнына терең үңіліп, оны өмірде іске асыруға тырысқандары жөн.

 

ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі

бойынша өкіл имамы: Бекқожа Өмірзақ

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары